Дулати университетінде цифрлық қауіпсіздік, интернет-алаяқтықтан қорғану және кибертәуекелдердің алдын алу тақырыптарына арналған ақпараттық кездесу өтті. Шараға мемлекеттік органдардың салалық мамандары қатысып, өз бағыттары бойынша өзекті мәселелер мен алдын алу шараларын түсіндірді.
Кездесудің алғашқы бөлімінде Әлеуметтік жұмыс басқармасының басшысы Ултанбаев Арнат Бегдалыұлы сөз сөйлеп, қоғамдағы цифрлық сауаттылықты арттырудың маңыздылығын атап өтті. Жамбыл облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің штаб басшысы Кенжебаев Ержан Құрманбекұлы экономикалық қылмыстардың заманауи түрлері мен олардан қорғану жолдары туралы ақпарат берді. Келесі баяндаманы Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің криминалистикалық бөлімінің басшысы Байдалиев Мақсат Құралбекұлы ұсынып, интернеттегі алаяқтық схемалардың қалай анықталатыны және криминалистикалық зерттеулердің рөлі жайлы айтты.
Сонымен қатар, Жамбыл облысы бойынша ПД Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі Қошмағанбетов Мұхаммед Сейтмаханұлы киберқылмыстардың артып келе жатқан түрлері, олардың алдын алу әдістері және азаматтардың цифрлық қауіпсіздік мәдениетін қалыптастырудың өзектілігі туралы кеңінен түсіндірді.
Шара барысында қатысушылар цифрлық гигиена, дипфейктердің қауіптілігі және қаржылық қауіпсіздіктің негізгі қағидалары жөнінде ақпарат алды. Әсіресе, жеке деректерді қорғау, күрделі құпиясөздер қолдану, екі факторлы аутентификация, фишингтен сақтану және онлайн-төлемдерді қауіпсіз жүргізу тақырыптары ерекше назарға алынды.
Кездесу сұрақ-жауап бөлімімен және тақырыпқа байланысты бейнеролик көрсетілімімен аяқталды.
Іс-шараны Әлеуметтік жұмыс басқармасының дінтану бойынша бас маманы Алпысбаев Бахтияр Қаржаубайұлы үйлестірді.




