2022 жылы желтоқсан айында студенттердің діни көзқарастарын зерделеу бойынша жүргізілген сауалнаманың ҚОРЫТЫНДЫЛАРЫ ЖӘНЕ ҰСЫНЫСТАР

Қазіргі таңда жастар арасында діни экстремизм мен терроризм көріністерін алдын-алу мақсатында жүйелі түрде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет. Өйткені, жастардың бойында деструктивті діни ағымдардың идеологиясына қарсы рухани иммунитет және діни сауаттылықты қалыптастыру өзекті мәселенің бірі. Осыған орай, Дулати университетінде Дінтану орталығы 2013 жылдан бастап жүйелі түрде жұмыс жасауда. Дінтану оратылығының бас маманы ретінде дінтанушы-магистр Б.Қ.Алпысбаев қызмет жасайды. Дінтану орталығы тарапынан жыл сайын барлық институт және факультет студенттеріне дін саласындағы профилактикалық жұмыстарын және сауалнамалық зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеді.

Осыған орай, 2022 жылдың 12-14 желтоқсан күндер аралығында университеттің барлық институт және факультет студенттері арасында дін саласына байланысты сауалнама алынды. Сауалнама «google.forms» бағдарлама арқылы онлайн түрде жүргізілді. Сауалнаманың мақсаты – студенттердің діни құндылықтарға деген көзқарасын зерттеу болып табылады. Университетте бакалавр күндізгі бөлімде оқитын жалпы студенттер саны 11911. Ал сауалнамаға институт және факультет бойынша жалпы қатысқан – 3128 студент. Демек, университет бойынша қатысқан студенттердің  жалпы көрсеткіші 26,2% пайызын құрайды.

  1. «Технологиялық» факультетінде жалпы 835 студент білім алса, оның ішінде сауалнамаға қатысқандар – 324 (38,8,%).
  2. «Ақпараттық технологиялар» факультетінде жалпы 958 студент білім алса, оның ішінде сауалнамаға қатысқандар – 361 (37,6%).
  3. «Гуманитарлық-әлеуметтік ғылымдар» факультетінде жалпы 1736 студент білім алса, оның ішінде сауалнамаға қатысқандар 625 (36%).
  4. «Су шаруашылығы және табиғатқа үйлестіру» институтында жалпы студент саны – 1761 болса, оның ішінде сауалнамаға белсене қатысқан – 611 (34,6%).
  5. «Экономика және құқық» факультетінде жалпы 1083 студент білім алса, оның ішінде сауалнамаға қатысқандар – 367 (33,8%).
  6. «Ұстаз» институында жалпы студенттер саны 2839 болса, оның ішінде сауалнамаға қатысқандар – 444 (15,6%).
  7. «Спорт және өнер» факультетінде жалпы 2699 студент білім алса, оның ішінде сауалнамаға қатысқандар – 396 (14,6%) студент.

Сонымен қатар, курс бойынша ең белсене қатысқан студенттер саны 1-курс –1663 (53,2%). (2-курс -645, 3-курс – 325 және 4-курс – 495.) Сауалнамаға 1-курс студенттері белсене қатысып, өз пікірін білдіргендігі анықталды. Студенттер арасынан 1835 (58,7%) қыз және 1293 (41,3%) ер бала қатысты.

Сауалнаманың ең бірінші «Сіз қалай ойлайсыз, адамдарға Құдайға деген сенім қажет пе?» деген сұраққа байланысты «ия» деп – 2866 (91,6%) жауап берсе, «жауап беруге қиналамын» - 128 (4,1%) және «жоқ» деп – 73 2,3%) студент жауап берген. Демек, студент жастардың көпшілігі адамдардың Құдайға деген сенімі жоғары болу қажет екендігін бағалап отыр.

«Құдайға деген сенім адамдарға не береді деп ойласыз?» деген сұраққа басым көпшілігі «Құдайға деген сенім әрбір адамның жүрегінде болу қажет» – 1504 (48,1%) студент жауап берген. Қазіргі таңда жастардың арасында қоғамда өз орнын таппай   жұмыссыздық, әлеуметтік жағдайдың төмендігі, есірткіге әуестігі, ішімдік және т.б. жаман қасиеттерден арылу үшін діндарлыққа бет бұруда. Әрине, кез-келген адам Құдайдан үміт шуағын күтеді, жәрдем сұрайды және дәстүрлі түрде діни құлшылығын жасайды. 804 (25,7%) студент «жаман іс-әрекеттерден сақтайды және адамгершілгі мол тұлға болуға мүмкіндік береді», 523 (16,7%) студент «қиналған адамды жұбатады және көмектеседі», 171 (5,5%) студент «күрделі дүниетанымдық көзқарастарға жауап беріп өмірге мән береді» деп белгілеген. Сонымен қатар, Құдайға сенбейтіндер – 23, маған бәрібір – 76, маңызды ештене жоқ – 15 студент жауап берген.

«Сіз өзіңізді Құдайға сенуші адам ретінде санайсыз ба?» деген сұраққа байланысты «ия»  - 2893 (92,5%), «жоқ» - 91(2,9%) және «жауап беруге қиналамын»  - 118 (3,8%) студент жауап берген. Жастардың рухани дүниетанымдық көзқарасында құдайсыздық емес, керісінше руханиятқа жақындығы және Құдайға сенуші адам ретінде көрсетіп отыр. Рухани дүниетанымды қалыптастыру арқылы жастардың тәрбиесі дұрыс бағытта қалыптасады.

Университетте әртүрлі ұлт және конфессия өкілдері білім алады. Мәселен, «Сіз қай конфессияны ұстанасыз?» деген сұрақтың жауабында 2962 (94,7%) студент «мұсылмандықты» ұстанатынын белгілеген. Мұсылмандықты ұстанатын адам ислам дінінің дәстүрлі сүнниттік бағыты ретінде айтылады. «Ешқандай конфессияны ұстанбаймын» деген жауапты – 128 (4,1%) студент белгілеген. Зайырлы мемлекетте  әр адамның кез келген дінді ұстану немесе ұстанбау өз еркінде болып табылады. Христиан дінінің дәстүрлі бағыты болып саналатын «православтық» бағытын – 25 (0,8%) белгілесе, «протестандық» - 6, «католиктік» – 3 студент жауап берген. «Иегова куәгерлері» деп - 4 студент белгілеген. Біздің елімізде «Иегова куәгерлері» деген діни ұйым христиан бағыты бойынша діни бірлестік ретінде заңды түрде тіркелінген. Алайда, аталған діни ұйымның өзіне тән ұстанатын діни көзқарастары мен діни ұстанымдары дәстүрлі діни бағыттан өзгеше болып табылады. Жамбыл облыстық әкімдігі дін істер басқармасы тарапынан олардың діни қызметтеріне және үгіт-насихат жұмыстарына ҚР «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңға сәйкес зерделеп отырады.

«Ғибадат үйлеріне (мешіт, шіркеу, синагога) жиі барасыз ба?» деген сұрақ бойынша «жиі барамын» - 611 (19,5%), «жылына бір рет барамын» - 265 (8,5%), «мүлдем бармаймын» - 903 (20,9%) және «өте сирек» - 1259 (40,2%) деп жауаптарын белгілеген. Берілген жауаптарға назар аударсақ, жастардың көпшілігі мешіттерге, шіркеулерге өте сирек баратындығы анықталды.

«Діни әдебиеттерді үнемі оқисыз ба?»  деген сұрақ бойынша «жиі оқимын» - 506 (16,2%), «өте сирек»  - 1360 (43,5%), «бұрында оқығанмын» - 306 (9,8%), «мүлдем оқымаймын» - 581 (18,6%), «муфтият тарапынан шыққан діни кітаптарды оқимын» - 132 (4,2%), «діни әдебиетке қызықпаймын» - 198 (6,3%) және «шетелдік діни уағызшылардың кітаптарын оқимын» - 8 (4,2%) студент жауаптарын белгілеген. Бұл сұрақтың қойылудың маңыздылығы өте жоғары. Өйткені, қоғамдағы кейбір жастардың күмәнді діни әдебиеттерді оқу және теріс діни уағыздарды тыңдау арқылы саналары уланып, дәстүрлі емес діни ағымдардың идеологиясына ұшырап жатқан факторлар бар.  Бұл жастар үшін өте қауіпті құбылыс. Сауалнамада көрсетілгендей біздің студенттердің көпшілігі діни әдебиетті көп оқымайтындығын көрсетті.

«Зайырлы мемлекет деген ұғымды қалай түсінесіз?» деген сұраққа байланысты «шариғи үкімдермен басқарылады» - 331 (10,6%), «теократиялық басқару жүйесіне негізделеді» - 43 (18,6%), «дінге тыйым салынған мемлекет» - 69 (2,2%), «атеистік тұрғыда басқарылады» - 14 (0,4%), «мемлекет дінге араласпайды, дін мемлекет ісіне араласпайды» - 1181 (37,8%) және «әрбір азамат дінді өзі таңдайды» - 1390 (44,4%) деп жауап берген. Студенттердің көпшілігі бұл сұрақты дұрыс жауап беріп отыр. Ата заңының 1-бабына сәйкес Қазақстан мемлекеті демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы - адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары. Зайырлы деген ұғым - азаматтардың дін ұстану еркіндігі мен діни мекемелердің мемлекеттен бөлінуін білдіреді.

Сонымен қатар, «діни ақпараттарды қайдан аласыз?» деген сұрақ қойылды. Бұл сұраққа байланысты студенттердің көпшілігі «әлеуметтік желілердегі діни парақшалардан» – 1039 (33,2%) деп белгілеген. Бұл белгіленген жауаптарға назар аударсақ, интернет желісінде дәстүрлі емес діни ағымдардың идеологиясын насихаттайтын көптеген күмәнді діни парақшалар бар екені жасырын емес, діни сауаты төмен жастар осы діни парақшаға тіркеліп, көптеген діни ақпараттарды ішкі сүзгіден өткізбей діни ағымдардың ықпалына ұшырауы мүмкін. Жастардың көпшілгі әлеуметтік желіден кез келген діни ақпараттарды алуға тырысады, бұл құбылыс жастар үшін өте қауіпті болып табылады. «Мешіт имамынан» – 1228 (39,3%) деп белгілеген. Қоғамдағы жастардың діни ағымдардың ықпалынан сақтау үшін, олардың дін туралы ақпараттарды тек мешіт имамынан алған дұрыс болады. Өйткені, ҚР «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңына және ҚМДБ бұйрығына сәйкес әрбір имамның біліктілігі тексерістен өтіп қызметке тағайындалады. «Діни жамағаттардан» - 140 (4,5%) деп жауаптарын белгілеген. Қоғамда әртүрлі діни көзқарастағы ислам  және христиан бағытындағы жамағаттар бар. Мәселен, деструктивті немесе радикалдық діни жамағаттардың қауіптілігін айтатын болсақ, жастардың санасына діни фанатизм көріністерін  және мемлекеттің демократиялық, зайырлылық принциптеріне қарсы діни идеологиялық бағытта үгіт-насихат жұмыстарын жасайды.

«Қай мешіттерге жиі барасыз?» деген сұраққа байланысты 1347 (43,1%) студенттердің көпшілігі  «орталық Һибатулла әт-Тарази мешітіне» баратындығын көрсеткен. Бұл орталық мешітте ешқандай діни заңға қайшы келетін немесе мешіттің ішкі тәртіб ережесін бұзатын әрекеттер болмайды. Ал, 527 (16,8%) студент «Әзірет Әлі» мешітіне баратындығын белгілеген. Қазіргі таңда қала бойынша жат діни ағымның өкілдері көп шоғырланатын «Әзірет Әлі» мешіті болып табылады. Өйткені, аталған мешіт «Қайрқармет» және «Айрылмас» сауда үйіне жақын орналасқан. Көптеген жат діни ағымның өкілдері «Қайрқармет» және «Айрылмас» сауда үйінде телефон жөндеу кәсіптерін жасайды.

«Оқу ғимараттарда, жатақханаларда діни рәсімдерді орындайтын намазхана болғанын қалайсыз ба?» деген сұраққа байланысты 1879(60,1%) студент «намазхана болғаны дұрыс» деп жауап берген. «ҚР Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңының 7-баптың 3-тармағында (діни жоралар мен рәсімдер) діни білім беру ұйымдарын қоспағанда, білім беру ұйымдарының аумағында және ғимараттарында жол берілмейді деп көрсетілген. Демек, білім беру мекемелерінде діни рәсімдерді орындайтын намазханаларды ашуға мүлдем болмайды және заңға қайшы болып табылады. Демек, студенттердің діни және құқықтық сауаттылықтарын арттыру қажеттілігі туындап отыр. «Діни рәсімдер тек арнайы діни ғимараттарда (мешіттерде, шіркеулерде) орындалады» деген жауапты – 349 (11,2%) студент белгілеген. Ал, 560 (17,9%) студент аталған сұраққа өз пікірін білдіру мақсатында «жауап беруден қиналған».

«Университетте діни үлгідегі киім киюге көзқарасыңыз қандай?» деген сұраққа байланысты «қарсы емеспін» - 1535(49,1%) және 1237 (39,5%) студент «әрбір азамат өзі біледі» деп белгілеген. Бірінші кезекте студенттер университеттің ішкі тәртіп Ережесін және студенттерге арналған Ар-намыс кодексін сақтауға тиіс. Студенттерге арналған Ар-намыс кодексінде білім алушылар классикалық киім үлгісін сақтау қажеттілігі көрсетілген. Қазіргі таңда университетте діни киім үлгісін (хиджап) киетін 59 студент қыздар бар. Былтырғы оқу жылының көрсеткішімен салыстырғанда биылғы оқу жылында діни киім үлгісін киетін студент қыздардың саны ұлғайған. Дінтану орталығы тарапынан міндетті түрде кураторлармен бірлесе отырып, дін саласына байланысты ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Ең бастысы студенттердің діни көзқарастары, діни ұстанымдары ислам дінінің дәстүрлі бағыты болып табылатын ханафи мазхабына сай болу керектігі, дәстүрлі емес діни ағымдардың қауіп-қатері және олардың діни идеологиясына ұшырамау туралы ақпараттар айтылады. Алайда, қоғамда кейбір қыздардың қара хиджап киіп жүргендерін байқауға болады. Бұл үрдіс қазақ халқының салт-дәстүріне және әдет-ғұрпына қайшы келетін құбылыс болып табылады. Әсіресе, жастардың дінге бет бұрған кезде, өзге елдің араб мәдениетіне қатты еліктеп жатады. «Мүлдем қарсы болғандар» -117 (3,7%) және «университетте ортақ киім формасын енгізу керек» – 82 (2,6%) студент жауап берген.

«Оқу орындарына діни пәндерді енгізу туралы көзқарасыңыз қандай?» деген сұрақ бойынша 810 (25,9%) студент «Ислам мәдениеті негіздері» пәнін белгілеген. Демек, студенттердің көпшілігі зайырлы сипатта білім беретін оқу орындарында діни пәндерді оқытуға болмайтындығын білмейді. Діни пәндер арнайы діни медреселерде немесе дінтану мамандығын даярлайтын жоғары оқу орындарында оқытылады. Біздің елімізде арнайы дінтану мамандығын даярлайтын жоғары оқу орындары Нұр-Мұбарак ислам мәдениет университеті, А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік универсиеті, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ және Букетов атындағы ҚМУ.  Сонымен қатар, «студенттердің таңдауымен ғана «Дінтану» пәні» жүргізілсін – 568 (18,2%) студент белгілеген. Бұл пән өз уақытысында Дулати университетінде жүргізілген. Қазір бұл пән жүргізілмейді, оның орнына «Рухани сабақтастық» деген пәнді енгізген. «Құранды оқу әдебі» пәні – 293 (9,7%), «араб тілі грамматикасы» пәні – 219 (7%), «әлем діндер тарихы» пәні – 97 (3,1%), «шариғат негіздері» пәні – 142 (4,5%) және «жауап беруге қиналамын» деп – 574 (18,4%) студент жауап берген. Тағы айтатын мәселе, «шариғат негіздері» пәнін белгілеген студенттердің зайырлы сипатта берілетін білімді екінші орынға қойып, шариғат білімді жоғары қоюда. Жастардың санасында әсіредіншілдік немесе діни фанатизм белгілері бар деген сөз. Қоғамды дамытатын шариғи білім емес, жаратылыстану, педагогикалық, шығармашылық ғылыми бағыттағы білімдер. Жастардың ғылымға деген қызығушылығын дамытатын бағыттарды дамыту қажет.

«ҚР «Діни қызмет және діни бірлестіктер», «Экстремизмге қарсы іс-қимыл», «Терроризмге қарсы іс-қимыл» заңдардың бар екенін білесіз бе?» деген сұраққа байланысты 2407 студент «ия», 229 «жоқ» және 492 студент ол туралы білмейтіндігін көрсеткен. Қорыта келе, қоғамдағы дін саласына байланысты қажетті ақпараттарды жеткізу, деструктивті діни ағымдардың идеологиясына қарсы студенттердің діни сауаттылығын арттыру бағытындағы жұмыстарды жүргізу қажеттілігі туындап отыр. Университет студенттеріне дін саласындағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізетін  Дінтану орталығы 2013 жылдан бері жұмыс жасап келеді.

Дінтану орталығының бас маманы

Б.Алпысбаев

ҰСЫНЫСТАР:

  1. Институт директоры және факультет декандарына:
  • Институт және факультетте өтілетін кеңестерде ҚР дін саласындағы мемлекеттік саясатын жүзеге асыру жөніндегі 2021-2023 жылдарға арналған кешенді жоспарды барлық кураторларға таныстыруға ықпал жасау;
  • Институт және факульттердің тәрбие жұмысы жоспарына діни экстремизм мен терроризм көріністерін алдын-алу бағытын міндетті түрде енгізу;
  1. Академиялық топ кураторларына:
  • Қоғамдағы дәстүрлі емес діни ағымдардың идеологиялық ықпалынан сақтау мақсатында студенттердің діни сауаттылығын қалыптастыру жұмыстарын күшейту және кураторлық сағаттарда діни экстремизм мен терроризм көріністерін алдын-алу тақырыбында Дінтану орталығы және Жамбыл облысы әкімдігі дін істер басқармасының дінтанушы мамандарымен кездесуді жиі ұйымдастыру;
  • Діни киім үлгіде киінетін студент қыздарды шығармашылық үйірмелерге және мәдени іс-шараларға баулу;
  • Кураторлар тарапынан діни ғимараттарға (мешіттер) баратын студенттерге дін саласындағы түсіндіру жұмыстарын жүргізу барысында дәстүрлі ханафи мазхабы туралы ақпараттармен қамтамасыз ету.

image001

image001

image001

image001

image001

image001

image001

image001

image001

image001

image001

image001

image001

image001

image001

image001

Top