Ғалымдармен ашық сұхбат

12 сәуір - Ғылым қызметкерлерінің күніне орай Филология және журналистика кафедрасының аға оқытушылары Темірбай Әлиұлы және Бақытжан Махашұлымен "Қазақстан ғылымының көкжиегі: жастар және ғылым" тақырыбында пікіралмасу өтті.

Әбу Насыр әл-Фарабидың "Ғылымы жоқ елдің болашағы бұлыңғыр" деген нақылын әңгімесіне арқау етіп алған Темірбай Әлиұлы, ең алдымен, ғылымның қоғамдағы орнын, мемлекет үшін маңызын, әр елдің жетістіктерінің ғылыммен тығыз байланысын түсіндірді. Кез келген мемлекеттің бренді ғылым арқылы анықталады, алайда таяқтың екі ұшы болатыны секілді, ғылымның дамуының әлемді дағдарысқа ұшырататыны да жалған емес екендігі жайлы айтты. Ғылыми техникалар дамыған сайын адамдар оған тәуелді бола бастайды, көп қозғалудан қалады. Бірақ біздің оқып жатқан мамандығымыз гуманитарлық ғылымға кіреді. Демек, әлемде экономикалық дағдарыс болғанда, біздің ғылым рухани бренд ретінде адамдарға қуат беретінін Темірбай Мұқашов талдап түсіндірді. Оның ішінде, «ұлы ақынымыз Абайдың рухани мұралары - қазақты ғаламға танытып тұрған мәңгілік өшпес жырлары» екенін мақтанышпен хабарлады.

"Ғылымды тек жанкештілер жасайды", - деп сөз бастаған Бақытжан Махашев орта ғасырлардағы ғылымның дамуы мен қазіргі таңдағы ғылыми өзгерістерге шолу жасады. «Бүгінгі күні адамдар сауда-саттық, бизнеспен айналысып, тіршілікті күйттеп кетті. Ғылым екінші орынға ысырылып қалғандықтан, әлі күнге дейін қазақ өз техникаларын жасап шығара алмай отыр» дей келе, алақандай телефонға бүкіл әлемді сыйдырып тұрған заманда ғылыми жаңалық ашу өте мәртебелі іс екенін, ұрпаққа, ұлтқа қызмет ету үшін жасалатын бағалы еңбек екенін ашық айтты.

Ғалымдар ғылымға бүкіл өмірін арнауға тиіс, ақшаның, мал-мүліктің соңынан қуып кетпей, қымбат дүниеге жалтақтамай, адам игілігі үшін қызмет жасағанда ғана ғылым шарықтау шегіне жетеді. Ғалымдардың болашақта ғылымның дамуын жастармен байланыстырып, тек өздеріңе үміт артамыз, қоғамдағы бос кеңістікті арзан шоумен емес, ғылыммен толтыруға тиіссіңдер деп, жастарға үлкен сенім білдіретіндіктерін жеткізді. Әсіресе, гуманитарлық ғылым адамның санасымен, ішкі жан-дүниесімен жұмыс жасайтындықтан, гуманистер ғылым саласында басым болуы керектігін насихат қылды.

«Ғалым болмай немене? Балалықты қисаңыз...» демекші, әлемге танылу үшін, тарихта ұлы жаңалықтармен қалу үшін бүгінгі біздер жайбасарлық пен жалқаулыққа бой ұрмай, білім алып, ғылыммен айналысуымыз қажет.

WhatsApp Image 2022 04 13 at 10.21.45

WhatsApp Image 2022 04 13 at 10.21.46

Абуова Ұлжан,

«Конвергенттік журналистика» ББ-ның, 1-курс студенті

Top