Өркениетті қоғам заң мен тәртіпке жүгінеді. Бұл, біріншіден, мемлекеттің басты капиталы – адамның қауіпсіздігін, құқығын қорғау үшін қажет. Екіншіден, ол – елдегі ішкі тұрақтылықты сақтаудың жолы. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халқына арнаған Үндеуінде заң мен тәртіп еліміздің игілігі мен берекесінің негізгі кепілі екенін атап көрсеткені де, сондықтан. «Бұл тек Қазақстанға ғана емес, барлық өркениетті мемлекетке тән. Бұл азаматтардың бостандығы мен адам құқығын шектеу деген сөз емес. Керісінше, Алматыдағы және Қазақстанның өзге де қалаларындағы қайғылы жағдай заңның сақталмауы, шектен шыққандық және анархия адам құқығының бұзылуына әкеп соқтыратынын көрсетті», - деген Мемлекет басшысының сөзі – шындық.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мәжілісінің отырысында елімізді дамудың жаңа белестеріне бастайтын реформалар мен нақты іс-шаралар жоспарын ұсынды. Бұл қадам Қазақстанды егемен ел ретінде қуатты мемлекетке айналдыратын, экономикалық өсімге қарқын қосатын, азаматтарымыздың әлеуметтік жағдайларын жақсара түседі деп сенеміз.
Бейбіт шерумен басталған Қаңтар оқиғасының соңы қақтығысқа ұласып, қаншама бейбіт адамдар және құқық қорғау қызметкерлері зардап шекті. Енді елімізде мұндай жағдайдың қайталануына жол берілмеуі қажет. Өзгерістердің әрбір жан өзінен, өз отбасынан бастауы тиіс. Ол үшін екшеусіз, толассыз келіп жататын ақпараттар ағынынан ақиқатын ажырата алатындай, санамыз ашық болуы тиіс. Ол үшін балаларымызды, жастарды және студенттерді туған елін сүюге, ардақтауға және құрметтеуге тәрбиелейік. Еліміз бәрімізге ортақ, егемендігімізді қадірлей білейік, егемендік – ең қымбат дүниеміз, сол үшін аянбай, адал еңбек етейік!
Жас ұрпақтың болашағы жарқын, алар асулары биік, тұғыры берік болып, мемлекетімізді көркейтуге өз үлестерін қоса берсін деп тілейік.
С. Жолдасов, «Су ресурстары» кафедрасының меңгерушісі т.ғ.к., доцент
М. Байжігітова, «Су ресурстары» кафедрасының аға оқытушысы