Университет қабырғасында Басқарма Төрағасы – Ректорының у.м.а Сейтжан Орынбаев «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының директоры Нұржан Мергенбайды қабылдады. Кездесу барысында екі тарап білім, ғылым және мәдениет саласындағы ынтымақтастықты дамыту және нығайту туралы екіжақты меморандумға қол қойды.
Меморандум мақсаты – мәдени және тарихи мұраны зерттеу, сақтау және насихаттау бағытындағы білім беру бағдарламалары мен ғылыми-зерттеу жобаларын бірлесіп жүзеге асыру арқылы өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту. Жастарға білім мен дағдыны пайдаланып, тәжірибе алу арқылы кәсіби салаға қадам басуға мүмкіндіктер ашу.
Келісім шеңберінде алдағы уақытта екі тарап бірлесіп курстар мен семинарлар өткізу, бірыңғай білім беру кеңістігін құру, перспективалық ғылыми-педагогикалық жобаларды іске асыруды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, музей коллекциялары мен мәдени мұраны насихаттауға бағытталған көрмелер, мәдени және ағартушылық іс-шаралар, семинарлар, тренингтер, мастер-класстар, вебинарлар және басқа да білім беру шараларын ұйымдастыру бойынша өзара тиімді ынтымақтастық орнатылды.
Кездесу соңында алдағы жоспарлар талқыланып, еліміздің білім және мәдениет саласын дамытудағы бірлескен жұмыстың маңызды рөлі атап өтілді. Қонақтар университет басшылығына алғыстарын білдіріп, білім ордасының алдағы уақытта да жоғары белестерді бағындыратынына сенім білдірді.



