Гидротехника ғылыми мектебінің негізін қалаған

Ғаламдық проблемалардың бірі – тұщы судың тапшылығы десек, су ресурстарын үнемдеудің қаншалықты маңызды екені айтпаса да түсінікті. Ал мәселе осыған ойысқанда, су шаруашылығы саласына маман даярлау ісінің мәні арта түседі. Мемлекетіміз бұл түйткілдің түйінін тарқату үшін гидротехниктерді даярлайтын іргелі әрі мықты жоғары оқу орнын айқындауға баса көңіл бөліп отыр.

Сонымен су шаруашылығы саласына қажетті кадр даярлайтын іргелі оқу орны дегенде алдымен осыдан 60 жыл бұрын іргесі қаланған бұрынғы Жамбыл гидромелиорация-құрылыс институты ойға оралады. Бүгінде М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің құрамындағы екі ірі институттың бірі жарты ғасырдан астам уақытта еңбек нарығында сұранысқа ие мамандарды даярлап келеді.

Су шаруашылығы және табиғатқа үйлестіру институтының іргесі 1962 жылы қаланған. Алғаш Жамбыл гидромелиорация-құрылыс институты деп аталған оқу орнын 1962-1973 жылдары Рахмет Жолаев басқарды. Оның жетекшілігімен қысқа мерзім ішінде сол заманғы құрал-жабдықтармен институттың оқу-лабораториялық базасы жасалды, білікті оқытушылар құрамы жинақталды. Жаңа құрылған оқу орны 10 жылда дамыды, іргесі кеңіді және беки түсті. Осы институттың түлектері жұмысқа тек Қазақстанға ғана емес, басқа республикаларға да орналаса бастады. Жамбыл гидромелиорация-құрылыс институты дәрежесі арта түсті. Әр жақтан делегациялар келді. Рахмет Жанғазыұлы институтқа басшылық жасап, студенттер мен аспиранттарды оқытудың жүйесін қалыптастыруға күш салды.

WhatsApp Image 2022 11 23 at 10.52.48 2

Рахмет Жанғазыұлы білікті басшы ғана емес, аудиториямен жұмыс жүргізе білетін оқытушы, қиыннан жол таба білген үйлестіруші болды. Институт студенттері материалдар кедергісі, теориялық механика, гидравлика, сызда геометрия, жоғары математика – сияқты қиын пәндерді орыс тілінде түсіндіріп, соңынан дәрісті қазақ тілінде еш конспектісіз оқып шығатынына таңғалатын. Ол шын мәнісінде өмірде де өте қарапайым, жан болатын. Студенттер асханасында отырып тамақтанатын, жалпы кезекке тұрып, ақшасын өзі төлейтін.

Рахмет Жолаев кім дегенде, өмір жолы қалай өрбіді, Жамбыл жерінде жаңа оқу орнының іргесі қалғанда неліктен тізгінді осы азаматқа тапсырды деген сұрақ туындауы мүмкін. 1910 жылы қарашада Ақтөбе облысында дүниеге келіп, 6-7 кластық білімін қазақ тілінде алған, әкесі Жанғазы Жолаевтан білім үйренген.

Ақтөбе педагогикалық техникумына оқуға түсіп, орыс тілін жетік біліп шыққан. 1929 жылы қыркүйекте Ташкент ирригация инженерлері және ауыл шаруашылығын механикаландыру институтында оқыған.

Сол жылдарда бұл институтта Мәскеуден ғалымдар келіп сабақ беретін. Сол кездің өзінде Рахмет Жанғазыұлы солармен қатар, екінші курс студенттеріне арнайы пәндерден лекция оқыған. Сонда оның жасы бар болғаны 21-де болатын.

Оқуды бітірген соң, Рахмет Жанғазыұлын Алматының, Шымкенттің, Ташкенттің жоғары оқу орындарына жұмысқа шақырды. Алғаш Алматы су шаруашылығында жұмыс істеп, кейін әскери міндетін өтеп келгеннен кейін екі жыл Оңтүстік Қазақстан су шаруашылығы басқармасында инженер-жобалаушы болып жұмыс істеді.

1938 жылдың тамызынан 1945 жылдар арасында Рахмет Жанғазыұлы Шымкент ауыл шаруашылығы техникумында жұмыс істеді. Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда, алғашқылардың бірі болып майданға сұранған. Алайда оның мамандарды тәрбиелеуде, қоғамға берер пайдасын ескеріп, «бронь» беріледі.

1945 жылдың маусымынан ҚазССР энергетика институтының гидротехникалық құрылымдар лабораториясының меңгерушісі, Қазақ ауыл шаруашылығы институтында гидравлика және гидравликалық машиналар кафедрасында оқытушы және 1947-1948 жылдары гидравлика және су энергиясын пайдалану кафедрасының меңгерушісі болды. 1947 жылы Ташкентте Р. Жолаевқа техника ғылымдарының кандидаты ғылыми атағы берілді.

WhatsApp Image 2022 11 23 at 10.52.48 1

Оқытушылық жұмысы мен энергетика институтында лабораториялық зерттеулер жүргізе отырып, Рахмет Жанғазыұлы жыл сайын Іле Алатауы тауларына экспедицияға аттанатын. Соның арқасында Энергетика институтында жұмыс істеп жүргенде ирригациялық жүйелердің энергетикалық ресурстарын есепке алу және пайдаланудың бірегей әдістемесі жасады.

Сондай экспедиция кезінде, 1956 жылы түнгі күндердің бірінде Весновка өзенінде сел болады. Шұғыл түрде бүкілодақтық конференция ұйымдастырылады. Рахмет Жанғазыұлы осы конференцияда қаланы қорғау бағдарламасы туралы баяндама жасап, сол ғылыми концепцияның негізінде көп ұзамай Медеуде бөгет салу құрылысы басталады.

1956 жылы Қ.Сатпаев Рахмет Жанғазыұлын Энергетика институтының директорының орынбасары қызметіне тағайындап, қосалқы гидротехникалық құрылымдар және сел ағындарының гидравликасы лабораториясының жетекшісі қызметіне қояды. Бұл кезде оның ғылыми жұмыстары әртүрлі журналдарда жарияланып жатқан. Ол гидротехникалық ғылымды дамытуға, оның ішінде таулы өзендердегі су алу құрылымдарының тиімді түрлерін жасау саласында зор еңбек сіңірді.

«Р.Жолаев 1960 жылы энергетика институтында істей жүріп, ҚазПИ-да жоғарғы талдау және математикалық физика теңдеулерінен сабақ берді, жоғары білікті мамандарды даярлау ісіне белсене арласты». Бұл – 1960 жылы желтоқсанда Энергетика институтының қызметкері В.Хмыревтің жазған пікірі.

1961 жылы Рахмет Жангазыұлы Мәскеуде докторлық диссертациясын сәтті қорғап, МАК техника ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алды. Бұл уақытқа дейін оның 30-дан астам ғылыми еңбегі, оның ішінде 2 монографиясы жарық көрген еді. 1962 жылдан басында Венгрия Халық Республикасында өткен ғылыми конференцияға біздің елден қатысқан ғалым да осы Рахмет Жолаев болды.

Докторлық диссертациясын қорғаған соң, Рахмет Жанғазыұлы Тимирязев академиясына кафедра меңгеруші қызметіне шақырту алады. Қазақстанда да гидравлика және гидротехникалық құрылымдар жоғары оқу орнын ашу жоспары да міне, сол шақта туындаған болуы мүмкін. Алайда ол Мәскеудегі жұмыстан бас тартады.

1960 жылдардың басында Қ. Сатпаев Рахмет Жанғазыұлына телеграмма жіберіп, ҚазССР-і ҒА жалпы сессиясына шақырады. Бұл – ғалымға деген үлкен сенім мен сыйластықтың белгісі еді. 1963-1970 жылдары МАГИС – халықаралық гидравликалық зерттеулер ассоциациясы құрылып, Токиода конференция өтеді. Бірақ бұл жиынға Рахмет Жанғазыұлы сырқаттанып, бара алмай қалады.

WhatsApp Image 2022 11 23 at 10.52.47

Р. Жулаев ғылыми-инженерлік мамандар даярлауда қосқан үлкен үлесі үшін мемлекеттік орден және медальдарымен марапатталды. Оның есімі аспиранттарының, студенттерінің жүрегінде қалды. Біраз жыл дәстүрлі түрде Тараз қаласында «Жолаев оқулары» өткізіліп тұрғаны – соның дәлелі. Бұл туралы1995 жылы «Замандас» газетінде және 2010 жылы «Знамя труда» газетінде, сондай жылы және тартымды «Птенцы гнезда Жулаева» деген атаумен мақалалар шыққан.

2015 жылы, Рахмет Жанғазыұлының 105 жылдығына орай, өзі жобасын жасаған, Тараз қаласы Гидроқалашығы маңындағы көшелердің біріне оның есімі берілді.

Қазір Р.Жолаев негізін қалаған Жамбыл гидромелиорация-құрылыс институты М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің құрамында. Р.Жолаев қалаған гидротехникалық құрылымдар ғылыми мектебінде кейіннен жас ғалымдар соны соқпақ салды. Айтар болсақ, профессорлар М.Үркімбаев – механика, Ж.Сүлейменов – құрылыс материалдары, Ә.Әбдіраманов – гидроциклондар гидравликасы, Ж.Мұстафаев – ауыл шаруашылығы мелиорациясы, С.Жүнісбеков – құрылыс материалдары кедергісі, саласы бойынша және тағы басқалары.

Су мамандарын даярлауда М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Су шаруашылығы және табиғатқа үйлестіру» институтының республика деңгейінде әлі де базалық білім орда болып қалуына Р.Жолаев пен оның ізін басқан институттың профессор-оқытушылар құрамының сіңірген еңбегі зор.

Сапарбек Жолдасов,
техника ғылымдарының кандидаты,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті
Су шаруашылығы және табиғатқа үйлестіру институты
«Су ресурстары» кафедрасының меңгерушісі .

Прочитано 1240 раз
Top