Университет қабырғасында «Білім берудегі тарих және география» кафедрасының ұйымдастыруымен «Қазақ хандығы және Отан тарихының өзекті мәселелері» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті. М.Х. Дулати атындағы Тараз университеті «Білім берудегі тарих және география» кафедрасының меңгерушісі, PhD Серубаева Аурика Темірханқызы кіріспе сөз сөйлеп, конференцияның ғылыми маңызын атап өтті. Қазақ хандығының іргетасы қаланған қасиетті өңірде ғылыми басқосу қазіргі кезеңдегі тың тарихи деректер мен жаңашыл зерттеулердің ғылыми айналымға ену деңгейі сараланды.
Республикалық ғылыми-практикалық конференция жұмысы еліміздің жетекші ЖОО-дары мен ғылыми зерттеу орталықтарының ғалымдарын, жас зерттеушілерінің басын қосып, тарихи деректану, тарихнамалық талдау, жаңа методологиялық бағыттар бойынша өзекті мәселелерді талқылады.
Конференция барысында тарих ғылымдарының докторы, профессор, Токио шетел тілдері университетінің белгілі ғалымы Дүйсенәлі Әбділәшімұлы Қытай архивтерінен табылған Қазақ хандығына қатысты бірегей, бұрын ғылыми айналымға толық енгізілмеген құжаттар жөнінде терең мазмұнды баяндама жасады. Ол тың деректердің тарихи реконструкциядағы орны мен жаңа ғылыми тұжырымдарға жол ашатын нақты ерекшеліктерін жан-жақты түсіндірді. Сондай-ақ, Астана халықаралық университетінің PhD докторанты, Өнер және гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің “Тарих” білім беру бағдарламасының жетекшісі Тлебалдиева Меруерт Доқтырханқызы тәуелсіздік дәуіріндегі Отан тарихын зерттеудің жаңа бағыттары, заманауи әдіснамалық тәсілдері және ғылыми-теориялық парадигмалары туралы өз ғылыми пайымдарын ұсынды. Ол қазіргі тарихи зерттеулердің даму векторын айқындайтын концептуалдық негіздерге тоқталып, зерттеу тәжірибесінен мысалдар келтірді. Сондай-ақ, Астана спорт және туризм академиясының PhD, қауымдастырылған профессоры Ташкараева Асель Мұхтаровна араб-парсы авторларының еңбектеріндегі хандық кезеңге қатысты тың мәліметтерді деректану әдістері арқылы талдады.
Бұдан бөлек, М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің «Тарих» кафедрасының меңгерушісі, т.ғ.к., қауымдастырылған профессор Сейткулова Жанна Мамбетовна М.Х. Дулатидің «Тарих-и Рашиди» еңбегіндегі алғашқы қазақ хандары туралы деректерге арналған мазмұнды баяндама жасап, бұл еңбектің қазақ мемлекеттілігінің бастау кезеңдерін танудағы деректік құндылығын көрсетті. Сонымен қатар, Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің «Тарих және география» кафедрасы, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Тоқболат Сейілхан Тоқболатұлы, т.ғ.к., доцент Жүрсінбаев Бақытжан Абсаматұлы және Тараз қаласындағы С.Нұрмағанбетов атындағы мектеп директоры Қабылбеков Сүйінжан Құрманұлы да конференция барысында тарихи мәселелерге қатысты өз ғылыми ізденістері мен зерттеу нәтижелерін ортаға салып, қатысушылар назарын маңызды тақырыптарға аударды. Жалпы алғанда, конференция мазмұны терең, ғылыми құндылығы жоғары баяндамалармен толықтырылып, қатысушылар үшін кәсіби тәжірибе алмасудың нәтижелі алаңы болды. Конференция барысында қатысушылар Қазақ хандығының тарихын зерттеудің жаңа мүмкіндіктерін, отандық тарих ғылымындағы өзекті мәселелерді талқылап, ғылыми ой алмасуға белсенді қатысты. Бұл конференция жас ғалымдардың ғылыми әлеуетін арттыруға, тарихи зерттеулерді дамытуға және отандық тарих ғылымының жаңа бағыттарын қалыптастыруға ықпал еткен маңызды жиын болды.



