Мен өзімнің материалымда қазақ лексиконындағы ең жиі қолданылатын сөздердің әлеуметтік желілерде қалай қате жазылып жүргендігін таддап көрдім. Мәселен, қазақ лексиконындағы қолдану жиілігі жоғары сөз «рақмет», осы сөзді «рахмет» деп жазады, сонымен қатар бірге жазылатын «алғысхат» сөзін «алғыс хат» деп бөлек жазады, «біз», «шаш» деген көптік мәнді сөздерді «біздер», «шаштар» деп көптік жалғауларын қосып жазатындарды да байқаймыз. Былтыр әл-Фарабидың мерейтойына орай жазылған жазбаларда ұлы философтың тегіне қосымшаны түрліше жалғады, біреулері «Фарабидің» десе, екіншілері «Фарабидың» деп жазды. Әрине, дұрысы – «Фарабидың». Себебі қазақ тілінің емле ережелеріне сай «ов», «ев», «и» қосымшаларына қарай жалғауды жалғамаймыз, сөздің түбіріне орай жалғанатындығын бірі білсе, бірі білмей жатады. Тура осы секілді елімізде «Волонтерлер жылы» жарияланғанда, актив сөз болған «волонтер» сөзіне де қосымшалар түрліше жалғанды. Мәселен, «волонтерға», «волонтердың», «волонтерлар», «волонтерлық» деген сөздерді көп кездестіруге болады. Кейбір материалдарда «еріктілер» деген аудармасын да қолданды. Қазақ тілінің орфографиясында «волонтер» сөзіне жіңішке қосымша жалғанатындығы анық жазылған. Сол себепті «волонтерлер», «волонтерге», «волонтерлік» болып жазылады.
Тағы бір айтатын жайт, қазақ тілінде буын үндестігіне бағынбайтын «нікі, -дікі, -тікі» қосымшаларды сөзге жалғағанда, түрлендіріп жазу. Мәселен, «әкімдікі» деп жазудың орнына «әкімдыкі», «қазақтікі» деп жазудың орнына «қазақтыкі», «баланікі» дегенді «баланыкі» деп қате жазады. Тіпті, қазақ тілінде «тыкі, ныкі, дыкі» деген қосымша жоқ қой.
«Ма, ме, ба, бе, па, пе» сұраулық шылауларын орынсыз тіркестіріп жазу да байқалады. Мәселен, «Қызық емес па?», дұрысы – «Қызық емес пе?». Себебі «емес» жіңішкелік мәнге ие сөз болғандықтан, қазақ тілінің үндестік заңына орай оған «ме» деген сұраулық шылау тіркесуі қажет. «Ол жүрмей ма?» деп жазылған, дұрысы «Ол жүрмей ме?» т.б. Қазақ тілінде ең көп қолданылатын сөз «атсалысу», осы біріккен актив сөзді «ат салысу» деп тіркескен сөз етіп жазады. «Атсалысу» - көмектесу, қолғабыс ету, қатысу деген мағынаны білдірсе, «ат салысу» деген тіркестің мағынасы «атты салысу» ма? Бұл тіркесте мағына да жоқ. Сонымен қатар «сұхбатты» - «сұқбат», «дастарқанды» - «дастархан» деп жазады. Тізе берсек, әлеуметтік желілердегі мұндай қателіктерді жиі кездестіреміз. Жоғарыда келтірілген мысалдардың орфографиясы туралы жалпы білім мектеп қабырғасында беріледі. Сонымен қатар қазіргі таңда мемлекеттік тілде ақпаратты сауатты жазу үшін, тіпті, кітап ақтарудың да қажеті жоқ, емле.кз, терминком.кз, қазақ тілінің ұлттық корпусы, атау.кз деген секілді цифрлы бағдарламаның көмегіне жүгінуге болады. Олар қолжетімді, әрі ыңғайлы. Сонымен қатар қазақ тілді ақпарат құралдары – мемлекеттік тілдегі материалдардың сауатты жазылуына мұрындық болу керек. Себебі қазіргі таңда жалпы халық сауатты жазуды ақпараттық медиа кеңістіктен үйренеді.
Қазіргі заман адамдарын, әсересе, жастарды әлеуметтік желісіз елестету мүмкін емес, десек те ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов айтқандай: «Тіл тазалығын сақтау – біздің патриоттығымыз бен сауаттылығымызды арттырады»,-дейді. Бүгінгі күннің талабы қазақ тілін жай меңгеру ғана емес, оны сауатты меңгеру болу керек.
Дулати университеті,
Балмира Жүнісбекқызы