Оқушыларға кәсіби бағдар беру – жас ұрпақты өсіруге, оқытуға, тәрбиелеуге жетелейді. Кәсіби бағдар жұмысына арналған ашық есік күнінде М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің қабылдау комиссиясының жауапты хатшысының орынбасарлары Олжас Қожан, Рабиға Мақұлбекова әрбір кездесуге онлайн форматта қосылып, талапкерлерге университеттерге гранттық бағдарламамен оқуға түсудің шарттарымен, ҰБТ кезінде қойылатын талаптармен, өзіміздің университеттің білім беру бағдарламаларымен таныстырып, әртүрлі сұрақтар төңірегінде жан-жақты жауап берді.
Сондай-ақ талапкерлерге жаратылыстану бағытындағы мамандықтар, оның ішінде химия саласының келешектегі қоғамда алатын орны, бағасы туралы толық мәлімет берілді. Оқытушылар кездесуде кафедраның жетістіктерімен қатар, ғылыми зерттеу орталығы туралы ақпараттарды орта салып, білім беру бағдарламаларымен толық қанды таныстырды. Арнайы әзірленген презентациялық материалдар мен бейнероликтер көрсетілді. Кәсіби бағдар жұмысына кафедрадағы білім алушылар: 1 курс 7М05311 Химия білім беру бағдарламасының магистранты Мөлдір Рахметулқызы, 2 курс 6В05314 Химия білім беру бағдарламасының үздік студенттері Ақназ Тоқмаханбет, Диана Бахтиярқызы, Жадыра Хидирбаева онлайн байланысқа шығып, талапкерлерді өңірлік университетте білім алуға шақырды.
Кездесулер өте жоғары деңгейде өтті, барлық қатысқан мектептердің жауапты тұлғалары тиісті ақпараттар алғанын айтып, жылы лебіздерін білдірді.
Саят Мамешова,
М. Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті
технологиялық факультетінің «Химия және химиялық технология» кафедрасының аға оқытушысы, химия магистрі.