
«БАУЫРЖАНТАНУ» ҒЫЛЫМИ-ЗЕРТТЕУ ОРТАЛЫҒЫ
Байланыс телефоны: 8 747 503 72 16
Мекен-жайы: Төле би көшесі 62 В, 3.1-3113

«БАУЫРЖАНТАНУ» ҒЫЛЫМИ-ЗЕРТТЕУ ОРТАЛЫҒЫ
2004 жылы Жамбыл облысы әкімдігі басқармасы, ішкі саясат жанынан «Бауыржан Момышұлы XXI ғасыр көгінде» атты ғылыми-зерттеу орталығы ашылды. Бауыржан Момышұлының 100 жылдық мерекесі өткен соң 2011 жылдың 4 қаңтарынан бастап Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының жанынан «Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығы деп қайта құрылды. 2020 жылы 3 маусымынан бастап Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының жабылып, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетіне қосылуына байланысты бүгінгі күні М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінде өз жұмысын жалғастырып келеді.
Ғылыми-зерттеу орталығының аға ғылыми қызметкері – педагогика ғылымдарының магистрі Найзабаев Әлімбай Аманбайұлы.
«Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығының мақсаты – жауынгер жазушы, Совет Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының академиялық 100 томдық шығармалар жинағын даярлап, әдеби мұрасын келешек ұрпақ қолына рухани ұлттық мұра ретінде ұсыну.
Осыған орай «Бауыржантану» орталығының:
- Б. Момышұлының өмірі мен әдеби мұрасы туралы қазақ пен бүкіл әлем тілдерінде жазылған деректерді жинастыру болып табылады.
- Қазақстан Республикасының Орталық Мемелекеттік Мұрағатында сақталған Әзілхан Нұршайықов, Ілияс Омаров, Қасым Қайсенов, Қаллибек Қуанышбаев, Мәлік Ғабдуллиннің және тағы басқа адамдардың жеке қорларынан Бауыржан Момышұлының өмірі мен шығармашылығына қатысты жаңа материалдар мен фотоқұжаттарды іздестіріп табу, оларды жинап жүйелеу және көптомдық кітап етіп баспадан шығару.
Б.Момышұлының 100 жылдық мерейтойы қарсаңында 30 томдық шығармалар жинағын дайындалып баспадан шықса, 2021 жылы 31, 32 томдары жарық көрді.
«Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығының атқарған жұмыстарын оқырман жылы қабылдағанын ескерсек, онда орталықтың болашақта атқаратын жұмыстары одан да көп. Бауыржан Момышұлы жайлы жазбаған Қазақстанда ақын-жазушылар, ғалымдар мен журналистер жоқтың қасы. Солардың шығармаларын жинақтағанда жобамен алпыс томға жуық материалдарды жариялауға болады. Қазіргі уақытта 33-34-ші томдардың қолжазбасы дайындалып, баспадан шығаруға дайын.
Сонымен қатар республикалық, аймақтық басылымдарда «Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығы қызметкерлерінің жүзден астам ғылыми-зерттеу, публицистикалық мақалалары жарияланып, теле-радио бағдарламаларда «Бауыржантану» орталығы туралы сұхбаттар берілді.
Қазақстан Қарулы күштерінің 25 жылдығы, Ұлы Жеңістің 72 жылдығы мен ТарМПИ-дың 50 жылдығына орай Бауыржан Момышұлын еске алуға арналған кинохроника мен фотоқұжаттар, батырдың өлеңдеріне құрылған «Жүрекпен жырлап толғаймын» атты әдеби-сазды сахналық кеш өтті.
1.«Бауыржантануға кіріспе» атты оқу құралы – соңғы жылдары мектеп пен жоғары оқу орындарында арнайы оқытыла бастаған тұңғыш оқулық.
Оқу құралында қамтылған тапсырмалар батырдың нақыл сөздері, өлеңдері мен хаттары, әңгіме, повесть, естеліктері арқылы азаматтық тұлғасын тануға лайықталып іріктелген.
- Бұл библиографиялық көрсіткіште түркі халықтарының әскери әдебиетіне негіз салған жауынгер-жазушы Б.Момышұлының 1941-2011 жылдар аралығында жарық көрген төл туындылары және көркем шығармалар мен естеліктер, зерттеулер толық қамтылған.
- Мұхамеджан Кәтімханұлының «Төрт тұлға» атты кітабынан Бауыржан Момышұлы, Мәлік Ғабдуллин, Шерхан Мұртаза туралы оқырманға беймәлім болып келген тың деректерді оқи аласыздар.
- Бұл еңбекте тарихи тұлғаларды сомдаудағы көркемдік ізденістер мен дәстүр жалғастығы терең талданады. Б.Момышұлының көркем бейне ретінде қалыптасуы мен дамуы жайлы тың ізденістер, әдеби талдаулар жасалады. Оқу құралы филология мамандығы бойынша білім алатын студенттер мен қалың оқырманға арналады.
- Белгілі жазушы, драматург Елен Әлімжанның бұл кітабына қазақтың біртуар ұлы, Совет Одағының Батыры, жазушы Бауыржан Момышұлы туралы жазылған бір әңгіме, бір драмалық шығармасымен бірге бірнеше публицистикалық туындысы топтастырылған. Бұлардың бәрінде де Баукеңнің қаһармандық, адамдық, ұлтжандылық қасиеттері жан-жақты көрініс тапқан.
- Бүгінгі таңда Бауыржан Момышұлының отыз екі томдық шығармалар жинағы жарық көрді.