ФИЛОЛОГИЯ ЖӘНЕ ГУМАНИТАРЛЫҚ ҒЫЛЫМДАР ФАКУЛЬТЕТІ ҰЙЫМДАСТЫРУЫМЕН ЭССЕ БАЙҚАУЫ ӨТТІ

М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің Филология және гуманитарлық ғылымдар факультеті ұйымдастырған «Жас ұрпақтың миссиясы – ел ертеңін қалыптастыру» атты облыстық эссе байқауы өз мәресіне жетіп, салтанатты марапаттау рәсімі 2025 жылдың 5 қарашасында жоғары деңгейде өтті.

Бұл байқаудың атауының өзі терең мағынаға ие. Себебі ел ертеңін қалыптастыру – жас буынның қасиетті борышы, ұлт алдындағы ұлы миссиясы. Ұлы Абайдың «Болмасаң да ұқсап бақ, бір ғалымды көрсеңіз» деген даналық сөзі де жас ұрпақты ел мен халық игілігі үшін еңбектенуге, ізденіске шақырады. Дәл осы рух – байқаудың негізгі өзегіне айналды.

Шараның басты мақсаты – жас буынның шығармашылық қабілетін дамыту, тәуелсіздік құндылықтарын дәріптеу, сондай-ақ жастардың азаматтық ұстанымы мен елжандылық сезімін қалыптастыру болды.

Байқауға облыс көлеміндегі жалпы білім беретін мектептердің 5–10 сынып оқушылары қатысып, өз шығармаларында ел болашағына деген көзқарастарын, ұлттық сана мен рухани биіктікті көркем тілмен өрнектеді. Әрбір эсседен туған жерге деген сүйіспеншілік пен елге адалдық лебі сезілді.

Қазылар алқасы оқушылардың жұмыстарын мазмұнына, тілдік сауаттылығына, ой тереңдігі мен шығармашылық ерекшелігіне қарай бағалады. Нәтижесінде үздік деп танылған қатысушылар:

 I дәрежелі дипломмен,

 II дәрежелі дипломмен,

 III дәрежелі дипломмен марапатталды.

Сонымен қатар, жас дарындардың шығармашылық әлеуетін арттыруға елеулі үлес қосқан жетекші мектеп ұстаздарына Сертификаттар табыс етілді.

Салтанатты марапаттау рәсімінде факультет деканы, PhD доктор Исабекова Гүлнұр Болатбекқызы құттықтау сөз сөйлеп, жеңімпаз оқушыларға дипломдарын өз қолымен табыс етті. Өз сөзінде ол:

«Жас ұрпақтың миссиясы – елдің болашағын рухани, мәдени тұрғыдан байыту. Ел ертеңі – сіздердің саналы көзқарастарыңыз бен шығармашылық ізденістеріңізде», – деп атап өтті.

Ұйымдастырушылар барлық жеңімпаздарды және жетекші ұстаздарды шын жүректен құттықтап, шығармашылық табыс пен жаңа жетістіктер тіледі.

Байқау қорытындысында ұйымдастырушылар мұндай рухани-шығармашылық шаралар жастардың отансүйгіштік рухын оятып, ел болашағына деген жауапкершілігін арттыруға зор ықпал ететінін ерекше атап өтті.

«Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген халық даналығын ұстанған бұл байқау жас ұрпақтың бойына елге деген сүйіспеншілікті, жауапкершілікті және ізгілік құндылықтарын дарытқан тағылымды әрі рухани мәні зор шара болды.

Top