«Bauyrsaq&Koje Party» атты іс-шарада университеттің тәрбие жұмыстары мен әлеуметтік мәселелер жөніндегі департаментінің директоры Алуа Ахмедиярқызы жатақхана жастарын төл мерекемен құттықтап, Ұлыс күнінің құндылығын түсіндірді.
Мың бұралған биші қызымыз Гүлдана Жұмаділ өнер көрсетіп, Аят Бәтей көпшілікке мерекелік арнауын жеткізді. Студенттер арасында интеллектуалдық, асық ойындары ойнатылып, ақын қызымыз Анар Әуесбектің әсерлі жыры көңілімізді жадыратты.
Дастархан басында қонақтарға тағам ұсынып тұрған қыздар ұлттық киім арқылы мәдениетіміз бен өнеріміздің озық үлгісін көрсетті. Адамдардың ынтымағы жарасып, пейілі кеңейетін осынау айтулы мерекеде барлығымыз наурыз көжеден тоя іштік, асты қадірлей білетін қазағымның ұлттық тағамдарынан дәм таттық. Ұлтымыздың мерейін өсіріп, бар болмысымызды айшықтайтын Наурыз мерекесін лайықты деңгейде атап өттік деп айтсам артық етпес. Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!
Ұлжан Әбуова,
«Конвергенттік журналистика» ББ-ның 1-курс студенті