БОЛАШАҚ ЖУРНАЛИСТЕР УНИВЕРСИТЕТ МҰРАЖАЙЫНДА ҚОНАҚТА БОЛДЫ

Мұражай - өткен уақытпен жүздесе отырып, бүгінгі өмірге тарих парасатымен қарайтын орын. Бұл ғасырлар таңбасы мен табы қалған жәдігерліктер мен заттарға ой көзімен қараудың, заманалар айнасына қарап, ел мен елдік жолын пайымдаудың айрықша мүмкіндігі дер едік.

Жуырда М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің гуманитарлық-әлеуметтік ғылымдар факультеті "Филология және журналистика" кафедрасының веб журналистика мамандығы бойынша білім алып жатқан 1-курс студенттері университет мұражайында қонақта болып қайтты. Студенттердің рухани ой-өрісін дамыту, мәдени сауатын арттыру мақсатында жүзеге асырылған бұл бастама - өз кезегінде айтарлықтай ұтымды, тиімді болуымен қатар, өз нәтижесін көрсетті. М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің мұражайы -2001 жылдың 5 маусымынан бастап өз жұмысын атқаруда. Мұражай құрылымы бойынша-5 бөлімге бөлінген, яғни, 5 залдан тұрады. Студенттермен мұражайға аяқ басқан сәттен бізді Аспет Ақбайқызы мен Ақсауле Тортайқызы жылы қарсы алды, тарихи-мәдени мұралар бірінен соң бірі әсемдігімен көзге түсіп, айрықша әсер қалдырды.

Бірінші залда М.Х.Дулатидың өмірбаяны және еңбектерімен таныстық. Сондай ақ, төрде бабамыздың бюстінің орналасуы - залдың көркін ашып, ерекшелендіріп тұрды. Екінші зал - университетте басшылық қызметте болған ректорлар залы болса, үшінші зал - университеттің кешегі мен бүгінгі даму тарихына арналған үлкен бөлімнен тұрды. Төртінші зал - "Халықаралық байланыс залы" деп аталса, соңғы залда қазақ халқының тұрмыстық-этнографиялық өмірін бейнелейтін қолөнер туындыларымен таныстық. Әр студент өз қызығушылықтарын білдіріп, рухани түрде ой-өрістерін дамытып қайтты деген ойдамыз.

Top