Мастер-класстың мақсаты – түлектердің еңбек нарығына бейімделуін арттыру, жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін кеңейту, жұмыс берушілермен тікелей байланыс орнату арқылы мансаптық даму жолдарын таныстыру және кәсіби дағдыларды дамытуға бағытталған кеңестер беру.
Мастер-классты Корпоративтік клиенттермен жұмыс жөніндегі бөлімінің басшысы М. Джарылкапов ашып, еңбек нарығындағы қазіргі жағдай мен сұранысқа ие мамандықтар туралы баяндады. Сонымен қатар, мансаптық өсудің негізгі кезеңдеріне, түлектер үшін жұмысқа орналасу жолдарына тоқталды.
Мастер-класс барысында жұмыс берушілер өз компанияларының қызметі, кадрлық саясаты және жас мамандарға арналған бос жұмыс орындары туралы таныстырып, тәжірибеден өту мен жұмысқа орналасуға қатысты нақты ұсыныстарын білдірді. Сондай-ақ, түлектерге түйіндеме әзірлеу, сұхбатқа дайындалу және еңбек нарығындағы тенденциялар бойынша практикалық кеңестер берілді.
Шара модераторы М.Джарылкапов келген қонақтарға алғысын білдіріп, университеттің Басқарма Төрағасы-Ректоры М. Байжұмановтың атынан Алғыс хаттар табыстады. Сонымен қатар, мұндай кездесулерді тек түлектерге ғана емес, білім алушылар мен оқытушылар құрамын да қамти отырып өткізу қажеттігін атап өтті.
Мастер-класс соңында қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, мамандардан нақты жауаптар алды. Бұл кездесу түлектерге түрлі саладағы мансаптық мүмкіндіктерді салыстырып, болашақ кәсіби жолдарын саналы түрде жоспарлауға жол ашты.