Мерекелік кештің шымылдығы домбыраның күмбірлеген үнімен түріліп, жүрекке жылы тиер күйлер орындалды. Қасиетті қазақ даласының үніндей сыңғырлаған күй әуені көрермендерді ерекше әсерге бөледі. Іс шара барысында студенттер әуелете ән шырқап, әсем билеп, көпшілікті тәнті етті. Сонымен қатар, хордың орындауындағы халық әндері кештің сәнін келтіріп, мерекелік көңіл күйді одан әрі жандандырды.
Іс-шарада қызықты ойындар ойнатылып, жиналған жұртшылық нағыз мерекелік көңіл күйге бөленді. Әрине, Наурыз мерекесі қазақтың дархан дастарханынсыз өтпейтіні белгілі. Кеш соңында қонақтарға дәстүрлі тағамдар ұсынылып, барша қауым наурыз көжеден дәм татты. Құрт, бауырсақ, ірімшік, жент сияқты ұлттық тағамдар да дастарханның сәнін келтірді.
Бұл керемет мереке тек студенттердің ғана емес, барша жиналған қауымның жадында ұзақ сақталары сөзсіз. Наурыз – жақсылықтың, бірліктің, молшылықтың мерекесі. Осындай рухани байлыққа толы кештер әрдайым жалғасын таба берсін!
20 наурыз, 2025 жыл