Ораза кімдерге парыз етілген? Ораза балиғат жасына жеткен әрбір адам баласына парыз етілген. Ер жігіттің күш-қайраты дамып, қыз баланың өзіне ғана тән қасиеттері толық жетілгеннен бастап ораза ұстауы парыз. Ораза бізге тәрбие береді, сыйластық береді. Жақсы мен жаманды айыру сынды құндылықтарды бойға сіңіріп отырады.
Ораза ұстау — сәресін ішіп, таңнан кешке дейін аш жүріп, ауыз ашу емес. Ораза ұстау, намаз оқу сынды исламның адам үшін маңызын, мән-мағынасын зерттеп көрдіңдер ме? Ең әуелгі мағынасы — Аллаһ Тағаланың разылығын алу. Екіншіден, Аллаға ғишық болу арқылы, өз-өзін дамыту. Адамның өзін-өзі танығаны— Алланы танығаны. Алланы қалай танимыз? Адам Алланы танып, білместен бұрын, айналасымен қарым-қатынасын түзеуі тиіс. Исламның бес парызының түпкілікті мәні — Алланың разылығын алу, Аллаға ғишық (ғашық) болу арқылы қоғаммен байланыста болып, өзін-өзі дамыту"-деді Бахтияр Қаржаубайұлы оразаны тұтудың мән-мағынасын жіті талдап, біраз тың деректермен бөлісті.
"Күні кеше бас Муфти мектеп жасындағы балаларға, яғни оқушыларға ораза ұстамау керектігін айтқан еді. Бұл мәселенің студенттерге де қатысы ма?"-деген топ кураторы Балмира Жүнісбекқызының сұрағына Бахтияр Қаржаубайұлы бұл мәселенің орынды екендігін, онымен келісетіндігін және мұның кәмелетке толған студенттерге қатысы жоғын атап айтты.
Кездесуде студенттер арасынан тақырыптан тыс та сұрақтар қойылды. Мәселен, қазір дін ұстанушы жастардың көпшілігі қазақ халқының ұлттық аспабы домбыра мен ұлттық мейрамы Наурызды харам, не халал деген қарама-қайшы пікірмен салыстыртындығын, мұның дұрыс- бұрыстығын сұрады. Бахтияр Қаржаубайұлы 14 наурыз - көрісу күні ағайын-туыстың, жақын жұрағаттың бір-бірімен көрісіп, төс қағысып, ренжіткен, артық кеткен тұстары болса, кешірім сұрайтындығын, бұл күннің негізгі мәні — татулықта, сыйластық пен махаббатта екендігін жастарға түсіндірді. "Ал домбыраға келер болсақ, домбыра — қазақ халқының ұлттық құндылығы. Қысқасын айтқанда, наурыз мейрамы мен домбыра сияқты қазақ халқының ұлттық құндылықтарын харам деп ойлап жүрген жастар — адасқандар",- деді.
Кездесуде студенттерге ислам әлемі жайлы видеоролик көрсетілді.
Кездесу соңында дінтану маманы студенттерге дін туралы ақпараттарды нақты қандай сайттардан алуға болатындығын атап көрсетті. Атап айтар болсақ, өзіміздің Тараз қаласында орналасқан Һибатулла-Тарази мешітінің asyldin.kz сайты, islam.kz, muftiat.kz сайттары аталды.
Анар Әуесбек,
1-курс студенті.