Атам қазақ «Тіл - қазына» дейді. Ол - ақша, алтынмен өлшенетін материалдық құндылық емес, теңдесі жоқ, бір ұлттың рухани құндылықтарын бойына жинаған қазына. Белгілі бір ұлттың ұлт екенін анықтайтын белгісінің бірі – оның тілінің табиғи әуезі, дыбысы. Тәуелсіздік алғалы бері елімізде мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруде бірқатар игі іс-шаралар атқарылды. Соның бірі Елбасының Қазақстан халқының қоғамдық санасы мен рухани жаңғыруының стратегиялық даму құжатына айналған бағдарламалық мақаласындағы қазақ жазуын латын графикасына көшіру. Бағдарламалық мақала жарияланғаннан бастап жаңа қазақ әліпбиінің бірнеше нұсқалары жалпы жұрттың талқылауына ұсынылып, нәтижесінде 2017 жылдың 26 қазан айында Елбасының Жарлығымен 32 әріптен тұратын жаңа қазақ әліпбиінің апострофты нұсқасы бекітілген болатын. Кейін оған өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, 2018 жылдың 19 ақпан айында латыннегізді қазақ әліпбиінің акутты нұсқасы бекітілді. Осы бекітілген әліпбиді халық арасында кеңінен насихаттау мақсатында Жамбыл облысы әкімдігінің Тілдерді дамыту басқармасы жүйелі түрде ауқымды жобаларды жүзеге асырып, іс-шаралар ұйымдастырды. Жамбыл облысындағы 10 ауданды аралап, әртүрлі сала қызметкерлері және жұмысшыларымен кездесіп, семинар-тренингтер жүргізді. Алғашқы кезде жалпы жұрт қазақ жазуының кирилл негізді әріптен латыннегізді қаріпке ғана алмасатындығын дұрыс түсінбей, латын тіліне ауысады деп ұғынып, наразылықтарын білдірді. Сауатты түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде тек таңбаның ауысатындығын және оның мемлекеттік тіл үшін тиімді екенін түсінген жұрт қазақ жазуының осы графикаға көшуін қолдады. Пульттің пүлт, дубльдің дүбл, бульдогтың бүлдөг, алоэның алой, режиссердің режисөр, менеджердің менежер, қоянның қойан, қиюдің қиу болып өзгеретіндігін білгенде, қазақ тілі дыбыстарының қайта жаңғыратындығына қуаныштарын білдірді. Семинар-тренингке қатысушылардың арасында «Жаңа әліпби – тіл жаңғыруы екен ғой» деген ойларын да жеткізгендер табылды. Тіпті жаңа әліпби құрамындағы кейбір әріптердің орнын алмастыруды ұсынған азаматтар да болды. Мәселен, И, Й мен І,і әріптерінің латыннегізді әліпбидегі бас әріптерінің бірдей болуына байланысты і әрпінің бас әрпіне де нүкте қою İ туралы, Уу әрпін Ýý-мен емес, ағылшындағы Uu-мен таңбалануын, ал Ұұ-ны Yy-мен,Үү-ні Ýý-мен беруді ұсынды. Тілге қатысты реформада белсенділік танытып, өзінің ойын ашық айтқан, тілжанашыры ретінде жаңа әліпби құрамы мен мазмұнына бей-жай қарамай, азаматтық көзқарасын білдіртетін халықты көргенде көңілді қуаныш кернейді.
Осы теориялық тұрғыда бекітілген әліпбиді практика жүзінде іске асырғанда, яғни латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиімен жазу жұмыстарын жүргізу барысында емлелік мәселелер туындауына орай әліпбиді әлі де жетілдіру жұмыстарын жүргізу керектігі байқалды. Соған байланысты мемлекет басшысы Қ.-Ж.К.Тоқаев: «Латын графикасындағы әліпбиге көшу мәселесінде асығыстық танытуға болмайды. Тыңғылықты, тексерілген ұстаным талап етіледі. Жан-жақты сараптау және жаңа әліпбидің барлық аспектілерін әзірлеу қажет. Латын әліпбиінің ұсынылған үш нұсқасы да жетілдірілмеген болып шықты. Сондықтан бұл проблемада шынайы ғылыми әдіс керек және жеңілдетуге болмайды»,-деп филолог ғалымдарға жаңа қазақ тілі әліпбиін қайта қарауды тапсырған болатын. 2020 жылдың желтоқсан айында А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының білікті ғалымдары латыннегізді қазақ тілі әліпбиінің жетілдірілген нұсқасымен таныстырды. Әліпбидің құрамы мен мазмұнында бірқатар өзгертулер бар. Алдыңғы әліпбиде жазуда қиындықтар туғызып жүрген әріптер түзетіліп, диграфты әріптер алынып тасталған. Сондай-ақ жалпы түркі жұртына ортақ умлаут, бревис, седиль секілді диакритикалық таңбалар қолданылған. Белгілі бір графиканы үйренуде оқырманның үш дағдысы қалыптасу керек. Ол – көру, оқу, жазу. Жетілдірілген әліпбиде осы принциптер ескерілгендігін көруге болады.
Жаңа әліпбиді оқыту барысында басқарманың байқаған тәжірибесі: 15 – 45 жас аралықтағы буынның меңгеру қарқынының жоғары екендігін, ал 45-55 жас аралықтағы буынның орташа, 55-тен жоғарылардың төмендігін көруге болады. Оған бірінші себеп санадағы «зейнетке шығамын, маған керек емес», «бізге үйрену қиын», «жасарымды жасадым, асарымды асадым, енді маған керек емес», «латынға көшкенше, кирилмен жаза тұрармыз» деген сияқты психологиялық кедергілер мен «латынның керегі не? оған көшуде қаражат көп кетеді. Одан да сол қаражатты ел экономикасына жұмсамай ма?», «Баламның басын қатырмай, орыс мектебіне беремін», «мыйымды ашытпаймын» деген сияқты сылтаулар түрткі болуда. Елдің экономикасы мен әлеуметтік, саяси, әсіресе, рухани жағына жасалынған реформалар, ең алдымен, болашақ ұрпақ үшін екенін естен шығармағанымыз абзал.
Қазақстанның кез келген азаматы жаңа қазақ әліпбиі мен емле ережесін қайта оқу арқылы мемлекеттік тілді қайта үйренеді, сауатты жазу мен айтуға машықтанады және мемлекеттік тілде сөйлеу мәдениеті артады. Г.Бельгердің: «Өзің тұратын қоғамның тілімен, мәдениетімен, тарихымен санасып, оған құрметпен қарау керек...» деген сөзі әрбір қазақстандықтың ұранына айналуы тиіс.
Дулати университеті,
Мырзабай Балмира