Жаңа кезеңде ғылымды дамытуға көңіл бөлу керек

Жаңа кезеңдегі Қазақстанның өркендеуінің басты бағытының бірі– ғылымды дамыту болуы тиіс.
Себебі, өркендеуді ойлаған ел ең алдымен салауатты, саналы, білімді, ақыл-парасаты мол және ғылыми-мәдени өрісі кең ұрпақ тәрбиелеуге көңіл бөледі. ХХІ ғасырға аяқ басқалы бері жаһан жаңа технологиялар дәуіріне өтті. Адамзаттың өмір сүру тәртібі өзгерді, себебі күн сайын жаңа технологиялар дүниеге келіп жатыр. Адам смартфон мен компьютердің соңғы шығарылған үлгісін меңгеріп болам дегенше жаңа технологиядағы үлгісі шығып үлгереді. Ғылымы мен технологиясы дамыған елдер әлемді жаулап алуда. Осындай алпауыт мемлекетпен біздің жас отанымыз тек ғылымы арқылы бәсекелесе алады. Ал жастардың мектептен бастап ғылымға деген қызығушылығын арттыру – бүгінгі күннің басты талабына айналып отыр.

2

Осыны ескеріп, 12-сәуір Ғылыми қызметкерлер күніне орай М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті Филология және журналистика кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының докторы Меруерт Көпбаева №5 Жамбыл Жабаев атындағы мектеп гимназиясының 10 сынып оқушылармен кездесу өткізіп, «Жаңа Қазақстандағы ғылым мәселесі және алғышарттары» тақырыбында пікіралмасты. Мақсат – қазіргі жастарды ғылымға баулу, оқушылардың білім мен ғылымға деген қызығушылығын арттыру, отандық ғылымның жетістігін насихаттау, үлгілі жас ғалымдарды таныстыру.

Профессор М.Көпбаева өз сөзін «Ғылымы жоқ елдің болашағы бұлыңғыр» деген әл-Фараби бабамыздың қанатты сөзінен бастап, қазіргі жаһандану заманында ғылымы дамыса, мемлекет те өркендейтінін түсіндіріп өтті. Тәуелсіздік алғалы Қазақстанда ғылымды дамыту саласы тұралап қалғанын, бірақ қазірде Білім және ғылым министрлігі бұл бағытта жүйелі саясатты жүргізіп отырғандығын тілге тиек етті. Әлеуеті әлсіреген ғылымды дамытуға бірнеше уақыт керектігін айтып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазір той қуалайтын емес, ой қуалайтын кезеңмен бетпе-бет келдік. Бұл дәуір – ақыл-ойдың, ғылым мен білімнің, еңбектің дәуірі» деген сөзімен өз ойын жалғастырды. Осы орайда ғылымның дамуына қатысты жүйелі саясат құрылып, жеткілікті қаржы бөлініп, мақсатты түрде шаралар қолданса, Қазақстандық ғылым әлемнің дамыған елдерінің ғылымымен жарыса алатындығын, оған жетекші және жас ғалымдардың әлеуетінің жететінін сөз етті. Өз кезегінде оқушылар да сұрақ қойып, тұщымды жауаптар алды. Профессор М.Көпбаева жастарға қарап, алдағы уақытта біздің жас өнертапқыштар, ғалымдар тың дүние жасап, "Қазақстанда жасалған" таңбасы бар технологиялар шығаратындығына сенім білдірді.

Top