ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ҰЛЫ КӨШБАСШЫСЫ

М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті Гуманитарлық-әлеуметтік ғылымдар факультеті «Қазақ және орыс тілдері» кафедрасы оқытушыларының ұйымдастыруымен аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік еңбек ері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы Д.А. Қонаевтің 110 жылдығына орай «Ұлы даланың ұлы көшбасшысы» атты аймақтық ғылыми-практикалық конференция өткізілді. Өткізілген іс-шараға университетіміздің студенттерімен қатар қаламыздың өзге оқу орындарының студенттері және мектеп оқушылары қамтылды. Конференцияда ұлы тұлғаның өмірі мен мемлекеттік қызметі, оның республикамыздың әлеуметтік-экономикалық, ғылыми әлеуетін дамытуға қосқан үлесі, саяси және құқықтық көзқарастары туралы естеліктер айтылды. Мақсаты: Аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерінің халқы үшін аянбай еңбек етіп, еліміздің өркендеуіне өзінің зор үлесін қосқан еңбегі туралы жастарымызға дәріптеу, олардың бойында патриоттық сезімдерін ояту.

Кемеңгер тұлға 50 жыл ел ағасы болып, мемлекетіміздің қалыптасуына көп еңбек сіңірді. Қазақстан тарихында есімі алтын әріппен жазылған айтулы тұлға еліміздің өнеркәсіптік базасын, құрылыс инфраструктурасын, ғылымы мен білімін, мәдениеті мен спортын өркендетуге зор үлесін қосты.

Ұлы Абай айтқандай ақыл, қайрат пен жылы жүрек үшеуін бірдей ұстаған Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев-құрметті азамат, көрнекті қайраткер, ұлы адам, ірі тұлға. Асқар Алатаудай асқақтаған тұлға халқы үшін қалай аянбай еңбек етсе, елі де оны дәл солай ұлықтап, төбесіне көтереді.

Қазақ халқының біртуар перзенті Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың бүкіл өмірі мен игілікті қызметі ұрпақ үшін отаншылдықтың, тектілік пен отанға аянбай қызмет етудің сарқылмас қайнар бұлағы болатынына сенеміз.

Top