
Super User
ТарМУ ТАРИХЫ. 2012 ЖЫЛ – БҮГІНГІ КҮН
2012 - 2020 жылдары М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін п.ғ.д., профессор МАХМЕТҒАЛИ НҰРҒАЛИҰЛЫ САРЫБЕКОВ басқарды.
М.Н. Сарыбеков 2012 жылдың қараша айынан бастап М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ректорының міндетін атқарушы, 2013 жылдың қаңтар айынан бастап М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ректоры болып тағайындалды.
Университет ректоры Махметғали Сарыбековтың басшылығымен ЖОО-да барлық бағыттарда жұмыс жанданды. Халықаралық ынтымақтастыққа, білім беру, ғылыми және инновациялық қызметке, үш тілді білімді іске асыруға, жоғары білікті мамандарды даярлауға баса назар аударылады.
Университетте профессор-оқытушылар құрамының мықты командасы жұмыс істейді. Оған дәлел жыл сайын байқау жеңімпаздары мен "ЖОО үздік оқытушысы" грант иегерлерінің саны өсуде. 2014 ж. – 3 адам, 2015 ж. – 4 адам, 2016 ж.– 5 адам, 2017 ж. – 7 адам, 2018 ж. – 8 адам. 2018 жылы қол қойылған шарттар негізінде университеттің 23 оқытушысы алыс және жақын шетелдердің жетекші университеттері мен институттарында тағылымдамадан өтті. Университет ұжымы білім беру бағдарламаларын әзірлеу бойынша жұмыс жүргізуде. Заманауи білім беру трендтері инновациялық білім беру технологияларын белсенді қолдануды талап етеді.
Осыған байланысты кейбір кафедраларда жаңартылған білім беру бағдарламаларына сәйкес жаңа оқу-ғылыми зертханалар жаңғыртылды. Оңтүстік Корея, Армения, Грузия, Өзбекстан, Непал, Беларусь және Венгрия университеттерімен 12 келісімге қол қойылды. Бірнеше жылдар бойы Люблин Политехникалық Университетімен (Польша), жасалған келісімнің өзара тиімді шарттарында университетте "Мехатроника" бакалавриат бағдарламасы табысты жүзеге асырылуда.
Сондай-ақ, 2018 жылы 6М060600-"Химия" және 6М070300 – "Ақпараттық жүйелер" магистратурасының 2 қос дипломды білім беру бағдарламасын шетелдік серіктес-Браганс политехникалық институтымен (Португалия) іске асырылуда. 2013 жылдан бастап университетте көптілді білім берудің тиімді жүйесін қалыптастыру бойынша жоспарлы жұмыс жүріп жатыр. Динамика өсуде: 2013 жылы 4 арнайы бөлімше ашылды, 2014 жылы – 5, 2015 жылы– 8, 2016 жылы – 10, 2017 жылы – 13. Өткен жылы 16 мамандық бойынша 324 студент жұмысқа тартылды. Қазіргі таңда бакалавриаттың 18 мамандығы бойыншажүзеге асырады.
Бүгінгі таңда бакалавриаттың 18 мамандығы бойынша көптілді оқыту жүзеге асырылуда.
ТарМУ ТАРИХЫ 2008-2012 ЖЫЛДАР АРАЛЫҒЫНДА
2008-2012 жылдар аралығында М.Х. Дулати атындағы ТарМУ-ды ӘШІМЖАН СҮЛЕЙМЕНҰЛЫ АХМЕТОВ басқарды.
Бұл жылдар университеттің жаңаша даму кезеңі болды. Университетте 530 оқытушы, оның ішінде, 28 ғылым докторы, профессорлар мен 206 ғылым кандидаты мен доценттер қызмет етті. Университетте бакалавриат, магистратура, аспирантура және PhD докторантура көп сатылы білім беру жүйесі енгізілген. Оқу үдерісі мен ғылыми зерттеулерді қамтамасыз ету үшін оқу-әдістемелік басқармасы, тіркеуші кеңсесі, жаңа ақпараттық технологиялар орталығы, қашықтан оқыту орталығы, ғылыми-зерттеу бөлімі, ғылыми кітапхана, баспа, спорт клубы және өзге де университет бөлімшелері қызмет көрсете бастады.
Республика жоғары оқу орындарының арасында 2003 жылдан бастап алғашқылардың бірі болып университет оқытудың кредиттік технологиясына көшті. Отандық білім беру жүйесі үшін жаңалық болып есептелетін бұл жүйемен оқытуда университеттің профессор-оқытушылар құрамы жақсы нәтижеге қол жеткізді.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің ұйғарымымен университет республика жоғары оқу орындарына оқытудың кредиттік технологиясын ендіру бойынша Консалтингтік орталыққа айналды.
2005 жылдан бері ТарМУ Жамбыл облысы сапа бойынша халықаралық стандарттар дәрежесіндегі сертификатты иеленген бірегей оқу орны. ТарМУ-дың барлық қызмет түрлеріне ИСО 9001 сериялы халықаралық стандарттар талабына сай сапа менеджменті жүйесі (СМЖ) ендірілді.
Жарты ғасыр бойы еліміздің түрлі салаларына мамандар дайындап келе жатқан М.Х. Дулати атындағы ТарМУ тарихы – дәстүрге, тамаша адамдарға бай Жамбыл облысындағы ең іргелі оқу орнына айналды.
ТарМУ ТАРИХЫ 2001-2008 ЖЫЛДАР АРАЛЫҒЫНДА
2001 жылдан бастап М.Х. Дулати атындағы ТарМУ-ды заң ғылымдарының докторы, профессор ӘБДІМАНАП ЕЛІКБАЙҰЛЫ БЕКТҰРҒАНОВ басқарды.
Университет алыс-жақын шетелдердің білім, ғылым ордаларымен байланысын нығайтты. Еліміздегі жоғары оқу орындарының арасында алғашқылардың бірі болып оқу үдерісіне оқытудың кредиттік технологиясы енгізілді.
Заман талабына сай университетте жаңа құрылымдар өмірге келді. Университеттің 8 факультетінде 57 мамандық бойынша мамандар дайындалды. Жалпы университет жаңаша бетбұрыс алды.
ТарМУ ТАРИХЫ. 1998-2001ЖЫЛДАР АРАЛЫҒЫ
М.Х.ДУЛАТИ АТЫНДАҒЫ ТАРАЗ МЕМЛЕКЕТТІК УНИВЕРСИТЕТІ 1998 жылы 24 наурызда жоғарыда аталған үш жоғары оқу орны: Жамбыл университеті, Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институты, Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институты негізінде құрылды.
Жаңа жоғары оқу орнын 2001 жылға дейін Уәлихан Қозыкеұлы Бишімбаев басқарды. Бұл кез университеттің рухани даму кезеңі болды. М.Х.Дулати оқулары жыл сайын өткізіліп, оған алыс-жақын шетелдерден ғалымдар қатысты. М.Х.Дулати мұралары зерттеліп, Үнді еліндегі баба басына тағзым жасалды. М.Х.Дулати оқулары жыл сайын өткізіліп, оған алыс-жақын шетелдерден ғалымдар қатысты. Жат жерде қалған баба қабірінің басынан топырақ әкелініп, университет алдындағы Дулати ескерткіші түбіне қойылды.
Университет мұражайы ашылып ол бүгінгі заман талабына сай жабдықталды. 1500 данаға жуық экспонаттар қойылды. Мұражай университет қонақтарының көз тоқтата қарайтын рухани орталығына айналды. Осының барлығы университет студенттерінің рухани дүниетанымына ерекше әсер етті. Оқу, ғылым үдерісінде де жаңа жетістіктерге қол жеткізілді.
ТарМУ ТАРИХЫ. 1996 ЖЫЛ.
1996 жылы мамырда облыс орталығында жаңа жоғары оқу орны – ЖАМБЫЛ УНИВЕРСИТЕТІ өмірге келді. Университеттің ректоры болып ҚР ҰҒА мүше-корреспонденті, техника ғылымдарының докторы УӘЛИХАН ҚОЗЫКЕҰЛЫ БИШІМБАЕВ тағайындалды.
Осы жылы қарашада университетке тарихшы, ойшыл, мемлекет қайраткері Мұхаммед Хайдар Дулати есімі берілді.
ТарМУ ТАРИХЫ 1992-1998 ЖЫЛДАР АРАЛЫҒЫНДА
1992 жылы ЖАМБЫЛ ГИДРОМЕЛИОРАТИВТІК-ҚҰРЫЛЫС ИНСТИТУТЫ институт ректоры болып ҚР ҰҒА мүше-корреспонденті, техника ғылымдарының докторы ЖҮСІПБЕК ТӘШІРБАЙҰЛЫ СҮЛЕЙМЕНОВ тағайындалды.
Жүсіпбек Тәшірбайұлы басшылық еткен жылдары институт АҚШ, Германия ғалымдарымен байланыс орнатылып, бірнеше ғылыми жобалар жасалды. Институт Қазақстанның жоғары оқу орындары арасында алғашқылардың бірі болып Ғылыми Кеңес құрды. Ел экономикасына қажетті «Су шаруашылығы», «Жерге орналастыру», «Гидравлика», т.б. мамандықтары бойынша диссертациялар Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтында қорғалды.
ТарМУ ТАРИХЫ 1973-1992 ЖЫЛДАР АРАЛЫҒЫНДА
1973-1992 жылдар аралығында ЖАМБЫЛ ГИДРОМЕЛИОРАТИВТІК-ҚҰРЫЛЫС ИНСТИТУТЫН академик, техника ғылымдарының докторы МАРС ФАЗЫЛҰЛЫ ҮРКІМБАЕВ басқарды (Одақ көлеміндегі 33 жастағы ЖОО-ның ең жас ректоры болатын).
33 жастағы жас ғалым-ректор институттың өсіп-өркендеуіне, Кеңестер Одағында ғана емес, әлемдік аренада да танымал болуына үлкен үлес қосты. Еліміздің ауылшаруашылығы, экономика, гидромелиорация, құрылыс саласына қажетті бірнеше жаңа мамандықтар ашылды. Оқытушы-профессорлар құрамының әлеуеті артты. Жоғары оқу орнының рухани әлемінде де тың серпілістер пайда болды.
Академик Марс Фазылұлы сол күндерді: «Жамбыл гидромелиоративтік құрылыс институтына алғаш ректор болған 1973-1974 жылдары күндізгі бөлімде 3-3,5-мыңдай кілең жігіттер оқитын. Біз өз студенттерімізге жақсы білім беру үшін ғана еңбек еткеніміз жоқ. Сонымен бірге басты мақсаттың бірі студенттер бойына адамгершілік сана мен мәдениетті қалыптастыру болды. Жоғарыда айтып өткенімдей өте күрделі жағдайдан шығу үшін біз мынадай екі жолды таңдадық. Біріншісі – спорт. Дәл осы жылдары біз талантты спортшы Серік Қонақбаевты, Сергей Громовты, Алмаз Мұсабековты таптық. Бұрын бокс секциясына 30-40 адам қатысса Серік Қонақбаев Нью-Йоркте әлем кубогін ұтып, артынша Мәскеу олимпиадасының күміс жүлдегері атанғаннан кейін бокс секциясына 1300-1400 жастар қатысатын болды. Екіншісі, біз «Су шаруашылығының экономикасы» мамандығын ашып, оған көптеген әдемі және ақылды қыздар оқуға түсті. Сөйтіп құрылысшылармен, механиктермен, гидротехниктермен экономистер көңіл қосқан институтта жас отбасылар өмірге келді. Осы мақсатта біз №3 жатақхананы отбасылы студенттерге бердік» – деп еске алады. Әрине, бұл Марс Фазылұлының студенттер өміріне байланысты бір сәттік қана естелігі.
Студент жастардың бастамасымен «Өз институтымды – өз қолыммен», – деген ұраны аясында институт құрылысына студенттер жаппай кірісті. Сол жылдары институт студенттері жатақхана, оқу корпустарын салу құрылысына белсене араласты. М.Ф.Үркімбаев ғимараттың жанында орналасқан химиялық тыңайтқыштар қоймасын қайта жөндеуден өткізіп, сол кездегі заманауи зертханалық ғимаратына айналдырды, әскери кафедраға қарасты алаңды көркейтуге және СОКП Облыстық комитетінің қолдауына ие болып, «Гидрокешен» аймағының ғимараттары мен зертханалық базасының жобалауы мен құрылысын ұйымдастыруға күш жұмсады. Бүгінде бұл студенттер қалашығына айналған Гидрокешеннің негізі болатын.
ТарМУ ТАРИХЫ. 1962 ЖЫЛ.
М.Х. Дулати атындағы ТарМУ-дың құрылуына негіз болған жоғары оқу орнының бірі – кезінде Кеңестер Одағына танымал ЖАМБЫЛ ГИДРОМЕЛИОРАТИВТІК-ҚҰРЫЛЫС ИНСТИТУТЫ.
Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институт 1962 жылы Қазақ ауылшаруашылығы институтының гидромелиоративтік факультеті негізінде ашылды. Институт өнеркәсіптік және азаматтық құрылыс, гидромелиорация, гидротехникалық құрылымдар және су электр стансалары құрылысы, сумен қамтамасыз ету және канализация мамандықтары, күндізгі және сырттай оқыту түрлері бойынша мамандар дайындады.
Институттың алғашқы ректоры техника ғылымдарының докторы, Қазақ ССР Ғылым Академиясының корреспондент мүшесі, Қазақ ССР-на еңбегі сіңген гидротехник РАХМЕТ ЖАНҒАЗЫҰЛЫ ЖОЛАЕВ болды. Гидротехника ғылымы саласында белгілі ғалым Рахмет Жанғазыұлы өзі іргетасын қалаған жоғары оқу орнын 1973 жылға дейін жемісті басқарды.
ТарМУ ТАРИХЫ 1991-1998 ЖЫЛДАР АРАЛЫҒЫНДА
ЖАМБЫЛ ЖЕҢІЛ ЖӘНЕ ТАМАҚ ӨНЕРКӘСІБІ ТЕХНОЛОГИЯСЫ ИНСТИТУТЫН техника ғылымдарының докторы, профессор Өскенбай Қабылбекұлы Мәдиев басқарған 1991-1998 жылдары білім ордасы заман талабына сай жаңаша даму кезеңін бастады. Институт ғылымы жан-жақты дамыды, бірнеше ғылыми-зерттеу орталықтары ашылып, институт ғалымдары ғылым үрдісінде бірқатар жаңалықтарға қол жеткізді. Материалдық-техникалық база заманауи жабдықтармен толықтырылды.
ТарМУ ТАРИХЫ 1987-1991ЖЫЛДАР АРАЛЫҒЫНДА
1987 жылы баламалы сайлау жолымен ЖАМБЫЛ ЖЕҢІЛ ЖӘНЕ ТАМАҚ ӨНЕРКӘСІБІ ТЕХНОЛОГИЯСЫ ИНСТИТУТЫ ректорлығына техника ғылымдарының докторы ВЛАДИМИР ИОСИФОВИЧ МИЛЛЕР сайланды.
Бұл жылдары институттың мәртебесі өсе түсті. Институт бірнеше шетелдік ғылыми-зерттеу орталықтарымен байланыс орнатып, бірнеше ғылыми, ғылыми-көпшілік конференциялар, кездесулер өткізді.