Экология ғылымындағы алтын діңгектердің бірі

Исан Сапиұлының мына ғажайып өмірде қол жеткізген жемістерінің бәрі ең алдымен еңбек, ең бастысы, шаршамай ізденістің, қалтқысыз қызметінің арқасы десек артық айт­қандық болмас. Жастайынан ауыр еңбектің дәмін татқан Исан ағамыздың өмірде, ғылымда жолы болмауы мүмкін емес еді. Алаңсыз ізденіс оны неше алуан биіктерге көтерді. Ең ғажабы ол табиғаттың тазалығын қорғаушысына айналды. Оның еңбектерімен таныса отырып жердің киесін, таза ауаның қадір-қасиетін, құнарын, жер байлығының  сыр-сипатын Исан ағамыздай білетін жандар сирек шығар деп түйдім. Ол тек табиғаттың қорғаушысы ғана емес, сонымен қатар тілдің қорғаушысы.

Исан ағаның тағы бір қасиеті оның қазақтың әндеріне деген ынтықтығы, құмар­лығы, әншілігі. Ол табиғатты қалай қадірлесе, қазақтың қара өлеңін, халық әндерін сондай құрмет тұтады. Оның қазақы болмыс-бітімін нәрлендіріп тұрған осы қазақ әндеріне деген іңкәрлік. Еңбектің еленгені жақсы. Ол сол еңбегі еленген жандардың бір де болса бірегейі. 

ҚазКСР Жоғары оқу министрлігінің 2 Құр­мет грамотасы, ҚазПТИ-дың 50 жылдығына «Еңбек арда­гері» медалі, «Қазақ стан Республикасының ғылымын дамытуға сіңір­ген еңбегі үшін», Қ. Сәтбаев атындағы ҚазПТИ- дің (ҚазҰТУ) «Үздік түлек», Қазақстан Республикасының «Үздік оқытушысы», «М.Х. Дулати» төсбелгілері, Жамбыл облыстық Мәслихатының Құрмет грамотасы, ҚР Білім және ғылым министрлігінің  Құрмет грамотасы, Экология және тіршілік ету қауіпсіздігі Халықаралық Ғылым академиясының «Ғылымға сіңірген еңбегі үшін», В.И. Вернад­ский және М.В. Ломоносов, Ресейдің Жаратылыстану ғылымдары академиясы «Labore et scientia – Трудом и знанием» ордендері, отандық ғылымды дамыту­дағы жетістіктері үшін В.И.Вернадский атындағы медальдары соның айғағы.

Тағы бір атауға тұрарлық үлкен қасиет – адам қанша мақтау, мадақ сөз естіп жатқанмен, сол табиғи қарапайымдылығынан танбай жүруінде. Оның осы қасиеті де баршамызға үлгі. Оған Алла тағала айтатын ой берген, соны жеткізе алатын шешен тіл берген. Жыл сайын жағадан қабылданған студенттер мен бітірушілерге ақ батасын беретін ақсақалымыздың аман-есен ортаңда жүргені қандай ғанибет. Исан Тілегенов 1962 жылы Шымкент қаласындағы политехникумды бітіргеннен кейін жолдамамен Текелі қорғасын-мырыш комбинатына барып, алғашқы кезеңде Көксу кенішінде кезекші электрик, электромеханик, ауысым басшысы, учаске басшысы болды. 1975 жылы институтты бітірген соң ҚазПТИ-дің (қазір академик Қ. Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ) Қаратаудағы филиалына жолдамамен келіп оқы­тушы, кафедра меңгерушісі, декан болып қызмет атқарды.

1997 жылы ҚазПТИ-дің Қаратаудағы филиалын Жамбыл университетіне қосқан ке­зеңнен «Қолданбалы экология» кафедрасына доценттік қызметін, 2003 жылдан 2008 жылға дейін «Мұнай-газ ісі» кафедрасының меңгерушісі болды, қәзіргі осы кафедрада профессор қызметін атқаруда. Исан Сапиұлының алғашқы ғылыми жұмыстары 1977 жылдан бастап Қаратау өндірістік бірлестігіне қарасты «Молодежный», «Ақсай» және «Ақбақай» тау-кен байыту комбинатына қарасты «Ақбақай» жерасты кеніштерінде шаң- тозаңдарды басу, улы газдарды зиянсызданды­ру, жерасты ұңғымаларын желдетуді жетілдіру мәселелерін зерттеуге бағытталды.

Зерттеу  нәтижелері 1987 жылы Ленинград қаласындағы Г.В. Плеханов атын­дағы тау-кен институтында кандидаттық дис­сертациясын қорғауға,2004 жылы М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде докторлық диссертациясын қорғауға арқау болды. Профессор И.С. Тілегеновтің кптеген шәкірттері ғылыми-зерттеу институттарында, жоғары оқу орындарында және ірі кәсіпорындарда жемісті қызмет атқарып жүр. Ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелері негізінде 150-ден астам ғылыми мақаласы, оның құрамында 3 оқу­лық, 6 оқу-әдістемелік құрал, 8 авторлық куәлік, 3 монография баспадан шығарылды.

Оның оқу құралдары жоғары оқу орындарының оқу үрдісінде негізгі оқулық ретінде пайдаланылуда. Білім беру ісіндегі жоғары дең­гейдегі жетістіктері үшін И.Тілегенов 2 рет «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» мемлекеттің гран­тының иегері атанды(2008, 2018 жж.). И.Тілегенов Экология және тіршілік ету қауіпсіздігі Халықаралық Ғылым академиясының және Ресейдің жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі. Профессор И.С. Тілегенов ғылы­ми жетекшілігімен бір докторлық диссертация, алты кандидаттық дисссертация, екі магистрлік диссертациялар қорғалды.

ЖШС «Амангелді­Газ» кәсіпорнының газ өндіру, дайындау, өңдеу технологиялық үрдістеріне негізделіп макет жа­салынды және лекция-практикалық дәрістер өткізілді, оқу үрдісіне жаңа инновациялық технологиясын іске асыруда И.Тілегеновтің ерекше үлесі бар. Қазіргі уақытта Исан Сапиұлы дәстүрлі емес энергия көздерін өндіру, яғни биогаз өндіру және оны пайдалануды жүзеге асыру бойынша зерттеулермен шұғыл­данып, оларды өндіріске енгізу жө­нінде әртүрлі басылымдарда ғылыми мақалаларын жариялап жүр.

Сексеннің сеңгіріне шыққан Исан Сапиұлы бүкіл саналы өмірін ғылымға арнаған, өзі қызмет ететін жоғары оқу орнына шексіз берілген, университетіміздің нағыз патриоты, тіпті іргелі ұжымның беделін еңбегімен еселей арттырып, еліміздің экология саласында арқасүйер алтын діңгектерінің бірі болып отыр. Міне, осы айтылғандарға сүйене отырып біз оны табиғаттың қамқоршысы дейміз.

Кенжеғали ШИЛІБЕК,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік
университетінің факультет деканы,
техника ғылымдарының кандидаты, доцент

Top