Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған он күндік мерекелік шара өз бастауын алды

2025 жылғы 5 қараша күні «Филология және гуманитарлық ғылымдар» факультетінде қазақтың ұлы ақыны, ағартушы, ойшылы Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толуына арналған онкүндік мерекелік шаралар легінің ашылу салтанаты өтті.

Іс-шараның мақсаты — Абай мұрасын дәріптеу, ұлы ойшылдың шығармашылық және философиялық көзқарастарын студенттер мен жас ұрпақ санасында жаңғырту болды.

Ашылу салтанаты рухани мазмұнға бай, әсерлі сәттерге толы болды. Шара аясында университет ректоры М.Байжуманов, факультет декандары, оқытушылар мен студенттер қауымы қатысып, Абай шығармаларынан шет тілдерінде мәнерлеп оқу, ән орындау, көрініс және бейнебаян көрсету ұйымдастырылды.

Сондай-ақ, алдағы он күнде түрлі бағыттағы танымдық, әдеби және мәдени іс-шаралар, дөңгелек үстелдер, поэзия кештері мен эссе байқауы өткізіледі деп жоспарлануда.

Бұл мерекелік шаралар сериясы факультет ұжымының рухани бірлігін нығайтып, студенттердің әдеби талғамы мен ұлттық құндылықтарға деген сүйіспеншілігін арттыруға бағытталған.

 «Өлді деуге бола ма ойлаңдаршы,
                           Өлмейтұғын артына сөз қалдырған».

Ұлы Абайға – 180 жыл! Абай Құнанбайұлы – қазақ халқының рухани темірқазығы, ұлттың ұжданы мен даналықтың символы. Оның өсиеті мен ойлары – әр дәуірдің жастарына бағыт беретін мәңгілік шамшырақ. Шара 14 қарашаға дейін жалғасады.

 

Top