ПСИХОЛОГИЯ - БОЛАШАҚТЫҢ МАМАНДЫҒЫ

Адам жанын түсіне білу, оны зерттей білу - үлкен өнер. «Армансыз адам- қанатсыз құспен тең» дегендей, оқушылар мектеп бітірген соң, өзі армандаған бір мамандықтың иесі болады. Жас жеткіншектер мамандық таңдауда қателеспеуі керек. Мамандықты дұрыс таңдай білген адам: «Мамандығым - мақтанышым» дей отыра, сол мамандықтың қыры мен сырын меңгеріп, шыңына талпынатын болады. Мамандық - жай күнелту, ақша табу емес. Әр адам өз мамандығынан рухани күш алып, еңбектің рахатын көреді. Адам атақ-абыройға кенеледі. «Ұялмаған әнші болады, Ерінбеген етікші болады» деген халқымыздың даналық сөзі бар. Тіпті етікші болсаң да, өз ісіңнің шебері болуың керек.

Міне, осынау ХХІ ғасыр дәуірінде қым-қуыт, адамы мен заманы көптеген өзгерістерге тап болған кезеңде психолог мамандығы қажет. Психолог ең алдымен адамның ішкі жан дүниесін зерттейтін маман. Оның міндеті ортаға жақсы ахуал туғызып, күйзеліске ұшыраған адамдарға дұрыс бағыт-бағдар беріп, жол көрсету. Ата-баба дәстүрінен бастау алған жан жарастығы мен жайсандығын әрі қарай жалғастыру, жас ұрпақ санасына қалыптастыру үшін ақын Шәкәрім сөзімен айтсақ, ар ғылымы мен ішкі жан сыры іліміне ерекше көңіл бөлінуі керек. Ұжымдастар зор табысқа жетіп, береке-бірліктерінің мықты болуына, студенттер сапалы білім алып, саналы тәрбиеде болуына университет психологтарының үлесі бар деп есептеймін. Еліміз егемендік алғаннан бері оқу, тәрбие саласында көптеген өзгерістер енгізілді. Солардың бірі - өсіп келе жатқан жас ұрпаққа дұрыс тәрбие негізін қалыптастыру. Әрбір студентті жеке тұлға деп танып, ғылыми, рухани мұраларды игерген, шығармашылық ой-өрісі бар, компьютерлік сауаттылығы мен ақпараттық мәдениеті қалыптасқан жастарды тәрбиелеу бүгінгі күннің ең негізгі мақсаттарының бірі.

Халқымыз қашаннан еркіндікті аңсаған, адал, арлы халық. «Басымнан дұшпан сөзін асырмаймын, дұшпан сөзі басымнан асып кетсе сен түгіл ханыңа да бас ұрмаймын» деген. Ұлт болашағы - балаларын да отбасында адалдыққа, еңбек сүйгіштікке, батырлыққа, бауырмалдылыққа тәрбиелеген. «Балаларға оқу-білім берілсін. Сонымен қатар сұлу мінез, әртүрлі өнермен өрілсін», - деп Жүсіп Баласағұн айтқандай, тәуелсіз мемлекетіміздің тізгінін ұстайтын азаматтарды тәрбиелеуде ғасырлар бойы пайдаланып келе жатқан халықтың салт-дәстүрі мен ұлттық тәрбиесі бүгінгі күнде де оқу-тәрбие саласында тиімді қолданылуда. Тұңғыш Президент - Елбасы Назарбаев: «Рухы биік халықтың іргесі де берік, әлеуметі де қуатты, ынтымағы жарасты болады деп есептеймін. Өйткені ұлт тәрбиесі ұлттық рухпен тікелей байланысты екені хақ», - деген.
         Ерте замандарда халқымыз балаларын дәстүр бойынша дуалы ауыз би шешендер мен көсемдердің, даналардың қасына отырғызып, сөздерін тыңдатқан. Бұл дана адамдардың жақсы қасиеттері жұғысты болсын деген ниеттен туған. Қазіргі таңда жас жеткіншектерге ұлттық тәлім берудің этнопсихологияның маңызы зор. Халық ауыз әдебиеті этнопсихологиямен өте тығыз байланыста. Мұны дана Абайдың, Шәкәрімнің, Жүсіпбектің, Мағжанның және басқа да ақындардың шығармаларынан байқауға болады. Әсіресе, Абайдың өлеңдеріндегі, қара сөздеріндегі даналық, қанатты сөздерді көп қолданылады. Мысалы, Абай психолог ақын ретінде қазіргі түсінік бойынша, жан деп адамның рухани күшін айтқан. Адамның білсем, үйренсем деген ой, сезім, тілек мүдделерін өсіру қажет, сол жолда қажымай, талмай еңбек ету керектігін түсіндіреді.

Өзің үшін үйренсең,

Жамандықтан жиренсең,

Ашыларсың жылма жыл,- дейді дана Абай.

Не дегенімен, психологияны ұнатып түскен дұрыс дер едім, өйткені көп студенттер психология жеңіл мамандық деп есептейді, әлбетте олай емес. Психолог болу үшін сен мамандықты ғана емес, сонымен бірге, тұлғалық қасиеттерді де бірге дамытуға тиісті боласың.

Ал жақсы психолог болып қалыптасу үшін жоғарыда көрсетілген қасиеттермен қатар, әрбір істі шығармашылықпен, адамгершілікпен шешуді қажет ететін интуиция, дәлдік, тапқырлық, мейірімділік сияқты қасиеттер болуы қажет деп есептеймін. Осының нәтижесінде психолог - көмекші, психолог - өзгелердің жан-дүниесін терең түсінетін немесе түсінуге ұмтылатын - зерттеуші, психолог - өзгелердің жан ауруын емдеп жазуға ұмтылатын – қолдаушы. Бүгінде адам тәнін дәрігер емдесе, жанын психолог емдей алады. Әр адамның жан дүниесін терең түсініп, оған көмек беру тек мамандықты талап етпейді, адамға деген ізгілік пен мейірімділіктен туындайды. Психолог өзгелердің жанын ауыртпайды, керісінше жан дүниесі күйзеліске түскен жандарға өзінің психология әлемін шарлап, жанына дауа іздейді. Осындай жақсы қасиеттерді бойына сіңіріп, еңбек жолын бастаған әрбір жас психолог өз мамандығы арқылы қоғамға, жалпы адамзатқа тигізер пайдасы көп екеніне сенемін. 

Бүгінгі таңда М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті аймаққа білікті психолог мамандарын даярлауда айрықша жоғары оқу орны болып табылады. Университетімізде «6В03111 - Әлеуметтік саладағы психология», «6В03112 - Білім беру саласындағы психолог қызметі» білім беру бағдарламалары аясында оқып жатқан студенттеріміздің мүмкіншіліктері мен артықшылықтары көп.

Бізде оқыған студенттерге барлық жағдай жасалған. Студенттер үйінде тұруға, академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында шетелде және басқа қалаларда білім алуға, ғылыммен айналысуға, беделді мекемелерде тәжірибеден өтуге мүмкіндік бар.

Төрт жылдық білімнен кейін психология мамандығы түлектері түрлі салаларда мынадай қызмет ете алады:

  • · орта оқу орындарында психология пәнінің оқытушысы;
  • · фирмалар мен банктерде психолог-кеңесші;
  • · практик психолог;
  • · денсаулық сақтау және білім беру жүйесінде, отбасы қызметтерінде практик психолог;
  • · мемлекеттік басқару органдарында және қоғамдық ұйымдарда кеңесші-психолог;
  • · заң мекемелерінде және соттық-психологиялық сараптамада психолог-сарапшы;
  • · әскери және құқықтық мекемелерде тәрбиеші-психолог;
  • · әртүрлі ұйымдардың кадр таңдау қызметінде персонал бойынша психолог-менеджер;
  • · Ішкі істер министрлігі органдарында психолог;
  • · имиджмейкер, саяси психолог;
  • · әртүрлі әлеуметтік саладағы психолог.

Халқымызда «Жас келсе - іске» деген керемет сөз бар. Демек, бойымыздағы жастық жігерімізді, күш-қуатымызды, жаңашылдығымызды талапты әрі талантты шәкірт тәрбиелеуге жұмсауымыз керек. Болашақта өз мамандығымның биік белестерін бағындырсам, елім үшін өзімнің аз да болса үлесім тиіп жатса, мен өзімді мықты психолог, бақытты жанмын деп есептеймін.

Сандуғаш Үсенова,
«Инклюзивті білім берудегі психологиялық бейімделу»
орталығының аға үйлестірушісі,
«Психология және педагогика»
кафедрасының аға оқытушысы

 

Top