Саф өнердің бастауы – ауылда, ал өнерге деген шынайы құштарлық жастарда бар. Олардың өнерге деген көзқарасы, таным-түсінігі таза. Соған сай үйренсем-білсем деген ұмтылыстары да ерекше. А.Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының актирисасы, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Майра Әлімбетованың «Сыған серенадасы» спектаклін жастардың ойынымен сахналасам дегендегі көздегені де – осы.
Талай режиссерлар тосын шешімімен таңғалдыруға тырысқан, талай мықтылар өз сомдаулары арқылы бірінен-бірі асып түскен, көрермен көңілінде жатталып қалған «Сыған серенадасы» ғой бұл. Ал осы қойылымды университет сахнасына алып шығарған қоюшы режиссер Майра Әлімбетованың бастамасын батылдық демей көр. Ал сол талай сахна саңлақтары сомдаған Изольданы, Шәмшіні, Баронды, тағы, тағы рөлдерді М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің өнерлі жастарының сахнаға қорықпай алып шыққанын – олардың өнерге деген алабөтен махаббаты десек, артық емес.
Дулати университетінің жастары сахналаған «Сыған серенадасы» тура Ұлыс күні – Наурыз мерекесі қарсаңында көрерменге жол тартты. Көрермен Шәмшінің анасының рөлін ойнаған Аруна Маратханқызының өнерін жылы қабылдады. Шәмшіні сомдаған Бақдәулет Үсен мен Изольда – Ғалия Әбдіғапарова көпшілікті өздерінің риясыз сезімдеріне сендірді. Барон – Бекет Күшімқұловтың да, Алэко – Асылжан Кенженің де, Сағыныш – Пердегүл Балмұратованың да, қосалқы рөлде ойнаған Сапарбай Керімбайдың да өнері осал шыққан жоқ. Олар өз кейіпкерлеріне өзінше жан бітіре алды.
Қысқасы, қойылым көпшілік көңілінен шықты. Жас актерларды М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің академиялық қызмет жөніндегі проректоры Гүлвира Мұсабекова арнайы Алғыс хаттармен марапаттады.
Негізі А.Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театры мен Дулати университеті арасында өзара байланыс бар. Олай дейтініміз, осы үлкен сахнада өнер көрсетіп жүрген актерлар арасында осы оқу орнының түлектері де бар. Қазір әлі де студенттер қосалқы рөлдерге шақырту алып тұрады. Бір сөзбен айтқанда, Дулати университетінде үлкен драма театрдың шағын мектебі қалыптасқан деуге де болады.