ЕҢБЕК КІТАПШАСЫНДА БІР ҒАНА ЖҰМЫС ОРНЫ ЖАЗЫЛҒАН САРДАРБЕК РАХЫМБАЙҰЛЫ – 70 ЖАСТА

Нарматов Сардарбек РахымбаевичҚазіргі қоғамның тым жадағай күйге түскені – кісідегінің кілті аспандап кеткені, бірдің қолындағысын екіншісі қақшып жеп кететіні, тәкаппар, мейірімсіздердің қарасының тым көбейіп кеткені.Барға қанағат етіп, біреудің жолын кеспей, бұйырғанының қадіріне жете білетін саналы жандар көп емес ортамызда.Сол аздың бірі – М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Экономика» кафедрасының оқытушысы Сардарбек Нарматов мерейлі 70 жасқа толып отыр.

Негізі Сардарбек Рахымбайұлы өз кәсібі мен өмір жолын таңдауда қателеспеген жан. Өйткені, өз қалауымен таңдаған мамандық бойынша ғана табысты, жемісті еңбек етуге болады. Ал оның еңбек кітапшасында бір ғана жұмыс орны жазылған. Бір жұмыс орынында жарты ғасырға жуық,нақтысы 48 жыл бойы үздіксіз қызмет атқарып келеді. Бір ұжымда үздіксіз, табан аудармай еңбек ету– сирек кездесетін жайт. Бұл – Сардарбек Нарматовтың өзұжымына деген адалдығының, сүйіспеншілігінің және патриоттық сезімінің  бұлжымас дәлелі болса керек.

Ол ауылдан шыққан экономист. Меркіде туып-өсті. Арманы да ауыл баласына тән асқақ болды. Арман қуып, 1969 жылы Алматы қаласындағы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің (КазГУ) Филиософия-экономикалық факультетінің «Саяси экономия» бөлімшесіне оқуға түсіп, оны 1974 жылы бітіріп, экономист, «Саяси экономия»пәнінің оқытушысы мамандығын алды. Республиканың сол кездегі Жоғары және Орта білім министрлігінің жолдамасымен 1974 жылдың тамыз айында Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институтының  «Саяси экономия» кафедрасында ассистент болып еңбек жолын бастаған.

Сардарбек Нарматов ғылым-білім жолындағы ізденісін мұнымен тоқтатпады. 1978-1980 жылдары С.М.Киров атындағы ҚазМУ-дың «саяси экономия» кафедрасында ғылыми тағылымдамадан өткен соң, 1980-1983 жылдары сол кафедрада аспирантурада оқыды.

1984 жылы өзінің алғашқы еңбек жолы басталғанинститутқа қайтаоралып,оқытушылық қызметін жалғастырады. Педагогикалық қызметін қоғамдық және ғылыми жұмыстарымен ұштастырып, өзі қызмет атқарып жатқан жоғары оқу орнының дамуына лайықты үлес қосады.  1985-1988 жылдары осы институттың «Қоғамдық мамандықтар» факультетінде декан болып қызмет атқарады. Ал 1994-1996 жылдары оқу орнының кадралар бөліміне басшылық жасайды.

1998 жылы үш институтты  біріктіріп, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті ашылғанда «Экономикалық теория» кафедрасында, ал 2005 жылдан бастапқайта«Экономика»кафедрасы болып қайта құрылған осы кафедрада аға оқытушылық қызметті бүгінгі күнге дейін атқарып келеді.

Осы  жарты ғасырға жуық еңбек жолында Сардарбек Рахымбайұлыәртүрлі ғылыми-теориялық және ғылыми-әдістемелік   еңбектер жазып, әртүрлі деңгейлі ғылыми конференцияларға қатысты. 110 еңбегі жарық көріп, соның ішінде 7 оқу құралын (85 баспа табақтан  астам), 10 брошюраны баспадан шығарды. Осы оқу орнын үздік бітірген қызы Ақмарал екеуі бірлесіп жазған  700 беттік  «Экономика теория» кітабы 2015 жылы Алматы қаласындағы «Эверо» баспасында басылып шықты. Ал 2020 жылы Нижний Новгород қаласының Еділ (Волжский) мемлекеттік инженерлік-педагогикалық университетінің профессоры С.В.Соколовпен бірлескен «Этика»  атты еңбегі қазақ тіліндегі оқу құралдары («Эверо» баспасы, Алматы қаласы) ретінде көпшілік қолдауына ие болып, республикамыздың ұлттық университеттері мен  басқа да оқу орындары өздерінің кітапханаларының қорына сатып алды. Бүгінде бұл туынды сенімді оқу құралдары ретінде студенттерге ұсынылып отыр.

Публицистикалық-шығармашылық еңбекпен де шұғылданып,көпшілікке арналған  бұқаралық ақпарат құралдарында, атап айтқанда, «Ақиқат» журналында, «Егеменді Қазақстан», «Знамя труда», «Ақ жол», «Магнолия» және тағы басқа газеттерде  жыл сайын кем дегенде 2 - 3 мақаласы жарияланып отырды. 2020 жылы «Ақиқат» журналының №5 санында «Ақсақал сөзі» айдарымен жарияланған пікірталастыққа қатысып, көпшіліктің оңды бағалауына ие болған «Ақсақал сөзі» айдарына қатысты үздік ой»  атты көлемді мақаласы жарияланды.

Университет, факультет және кафедра тарапынан жүргізілетін қоғамдық жұмыстардан да шет қалмайды, қашанда белсенді. Кейінгі 15 жыл бойы кафедраның әдістемелік семинарын басқарып келді. 2020 жылға дейін университеттің Ғылыми кеңесінің шешімдерінің орындалуын қадағалау комиссиясының 10 жылдан астам тұрақты мүшесі болды. Хаттамалық тапсырмалардың орындалуын қадағалап отырды.

Сардарбек Рахымбайұлы өз мамандығының шебері.Кафедраның жас мамандарына тәлім беріп, әдістемелік көмек көрсетіп жүреді үнемі. Әрдайым студенттерге сапалы білім береді, нәтижесінде олар емтихандардан сүрінбей, ВОУД-сынақтарынан  аса қиналмай өтеді.

Сардарбек Рахымбайұлының  білім беру саласына қосқан үлесі, ұзақ ғылыми-педагогикалық еңбегі еленіп, 2008 жылы Білім және ғылым министрінің «Құрмет Грамотасымен», ал 2018 жылы Білім беру министрінің «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» медалімен марапатталды.

Сардарбек Рахымбайұлы 70-тің белесіне осындай жетістіктерімен, үлгілі-өнегелі жолымен көтеріліп отыр. Әріптесімізді 70 жас мерейтойымен құттықтай отырып, денсаулық, ұзақ өмір, қажымас қайрат тілейміз. Сіз сияқты мол тәжірибесі мен білімі бар алдыңғы толқыннан біздер тәлім-тәрбие ала берейік.

Экономика кафедрасының ұжымы

 

Top