2021 жылдың 26наурыз күні философия және саясаттану кафедрасының ұйымдастыруымен zoom платформасында университетіміздің студенттері арасында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласына арналған «Тәуелсіздік – еліміз өркендеуінің алғышарты» тақырыбына дөңгелек үстел өткізілді. Дөңгелек үстелге Экономика және құқық факультетінің оқытушылары, кураторлары мен студенттері және университетіміздің басқа да бірқатар факультеттерінен студенттер қатысты. Дөңгелек үстелді философия және саясаттану кафедрасының меңгерушісі Кульбаева Дина Дүйсебайқызы кіріспе сөзбен ашты. Ол өз сөзінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласының тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы қарсаңында жарияланғанына тоқталып, мақалада баяндалған Тәуелсіз Қазақстанның басып өткен белестері мен еліміздің болашаққа бағдары жайлы ойларға шолу жасап, түсінік беріп өтті. Дина Дүйсебайқызы өз сөзінде еліміздің тәуелсіздік жылдары басып өткен негізгі кезеңдеріне тоқталып, сол кезеңдердің ерекшеліктері мен өткен уақытта еліміз қол жеткізген жетістіктерді атап өтті.

Одан кейін сөз сөйлеген аға оқытушы Баярисов Режеп Оразбайұлы мақаланың «Таным және тағылым» атты тарауына талдау жасап, түсінік беріп кетті. Президент өз мақаласында халқымыздың тарихи санасын жаңғыртудың маңыздылығы жайлы айтып өткен болатын. Бұл мақсатқа жетуде әсіресе тарихи тақырыптарға арналған фильмдердің атқарар қызметі жоғары. Қасым-Жомарт Тоқаев өз мақаласында «Көркем және деректі тарихи туындыларда мемлекеттілік және мемлекетшілдік идеясы әрдайым көрініс табуы қажет» деп атап айтқан болатын. Бұл мазмұны терең сындарлы ой өнер қайраткерлерінің назарында болуы тиіс. Режеп Оразбайұлы сонымен қатар мемлекет басшысының тәуелсіздік идеяларын халық арасында дәріптеуге зор еңбек сіңіріп, азаттық жолында құрбан болған Алаш қайраткерлері жайлы айтқан сөздеріне тоқталып, оларға шолу жасап өтті. Одан әрі қарай Режеп Оразбайұлы Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміз тәуелсіздігінің бастауы болған қазақ жастарының 1986 жылғы Желтоқсан қозғалысы жайлы айтқан сөздерін тілге тиек етті. Мемлекет басшысы өз сөзінде «азаттықтың алғашқы қарлығаштары –Желтоқсан қаһармандарының азаматтық ерлігі лайықты бағасын алып, жоспарлы түрде насихатталуы керек»деп айтқан болатын.

 Келесі сөз сөйлеген философия және саясаттану кафедрасының аға оқытушысы Мырзапайзова Гүлшат Уразбекқызы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мақаласындағы «Ұлағат пен ұстаным» атты тараудың мазмұнына тоқталып, шолу жасап өтті. Президент өз мақаласында «Соңғы кезде қазақстандықтардың ел өміріне белсенді араласуға, шешім қабылдау үдерісіне қатысуға ынтасы артып келеді» деп көрсеткен болатын. Сондықтан да Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы және Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі – қоғамдағы осы сұранысқа тікелей жауап болып табылады. Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде «Билік халықтың алдындағы өз жауапкершілігін сезінгені жөн» деп атап өтті. Сол себепті алдағы уақытта елімізде ауыл және кент әкімдерін сайлауға көшетіндігімізді жария етті. Президент өз сөзінде «Біздің мақсатымыз – келер ұрпаққа Қазақстанды тұғыры мығым, экономикасы қуатты, рухы асқақ мемлекет ретінде табыстау және елдік істерді шашау шығармай лайықты жалғастыратын жасампаз ұрпақ тәрбиелеу» деп, мақсатымызды айқындап атап өтті.

 Дөңгелек үстелді қорытындылап сөз сөйлеген Режеп Оразбайұлы студент жастарға елімізді өркендету үшін білімді әрі білікті мамандар қажет екенін айта келіп, оларды еліміздің тәуелсіздігін одан әрі қарай нығайтуға үлес қосатын азамат болуға шақырды. Ол мемлекет басшысының «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласының мазмұнын студенттер арасында алдағы уақыттада насихаттау қажет екендігін айта келе, дөңгелек үстелге қатысушылардың істеріне табыс тілей отырып, өз сөзін аяқтады.

Баярисов Режеп Уразбаевич

«Философия және саясаттану» кафедрасының

аға оқытушысы

 

Top