Бүгінгі елеулі еркіндік

Мемлекетіміздің астанасы – Нұр-Сұлтан шаhарында Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХ сессиясы өтті. Биыл Президентіміздің ұсынысы бойынша ҚХА-ның екі сессиясы қатар өтуде.
ХХХ сессия өте жоғары, оң деңгейде өтті десем қателеспеймін. Сессияның өткізілу тәртібі түбегейлі өзгерген, өте қызықты, әрі еркін форматта өтті десек те болады.
Аталмыш іс-шараның өткізіліуі бірнеше секцияға бөлінген. Әр бөлімде тұлғалы спикерлер сөз сөйледі. Мәселен, олардың қатарында ҚР Парламентінің депутаттары, қоғам қайраткерлері, үкіметтік емес ұйым өкілдері, ҚХА мүшелері болды.
Бұл сессия сайлау үрдісі бойынша өткізілгендіктен, ҚХА депутаттығына үміткер кандидаттарға дауыс берілді. Сайлау нәтижесінде Алматы облыстық Ұйғыр этномәдени орталығының өкілі, ұйғыр бауырымыз Зәкіржан Кузиев жеңіске жетті.

Әрмен қарай жастар сессиясына жалғасқан іс-шарада сөзі нық, ойы ұшқыр белсенді жастар сөз сөйлеп, еркін микрофонда өз ойларын ашық түрде ортаға салды. Әрбір қатысушы өз пікірін білдіріп, жастар секторының жұмысы бойынша өз ұсыныстарын ашық, айқын білдіре алды. Сессияның ерекшелігі де осында - ашық және еркін түрде өтті. Ертең ҚХА-ның ХХХІ сессиясына да қатысу – біздің атқаратын міндеттердің бірі ретінде жоспарда тұр.
Жалпы, бұл сессиялар - Ассамблеямыздың толық жаңғыруын, жаңаруын көрсететін іс-шаралар. Сессияға қатысатын ҚХА-ның әрбір мүшесі «еркін микрофонға» барып, өз пікірін білдіруге толық құқылы. Сондай-ақ, халық тарапынан ассамблеяның маңайында сөз боп жатқан түрлі ұсыныстар мен сауалдарды талқылау барысында Қазақстан халқы Ассамблеясының барлық құрылымдары мен бөлімшелерінің жұмысын жақсарту, дамыту бойынша тың шешімдер қабылданбақшы.

44

Тағы бір айта кетер жайт – сессия спикерлер мен ҚХА мүшелері арасында өте пайдалы пікірталастармен де ерекшеленді. Пікірталас барысында этномәдени бірлестік өкілдерінің қаншалықты құзыретті екені байқалды. Міне, алдымызда Қазақстан халқының бірлігі күні келе жатыр, сессиямен тұстас келген бұл сүйікті мереке достықты, отансүйгіштікті, құрметті, ұйымшылдықты, өзара сенімді, жасампаздықты бейнелейді. Ең бастысы, бәрімізді біріктіретін нәрсе – бірлігіміз, ынтымағымыз. Конституциямыздағы ортақ заң, тең құқықтылық, әріптестік, достық қатынастар, ешқандай ұлтқа бөлінбестен біздің бір-бірімізге деген ой-ниетіміздің тазалығы, еркіндігі және өзара түсіністік - осы игі қасиеттер бойымызда бар болған жағдайда ғана біз жаңа Қазақстанды бірлесе құру жолында, оның өркендеуінің, оң өзгерістерінің және жарқын болашағының кепілі бола аламыз.
Қазақстан шаңырағының астында әрқашан достық, бейбітшілік пен келісім нығая берсін!

Айгүл Кабиева,
Жамбыл облыстық «Әулие Ата» Қазақ мәдени орталығының төраға орынбасары,

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік Университетінің «Мәдениет және өнер» кафедрасының меңгерушісі, профессор, ҚР мәдениет қайраткері, ҚХА мүшесі

Top