Қазақстан халқының достығы мен бірлігі күні

Қазақстан тәуелсіздік алған күннен бастап, мемлекеттік саясаттың өзекті мәселесіне айналған этносаралық қатынастарды жүзеге асыру мақсатында Жамбыл облысы әкімдігі мен жұртшылығы маңызды қызметтерді атқарды.

Қазақтың байтақ даласы бүгінде 130-дан  артық  ұлт өкілдеріне ортақ отан болып отыр. Сол себепті де 1 мамыр – халқымыздың бірлігі күні болып есептеледі.

Әрі бұл күн, Қазақстан халқы үшін ең ірі мерекелердің бірі. Еліміздің барлық өңірлерінде 1 мамыр тойланады. Мақсаты, ел ішіндегі түрлі ұлт пен дін өкілдерінің бір-біріне деген сый-құрметін арттырып,  татулықты, бірлікті, ортақ құндылықтарды  насихаттау.

«Бірлік болмай тірлік болмас» деген атам қазақ. Берекені көздеген ел мерекелі тірлік жасаудан жалықпаған. «Береке бастауы бірлік, ел іші тату тірлік» қағидасын ұстанған ел үшін бұл мейрамның орны ерекше.

Жыл сайын атаулы мерекеде Қазақстан аумағында тұрып жатқан 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдері киелі қара шаңырақта тату-тәтті, береке мен бірлікте, бейбітшілік пен ынтымақта өмір сүріп жатқандығын тойлайды. Еліміздегі этностарды бұрынғыдан да жақындастыру үшін бүкіл Қазақстанда жаппай патриоттық шерулер өтеді.

Жамбыл облысында 1991 жылдардың өзінде облыста тағдыр талайымен келген 80-нен аса түрлі этностар мен этникалық топтар өкілдері мекен етті. Сол кезеңдерде облыстағы этностар мен этникалық топтардың әлеуметтік, мәдени мәселелерін шешу мақсатында бірнеше этномәдени бірлестіктердің орталықтары ұйым ретінде құрылды.

Бүінгі күнде Қазақстан халқы Ассамблеясы біздің еліміздегі тұрақтылықты, ұлтаралық келісім мен бейбітшілікті нығайтуға сүбелі үлес қоса отырып, консультативтік-кеңесші органнан конституциялық органга дейінгі өрлеу жолынан өтті. Ассамблея Қазақстан Республикасы Конституциясының, құқықтық мемлекеттің негізгі қағидаларын адамдардың құқықтары мен бостандығын іске асыруды бейнелеуші негізгі Қазақстандық демократия институттарының бірі болып отыр.

1995-2022 жылдары аралығында облыстағы этностар мен этникалық топтардың этномәдени бірлестіктерінің саны 75-ке жеткен. Олардың 26-сы облыс орталығында, 47-сі аудан орталығында құрылған.   Олардың 34-і қоғамдық тіркеуден өтті.

Аталмыш мерекеге орай, 19 сәуір күні М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті «Экономика және құқық» факультеті «Менеджмент» кафедрасының оытушылары мен студенттерінің ұйымдастыруымен Ассамблея өкілдерімен кездесу кешін ұйымдастырды. Кездесуге «Мәдениет және өнер» кафедрасының меңгерушісі, Әулиеата «Қазақ мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің басшысы Кабиева Айгүл Кабиевнаның басшылығымен тәжік, поляк, қарачай ұлт өкілдері келіп, өз ықыластарымен бөлісті. Сонымен қатар, ұлт өкілдері өз ойларымен, ұлттық салт-дәстүрлерімен, әдет-ғұрыптарымен бөлісті.

Бұл кездесудің жалпы мақсаты Қазақстан Республикасы әлемде ең алғашқы мемлекеттердің бірі болып сырттан келген басқа ұлт өкілдеріне алтын бесік болғандығын ұғындыру, Қазақстандық патриотизмге, елін, жерін сүюге және халқын құрметтеуге тәрбиелеу, басқа ұлт өкілдерінің мәдениетін, әдет - ғұрпын сыйлауға үйрету болып отыр.

Бірлігіміз жарасып, еліміз тыныш болып, ұлт демей, басқа демей татулықта, бейбіт өмірде күн кешейік, достар! Алда келе жатқан 1 мамыр мерекесі баршамызға құтты болсын!

1

2

Дулати университеті

«Менеджмент» кафедрасының аға оқытушысы,

э.ғ.м. Сулейменова Индира Қосаманқызы

Top