Университет қабырғасында «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында кең көлемде Әлеуметтік жұмыс басқармасының ұйымдастыруымен «Тұрмыстық жемқорлықпен қалай күресу керек?» тақырыбында студенттермен кездесу ұйымдастырылды.
Кездесуге «Халық партиясы» Республикалық қоғамдық бірлестігі Жамбыл облыстық филиалы төрағасының орынбасары Болатбек Қолтаев, Жамбыл облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің Криминалистикалық бөлімінің басшысы Мақсат Байдалиев, Антикоррупциялық комплаенс қызметінің Комплаенс офицері Бауыржан Куваншкалиев және студенттер қатысты.
Кездесудің мақсаты — студенттер арасында тұрмыстық жемқорлықтың алдын алу, құқықтық сауаттылықты арттыру және жастардың жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру.
Модератор, Әлеуметтік жұмыс басқармасының басшысы Арнат Ұлтанбаев алғы сөз алып, елімізде жүргізіліп жатқан сыбайлас жемқорлыққа қарсы реформалардың маңыздылығын атап өтті. Қоғамдағы құқықтық мәдениетті күшейту үшін жастардың белсенді қатысуы аса қажет екенін жеткізді. Сондай-ақ, тұрмыстық жемқорлықтың тек мемлекеттік органдарда ғана емес, күнделікті өмірдің әр саласында көрініс табуы мүмкін екенін атап өтіп, бұл мәселені шешуде ашықтық пен әділдік қағидаттарын ұстанудың маңыздылығына тоқталды.
Кездесу барысында «Халық партиясы» Республикалық қоғамдық бірлестігі Жамбыл облыстық филиалы төрағасының орынбасары Болатбек Қолтаев сөз алып, жастардың қоғамдағы рөліне тоқталып, елдің болашағы жас буынның адалдығы мен әділдікке деген ұстанымына байланысты екенін атап өтті. Ол студенттерге партия тарапынан жүзеге асырылып жатқан жемқорлықтың алдын алу бағытындағы бастамалар жөнінде сөз қозғап, азаматтық белсенділік таныту қажеттігін айтты. Ал, Мақсат Байдалиев тұрмыстық жемқорлықтың құқықтық жауапкершілігін түсіндіре отырып, кез келген пара беру немесе пара алу әрекетінің қылмыстық сипатқа ие екенін атап өтті. Ол криминалистикалық сараптаманың жемқорлық қылмысын дәлелдеудегі рөлін нақты мысалдармен жеткізіп студенттердің сұрақтарына кәсіби тұрғыда жауап берді. Сонымен қатар, Бауыржан Куваншкалиев ұйымдардағы ішкі бақылау және комплаенс қызметінің маңызын атап өтті. Өз сөзінде, адалдық стандарттарын енгізу мен ашықтық мәдениетін қалыптастырудың жемқорлықпен күрестегі негізгі құралдардың бірі екенін жеткізді. Сонымен қатар, студенттерді құқық бұзушылыққа бейжай қарамауға және заң талабын сақтауға шақырды.
Кездесу соңында студенттер мамандарға жемқорлық фактілерін хабарлау жолдары, заңдық жауапкершілік, азаматтық құқықтар, тұрмыстық жемқорлықты болдырмаудың практикалық тәсілдері бойынша түрлі сұрақтар қойып, толыққанды жауап алды. Білімгерлер ұйымдастырушыларға алғыстарын айтып, жылы лебіздерін жеткізді.



