ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында латынға көшу мәселесін жедел әрі түпкілікті қолға алу қажеттігі жазылды. Мақалада Елбасы қазақ тілін біртіндеп 2025 жылға дейін латын әліпбиіне көшіреміз деп мәлімдеді. Президент қазақ тілінің әліпбиі тым тереңнен тамыр тартатынын айта келіп: «V-XV ғасырларда түркі тілі Еуразия құрлығының аса ауқымды бөлігінде ұлтаралық қатынас тілі болды. ..X ғасырдан XX ғасырға дейін, 900 жыл бойы Қазақстан аумағында араб әліпбиі қолданылды. 1929 жылғы 7 тамызда КСРО Орталық Атқару Комитеті мен КСРО Халық Комиссарлары Кеңесінің Президиумы латындандырылған жаңа әліпби - «Біртұтас түркі алфавитін» енгізу туралы қаулы қабылдады. Латын әліпбиінің негізінде жасалған жазу үлгісі 1929 жылдан 1940 жылға дейін қолданылып, кейін кириллицаға ауыстырылды. 1940 жылғы 13 қарашада «Қазақ жазуын латындандырылған әліпбиден орыс графикасы негізіндегі жаңа әліпбиге көшіру туралы» заң қабылданды. Осылайша қазақ тілінің әліпбиін өзгерту тарихы, негізінен, нақты саяси себептермен айқындалып келді», - деп, латын әліпбиіне көшу туралы 2012 жылғы желтоқсан айында жария еткен «Қазақстан-2050» Стратегиясында да айтылғанын мәлімдеп, бұл процестің мектеп қабырғасындағы балаларға ағылшын тілін оқып жатқаны үшін қиынға соқпайтынын, жас буын үшін ешқандай кедергі болмайтынын сөз етеді. Латын әліпбиіне көшу қажеттігін осы уақытқа дейін еліміз терең түсініп және Тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалғанымызды баса айтты. Ендеше, біз де рухани жаңаратын, ұлттық сананы оятып, жазба мәдениетімізді дамытатын уақыт жетті деп есептейміз.
Сонымен, жазусыз мәдениет те, әдебиет те, ғылым да дамымайтыны сөзсіз. Жалпы жазу туралы жоғарыда айтылған мәселелер заман талабынан туындап отырғаны анық. Ендеше, қазақ жазуының қалыптасуы мен дамуын зерттеп, зерделеу – тілтаным ғылымының алдында тұрған өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Ендігі тілші мамандардың алдында тұрған зор мәселе - қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне сәйкестендіріп графика мен емле жобасын көпшіліктің сынынан өткізіп құрастыру. Адам баласының табиғаттағы заттар мен құбылыстарды тануы тек тіл арқылы ғана жүзеге асады десек, осы ойды жеткізетін таңба-жазу.
Жазу- адамның ой пікірін, хабарын, мағлұматын таңбалар арқылы жеткізуді қамтамасыз ететін белгілер жүйесі. Жазудың пайда болуы адамдардың қарым-катынастағы уақыт пен кеңестік кедергісін жойды. Оның алғашқы нұсқалары өте ерте заманда жасалды. Жазу қатынас құралы ретінде пайдаланылған суреттер мен шартты белгілерден кейін пайда болған. Өз ойын басқаға жеткізу үшін адамдар әуелде заттың өзін пайдаланды. Мысалы,кеткен бағытын көрсету үшін жолға бұтақ тастаған. Кейін осы мақсатпен ағашқа садақтың оғын қадап кеткен.Ойды зат арқылы білдіру үрдісі ежелгі замандарда тайпалар арасындағы елшілік қарым-қатынастарға да пайдаланылған. Кейін мұндай рәміздік зат орнына таңбалар, бедерленген бұйымдар қолданылған. Осылайша алғашқы жазу пайда болған.
Көне түркі алфавитінің шығу тегі проблемасы оның көне түркі этногенезімен, көне түркі тайпалары мәдениетінің тарихымен және түркі тілдерінің тарихи грамматикасы мәселелерімен байланысты. Түркітанудың өрістеп дамуы үшін бұл проблеманы дұрыс шешу аса маңызды болып табылады.Бұл жазудың аса бір кұндылығы - ертедегі Қазақстан жерін мекендеген сақ тайпаларының тілі көне түркі болғандығын тағы да нақтылы дәлелдей түседі. Сондай-ақ, Қазақстан жеріндегі алғашқы көшпелілерде жазу-сызу болмаған деген пікірдің ешбір негізсіз екендігін айқындап, бұдан 2500 жыл бұрын түркі тілдес тайпалардың алфавиттік жазуды білгендігін және оны кен түрде пайдаланғандығын дәлелдейді.
Көне түркі жазуы арғы ата-бабаларымыздың 1500 жыл бойы қолданған төл жазуы екендігі ешқандай күмән туғызбайды. Бұл жазудың соншалық өмір сүргендігін, яғни б.з.б. 1 мың жылдыктың ортасынан б.з.б. 1 мың жылдықтың аяқ кезіне дейін қолданылғанын қазіргі деректер айқындап отыр.Сонымен, көне түркі алфавиті Оңтүстік Сібір мен Жетісу жерінде ерте дәуірде, яғни біздің жыл санауымызға дейінгі 1 мың жылдыктың орта кезінде қалыптасты деген тоқтамға көңіл қоямыз.
Руникалық көне түркі алфавитінің шығу тегі жөніндегі болжамдар мен деректер В. Томсен, О. Доннер, Н. Аристов, Ф. Альтхайм, Дж. Клоссон т.б. зерттеуші ғалымдардың еңбектерінде үлкен орын алады. Бұл пікірлерде қайшылықтар кездеседі және нақты дәлелдердің жетімсіздігі ұшырасады.
Түркі руникалық таңбаларының (графемалардың) палеографиялық және фонологиялық байланысты болып келеді. Көне түркі руникалық таңбаларының алғашқы семит, көне грек, италиялық, кіші азиялык әріптерімен типологиялық және генетикалық жағынан жақындығы байқалады.
Көне түркі руникалық таңбаларының шығу тегі басқа көне алфавиттердің шығу тарихымен тамырлас. Руникалық жазудың бастапқы түркі негізі б.з.б. үшінші және екінші мың жылдықтағы беймәләм идеографиялық немесе алфавиттік жазу болуы ыктимал, ал басқа көне алфавиттермен ішінара ұқсастығы олардың арғы тегіндегі бастауы бір екендігін көрсетеді. Сонымен бірге, көне түркі алфавитінің шығу тегі, генезисі, проблемасы жалпы дыбыстық жазудың шығу мәселесімен ұштасып жатыр.
А. С. Аманжолов түркі руникалық алфавитінің Оңтүстік Сібір мен Жетісу аймағына біздің заманымызға дейінгі 1 мың жылдықтың ортасынан қалмай қалыптасқандығын көрсететін, палеографиялық талдауға сүйенген гипотеза ұсынды. Түркі руникалық алфавитінің ұзақка созылған эволюциясы көне түркі тілі дыбыстық жүйесінің қалыптасу процесін айқындап ұштасып жатады.
Түркі руникалық жазудың ізін баса. Орта Азия мен Шығыс Түркістанды мекендейтін түркі тайпалары арасында манихей алфавиті және соғд жазуы кең етек алды. Ал манихей жазуының өзі несторлык-христиан арқылы Сирияның інжіл жазуы эсттрангелодан дамыған болатын. Манихей жазуында көне түркі тіркестері кездеседі. Бұл қолжазбалар көбінесе соғды (орта парсы) тілінен аударылып, Жетісудан Шығыс Түркістанға қарай таралды. Олар батыс түркі тайпалардың тіліне жақын болып келеді. Манихей жазуында «Хуастуанифт» жазба ескерткіші (V-VІІ ғ.ғ.) жазылған.
Манихей алфавитінің құрамы 36 әріптен тұрады. Графикалық жүйесі көне түркі фонетикасына біршама сәйкес келеді. Дауысты дыбыстарды белгілейтін әріптер және дауыссыз дыбыстарды белгілейтін әріптер бар. Әріптер сөз басында, ортасында, соңында келуіне қарай үш түрлі жазылады. Маиихей алфавитінің шығу тегі арамей жазуымен байланысты.
Біздің заманымыздың сегізінші ғасырындағы ұйғыр қағанатының басын біріктірген тайпалардың тіліне сәйкес жаңа соғд алфавитінің негізінде ұйғыр жазуы деп аталатын әріптік жазу пайда болды. Бұл жазу жетінші-сегізінші ғасырда кеңінен пайдаланылды, сол себептен де осы кезең оның нағыз кемеліне келіп, құлпырған шағы деп білеміз.
Ұйғыр жазуындағы көне, орта түркі ескерткіштеріне мазмұны христиан, манихей, будда дініндегі түлі жалбарыну дұғалары және діни уағыздар, түрлі заң документтері мен емдеу шіріткелері, жылнамалары, болжаулар т.б. жатады. Ұйғыр жазуының кеңінен пайдаланылған кезеңі VПІ-ХІІІ ғ.ғ. Ұйғыр алфавиті негізінде моңғол жазуы пайда болды (ХІІІ ғ.). Ақсақ Темір және Алтын Орда хандары осы жазуды қолданғаны (XIV –ХV ғғ.) белгілі болып отыр. Мысалы, 1391 жылы Тоқтамыс ханға қарсы жорыққа аттанған Ақсақ Темір өзінің жорық сахры жөнінде ұйғыр жазуымен «шағатай» тілінде тасқа қашатқан жазу қалдырды. Бұл ескерткішті 1927 жылы Қ.И.Сәтпаев Ұлытау шоқыларынан тауып, ғылым дүниесіне паш етті. Ұйғыр жазуымен 1439 Жүсіп Баласағұнидің «Құтадғу біліг» деген өнегелік насихат дастаны Герат қаласында көшірілген. Бұл шығарманың алғашқы түпнұскасы 1069 жылы Қарахандықтар мемлекетінде алдымен араб алфавитімен жазылған. Қазақ хандарының да Абылайдың тұсына шейін ұйғыр жазуын қолданғаны туралы мәлімет бар. Ұйғыр жазуын көне ұйғырлармен қатар түркі тілдес найман және керей тайпалары да пайдаланған. Керейлерді 1203 жылы, ал наймандарды 1218 жылы Шыңғыс ханның жаулап алуына байланысты бұлардан моңғолдарға да тарады. Ганьсудагы будда монастырьлерінде ұйғыр жазуы XVIII ғасырға дейін өмір сүрген. Қазақстаннан да ұйгыр алфавитіндегі түркі жазулары табылған.
Түркі халықтарының біраз жазба мұралары біздің заманымызға араб жазуымен де жеткен. Түркі халықтарының бұл жазуды қолдануының да тарихи себептері бар. Оның алғашқы бастамасы араб мәдениетінің Қараханидтер дәуірінде ене бастауы болу керек. Араб алфавиті XI ғасырдан бастап түркі тілдерінде пайдаланыла бастады. Араб алфавитіндегі алғашқы түркі жазба ескерткіштері Юсуф Баласағұнидің «Құдатғу біліг» (1069ж.) дастаны, Махмуд Қашғаридің «Диван лұғат ат түрік» сөздігі, Ахмет Югнекидің «Хибат ал-анбия» (XII ғ.), Насретдин Рабғузидің «Қисса ал-анбия» (XIV) атты туындылары т.б.. Махмуд Қашғаридің «Диван лұғат ат түрік» сөздігінің қазіргі Түркітану ғылымы үшін аса маңызды.
Араб жазуы- семит тілдері тобының (эфиоп, иврит, аккад, т.б.,) тармағы болумен қатар, әлемдегі негізгі жазулардың біріне айналған. Шамамен бұл жазумен 150 миллионнан астам адам жазады. Араб жазуы Кувейт, Біріккен араб эмираттары, Сауд Араб мемлекеті, Ирак, Иордания, Сирия, Ливан, Алжир, Морокко т.б. көптеген елдердің төл жазуы болып табылады. Сондай-ақ Түркия, Пакистан, Иран, Ауғаныстан секілді елдерде кеңінен қолданылған. Араб лексикасымен қатар жазуы да көптеген елдерге өхзінің әсер ықпалын тигізген. Мәселен, парсы, пушту, урду тәрізді тағы басқа халықтардың жазуы араб алфавитіне негізделген.
Ислам діні қанатын кең жаюына байланысты араб жазуы өріс алып, ІХ-Х ғасырдан бастап Қазақстанда да бұл жазу сіңісті болды.
Араб жазуы оңнан солға қарай жазылады, жазылу бағытымен оқылады. Араб жазуы консонантты жазуға жатады. Себебі сөз ішінде тек дауыссыз дыбыстар ғана жазылады даң дауысты дыбыстар түрлі белгілер арқылы ажыратылып оқылады. Араб жазуының ең көне түрі кадим деп аталады. Ал оңайлатылған жаңа түрі жадит деп аталады.
Араб алфавитінің құрамы 28 әріптен тұрады. Байырғы араб географиясының классикалық араб тілінің фонетикалық жүйесіне сүйенген. Барлық әріптердің дауыссыз дыбыстарды таңбалайды, сонымен қатар үш әріптің созылыңқы дауысты а,у,и дыбыстарына жұмсалады («алиф», «уау», «йа», деп аталатын әріптері). «Құран» кітабын, әліппені дұрыс оқыту мақсатымен қысқа дауысты дыбыстар да диакритикалық сызықша таңбалар арқылы жолдың үстіне я астына қойылған көрсетіледі. Әріп көпшілігі сөз басында, ортасында, соңында қолданылуына орай түрліше жазылады.
Араб алфавиті арамей жазуының бір тармағы набатей алфавитінің негізінде шыққан. Ислам дінінен бұрын пайда болған. VI ғасырда құрамында 22 ғана әріп, ал VII ғасырдан бастап 28 әріп болған. Бұл жазудың кең таралған, арабтан басқа халықтарға да жайылуының тарихи себептерібар. Жазудың негізгі түрлері «насх», «куфм» т.б. Баснахана жолымен кітап бастыру үшін XIX ғасырда бұл алфавиттің «насх» түрі қолданылған.
Араб графикасы түркі тілдерінің, сонын ішінде, қазақ тілінің фонетикалық жүйесіне сәйкес емес, ал бұл, әрине, өз кезегінде қолданыста қиыншылықтар тудырады. Жазу мен оқуда да үлкен алшақтық кездеседі. Дауысты дыбыстардың толық қамтылып таңбаланбайды, мысалы, ескі жазуда еріндік дауысты дыбыстардың бір ғана араб әріпімен беріледі. Кейбір дауыссыз дыбыстар үяң-қатаң болуына қарамастан, жалғыз таңбамен беріледі. Себебі араб алфавитінде п және г дыбыстары таңбалануы кездеспейді. Сол себеиті түркі тілдерінің фонетикасына сай қосымша әріп қолданыла бастады, мысалы, «кәф» әріпінің негізінде г мен ң дыбыстары белгіленді. Бұдан келіп, алфавит құрамының кеңейіп, 29, 31, 32, 38 әріпке дейін жетті.
Араб графикасына негізделген қазақ алфавитінің бірнеше даму кезеңдерін бөліп көрсетуге болады: араб-қазақ алфавитінің ескі және реформаланған жаңа түрі. 1924 жылы жаңартылған алфавит қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне біраз икемделді. Әріп саны ықшамдалынып, 32 әріптен 25 әріпке түсті.
Араб графикасы негізіндегі алфавиттің басқа түркі тілдері сияқты, қазақ тіліне де түбегейлі сай келмеуі, әріптердің сыртқы тұлғасы бір-бірімен ұқсас болуы, көпшілігінің диакритикалық таңбалар арқылы белгіленуі, дара әріптің бірнеше вариантпен берілуі, сөйтіп таңба санының мейлінше көбеюі т.б. Осы сияқты кемшіліктер жазуды, баспаны қиындатты, араб графикасынан бас тартуға әкеп соқтырды, қолданыста қиындықтар тудырды.
Ал қазіргі кезеңде араб графикасын Қытай, Пәкістан, Ауғанстан, Ирандағы қазақтары қолданады.
Латын тілі үнді-европа семьясының тілдері тобына жататын көне тілдердің бірі. Латын тілі жазба тіл ретінде б.з.б. он алтыншы ғасырда Рим қаласының говоры негізінде пайда болған. Рим мемлекетінің Солтүстік Африка, Британия, Дания т.б. көптеген жерлерді жаулап алуына байланысты осы жерлердің бәріне таралып, жергілікті тілдер мен говорларды өз бойына сіңірген. Біздің дәуіріміздің бесінші ғасырына бастап Рим империясы құлдырап, саяси бірлігі ыдырауына байланысты латын тілі қолданыстан шыға бастады.
Латын алфавиті - дүниежүзіне кең тараған жазудың бірі.
Латын алфавиті графикалық кұрамы жағынан 21 әріптен тұрады. Кейін 23, ал орта ғасырда 26 әріпке жеткен.
Латын графикасы латын тілінің фонетикалық жүйесіне сәйкес жасалған. Латын тілі мен латын жазуы Рим католик миссионерлері арқылы кең таралды. Латын жазуы басқа тілдерде де қолданыла бастады. Орта ғасырларда латын алфавиті Европаға тарады, кейінгі кезде оны Африка, Америка, Азияның бірнеше елдері иайдаланады.
1924-1929 жылдары арасында түркі тілдес халықтар латын алфавитіне көшті. Бұл шараға қарсы шыққандар, араб жазуын жақтаушылар болды, олар дәлелсіз байламдар айтып жатты.
Латын графикасына көшуге әзірлік жиырмасыншы жылдардан басталып, түркі тілдес республикалардың әрқайсысында әр түрлі қарқында жүргізілді. Бұл істе белсенділік көрсеткен Әзербайжан үкіметі болды. Бакуде 1922 жылы арнаулы жаңа алфавит комитеті құрылды. 1924 жылы Әзербайжан Орталық Атқару комитетінің декреті бойынша жаңа латын алфавиті міндетті мемлекеттік әліппе болсын деп тағайындалды. Біраз жұмыс істегеннен кейін бұл комитет КСРО Орталық Атқару Комитеті болыи қайта құрылды. Бұл комитеттің ең көрнекті ғалымдардан құралған ғылыми кеңесі болды.
Комитет жаңа әліппеге байланысты жер-жердегі жұмыстарға басшылық етті, жаңа әліппеге жобалар жасап, оны талқылап, бекітіп отырды. Жаңа алфавит комитеттері жер-жерлерде үйымдастырылды. Олардың әрқайсысы латын графикасына негізделген жазуды өз тілдеріне қарай сәйкестендіру ісімен шұғылданды.
1926 жылы Бакуде Бүкілодақтық түркологиялық бірінші съезд
болды. Съезд барлық түркі тілдес халықтар латын графикасына негізделген жазуды қабылдайтын болсын деген қаулы қабылданды.
Латын алфавитіне көшу шығыстағы мәдени революция болып есептеледі.
Латын графикасына негізделген қазақ алфавитінің құрамында 29 әріп бар. Жаңа енген сөздерді дұрыс жазуға әріптер жеткіліксіз болды.
Сондықтан латын графикасы негізіндегі қазақ алфавиті мен орфографиясына 1938 жылы өзгерістер енгізілген. Алфавит құрамынд енді 32 әріп болды. Дауысты ұ мен і дыбыстары өз алдына белгіленді (,), интернационалдық мәні бар ф, х, в, дыбыстарын таңбалайтын әріптер қосылды (f, х, у). Қазіргі қазақ тілінің фонетикасына соңғы латын алфавиті сай келеді, осының негізінде қазақ орфографиясы едәуір түзелді.
1940 жылы орыс графикасына негізделген қазіргі қазақ графикасына көшірілді. Түркі тілдері үшін қолданылатын ғылыми фонетикалық транскрипция орыс графикасымен қатар латын графикасын негізге алды. Ал Түркия мен Батыс Европада тұратын қазақтар латын графикасын қолданады.
Қазіргі кезде түркі халықтарының графикасын біріңғай латын алфавитіне көшіру туралы пікірталас жүруде.
Латын әліпбиіне көшу- заман талабы. Қазіргі таңда түркі елдерінде өткір қойылып отырған әдеби тілді толықтырып, жетілдіру жұмысы ортақ әліпбиге көшуден бастау алмақ. Ортақ жазу туысқан халықтардың одан әрі шашырап, ыдырап кетуіне жол бермей, оларды жақындастырып, мәдениетінің өркендеуіне зор ықпалын тигізбек. Академик Ә. Қайдаровтың айтып өткеніндей бөлек-бөлек емле мен әліпбиге жүгіну- түркі тілдер орфографиясындағы үлкен сәтсіздік. Өйткені бұл туыс халықтар арасын ашып, бір-бірінен алшақтата түседі. «Жазу таңдауда оның ұлтаралық, халықаралық деңгейде екендігі, жалпы жер жүзіне таралуы да ескерілуге тиіс. Бұл тұрғысынан латын әліпбиінің болашағы зор». Ғалымның «Кемел елге кемел әліпби керек» деген мақаласындағы «Түркі дүниесінің басын қосып, тұтастығын қалпына келтірудің үлкен бір шарасы- латын әліпбиіне негізделген ортақ түркі жазуын қалыптастыру. Бүкіл түркі елдері латын әліпбиіне көшіп, олардан бөлектеніп, бұрынғы жазумен қалып қоюға болмайды. Терезесі тең тәуелсіз мемлекеттер қатарында қоғамдағы прорессивті үрдісті, замана талабын ескере отырып, әлем халқының басым көпшілігіне ортақ латын әліпбиін қазақ мемлекеттік ұлттық жазуына негіз етіп алған жөн» деген сөзі жұртшылық тарапынан қолдау табуда. Ана тіліміздің тағдырын айқындайтын латын әліпбиі негізінде іске асуы тиіс жаңа жазу реформасы толғауы тоқсан қызыл тілдің толғақты мәселесін, оның қағамдық әлеуметтік қызметін назардан тыс қалдырмау тұрғысынан қолға алынғанын қалар едік. Атап айтқанда, түркі тілдеріне ортақ латын жазуына көшкенде бейқамдыққа салынбай, тіліміздің ғасыр бойы қалыптасқан нормасын бұзбай, сөзді дұрыс сауатты жазуға нұқсан келтірмей, емледегі қайшылыққа жол бермей, тыңғылықты даярлықпен көшуді мақсат тұтқанымыз жөн.
Расында, латын әліпбиіне көшу- заман талабы. Елбасының мақаласы мерзімдік басылымдар беттерінде, ғаламтордағы түрлі сайттарда жарық көргеннен бастап латын әліпбиіне көшу мәселесіне қатысты қоғам арасында қызу талқылау жүріп жатыр. Мәселе екіұшты сипат алғанын түрлі көзқарастар мен комментарийлерденбайқауға болады. Бірі латын әліпбиіне көшу қиынға соғатынын айтса, енді бірі латын әліпбиі дамыған елдердің деңгейіне жетудегі алтын көпір болатынын айтуда.
Қорыта айтқанда латын әліпбиіне көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманға технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ ХХІ ғасырдағы ғылыми және білім беру процесінің ерекшеліктеріне байланысты. Қазақ тілінің әліпбиін өзгерту тарихы негізінен нақты себептермен байланысты.
Иматаева А.Ж.,
М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті