«Су шаруашылығы және табиғатқа үйлестіру» институтының «Мелиорация және агрономия» кафедрасының «Агромелиорация» студенттік ғылыми үйірмесінің жетекшісі Сандуғаш Бауыржанқызының ұйымдастыруымен осындай түйткілді мәселелер мектеп және колледж түлектерінің қатысуымен өткен семинарда талқыланды. Семинарда «Еліміздің шөлейтті жерлерін рекультивациялау», «Тараз өңірінің тұрмыстық қалдықтармен топырақ қабатының бұзылуы және оның алдын алу», «Шу және Талас өзендері алаптарының жағдайы және оларды мелиорация мүддесіне пайдалану мүмкіндіктері», «Қазақстанның бүлінген жерлерін қайта қалпына келтіру, «Топырақтың ластануы», «Топырақ эрозиясының түрлері және олардың зияны», «Орман жолағы және мелиорация» сынды тақырыптарда баяндамалар оқылды.
Іс-шараға Тараз қаласындағы Ю.Гагарин атындағы №29, Керімбай атындағы №12 мектеп-гимназиясынан жас зерттеушілер мен жетекшілері қатысты. Олардың ұсынған жобалары әділ сараланып, үздіктері І дәрежелі дипломдармен және сыйлықтармен, ал жетекшілері «Жетекшілік еткендігі үшін» деген дипломдармен марапатталды.
Дәнді ексек бізге өнімін, жемісін беретін, бізді азықтандыратын Жер ананы ешқандай деградацияға ұшыратпай, пайдаланған күннің өзінде оның құнарлылығын не болмаса таза табиғи күйін сақтау біздің қолымызда. Семинарға қатысқан әрбір қатысушы топырақты дұрыс пайдалануды, олардың жолдары, бүлінген жерлерді қалай қалпына келтіретіндігі жайында білім алып, болашақта титтей де болса да туған топырағымызды ешқандай бұзылуға ұшырамайтындай етіп пайдалануға үлестерін қосады деген үміттеміз.
Сандуғаш Қоңыр,
«Мелиорация және агрономия» кафедрасының оқытушысы, «Агромелиорация» СҒҮ жетекшісі.