ДУЛАТИ ҒАЛЫМДАРЫНЫҢ ШАҒЫН ГЭС ЖОБАСЫ ӨНДІРІСКЕ ЕНГІЗІЛЕДІ

Тараз қаласында өткен инноваторлардың көрмесінде Дулати университетінің ғалымдары көпшілік назарына бірнеше инновациялық жобаларды ұсынды. Өнертапқыштардың теориялық және практикалық зерттеулерінде оң нәтиже көрсетіп, экономикалық негіздемелері жасалған ұсыныстар тиісті сала басшыларының қызығушылығын туғызды. Соның бірі – шағын ГЭС.

Жоба тиімді болғандықтан, жергілікті атқарушы органдар тарапынан қолдау тауып отыр. Оны өндіріске енгізуге облыстық бюджеттен қаржы қарастыруға да дайын. Әзірге, 10 миллион теңге қаражат бөліп, құрылғының алғашқы тәжірибелік үлгісін жасап, іс жүзінде сынап көрмекші. Апрабациядан өтсе, қаланың каналдарына қойып, энергия өндіруге кіріседі.

Бұл – Архимед бұрандасы негізінде жасалған контейнерлік типтегі шағын электр энергиясын өндіретін жоба. Ерекшелігі – кішігірім су арналарына арналғандығында. Мәселен, Тараз қаласындағы Сеңкібай, Қапал, Үшбұлақ, Қарасу – 1, Қарасу – 2, Төрегелді, Базарбай, Түйте каналдарына арнайы құрылғы орнатып, энергия алуға болады.

«Оның механизмі мынадай: еркін ағып жатқан су энергия өндіретін шағын үлгідегі бұрандалы бұрандаорнатылған науаға құйылады. Су өз массасымен ұзын науағаәсер етіп, бұранданы айналдырады. Жүйе Архимед бұрандасының принципі бойынша жұмыс істейді. Бұрандалы шағын ГЭС-тің айырмашылығының өзі осында жатыр: құрылғы су ағынының айтарлықтай ауытқуларына қарамастан жұмыс істей алады. Оны қолданыстағы турбиналармен бірге қолдануға болады. Сондай-ақ бос суды ағызу кезінде де қосымша электр энергиясын алуға мүмкіндік бар», - дейді Дулати университетінің Ғылым және коммерцияландыру департаментінің директоры Сейітжан Орынбаев.

Жалпы Архимед бұрандасы— төмен орналасқан су қоймасынан жоғары орнасқан суландыру каналдарға су жіберу үшін пайдаланылатын механизм. Қазіргі заманда кең пайдаланатын түрі – Шнектің түпнұсқасы.

Айта кету керек, Қазақстанда 39 000-нан астам тұрақты және уақытша су ағындары бар. Ал оның барлығыэнергия өндіру үшін пайдаланыла бермейді. Себебі, генераторлар үлкен айдындар мен тоғандарға арналған. Сондықтан шағын су арналары пайдаланылмайды. Оларға мүмкіндігінше шағын гидроэлектростанцияларды пайдалану қажет.

Шағын ГЭС кенттер мен өндірістерді энергиямен қамтамасыз ете алады, сондай-ақ электр желілерінің негізгі қуаттарына жүктемені азайтуға мүмкіндік береді. Ол әсіресе, шалғайдағы таулы және тау бөктеріндегі ауылдар үшін аса қажет. Себебі ол жаққа электр желісін тарту тым қымбатқа түседі.Ол тіпті техникалық және экономикалық тұрғыдан мүмкін емес.

Прочитано 1310 раз
Top