Сайттың жаңа нұсқасы

М.ӘУЕЗОВ ПЕН Б.МОМЫШҰЛЫ АРАСЫНДАҒЫ РУХАНИ САБАҚТАСТЫҚ

Қазақ әдебиеті мен тарихындағы  жазушылардың, батырлардың шығармаларын өнеге ету және өмір жолдарын келешек ұрпаққа арнаған тұлғалар кеңінен насихатталу керек. Осыған орай, 2022 жылдың 24-ақпанында «Ұстаз» институтытың директоры О.К.Джолдасованың қолдауымен М.Әуезовтың туғанына 125 жыл толуына байланысты студент жастармен әңгіме-лекция сабағы ұйымдастырылды.

 «Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығының аға ғылыми қызметкері, педагогика ғылымдарының магистрі Әлімбай Найзабаев «М.Әуезов пен Б.Момышұлы арасындағы рухани сабақтастық» тақырыбында баяндама жасады. Іс-шараға Тәрбие жұмысы және әлеуметтік мәселелер жөніндегі департаментіне қарасты Дінтану орталығының жетекшісі Бахтияр Алпысбаев және «Қазақ тілі және әдебиет» кафедрасының аға оқытушысы Еділ Әбдімомынов шақырылып, ақын-жазушылар шығармашылығы мен олардың туындыларын жастар арасында насихаттау, тарихи-мәдени және рухани құндылықтарды сақтау туралы қызықты ой-пікірлерімен бөлісті.

Әрі қарай «Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығының аға ғылыми қызметкері Әлімбай Найзабаев «Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығында дайындалып қазақ және орыс тілінде жарыққа шыққан Бауыржан Момышұлының көптомдығының жалғасы жаңа 31, 32-томдарды таныстырды.  Өз сөзінде қазақ қоғамындағы ұлттық тәрбиеге өзіндік үлесін қосқан батыр Б.Момышұлының  шығармашылық еңбектері мен игі істері студент-жастарымызға бай мұра болары сөзсіз екендігін атап өтті. Іс-шара соңында студенттер тарапынан көкейкесті сұрақтар қойып, сондай-ақ осындай  рухани құндылығы бар тұлғаларға арналған танымды әңгіме-лекция сабақтары жиі өткізілсе деген ниеттерін білдірді. 

 

Top