Университет қабырғасында Басқарма Төрағасы – Ректор Мұхтар Қазбекұлы халықаралық серіктестермен кездесу өткізді. Басқосуға Ресей Федерациясының Алматы қаласындағы Бас консулдығының вице-консулы, Қазақстан Республикасындағы Россотрудничество өкілдігінің басшы орынбасары Мария Симакова және Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, ҰҚК Шекара қызметінің құрметті ардагері, жазушы Василий Шупейкин қатысты.
Кездесу барысында Басқарма Төрағасы – Ректор Мұхтар Қазбекұлы сөз алып, халықаралық ынтымақтастықтың оқу орны үшін ерекше маңызға ие екенін атап өтті. Өз сөзінде, шетелдік әріптестермен тығыз байланыс орнату білім сапасын арттырып қана қоймай, студенттерге сапалы білім алуға жаңа мүмкіндіктер ашатынын, тілдік және мәдени ортада тәжірибе жинақтауға жол беретінін жеткізді. Мұхтар Қазбекұлы шетелдік әріптестерге жылы лебізін білдіріп, алдағы жұмыстарына табыс, бірлескен жобаларға сәттілік тіледі.
Кездесуден кейін, Қазақстан Республикасының Алматы қаласындағы Россотрудничество өкілдігі және «Филология және гуманитарлық ғылымдар» факультетінің ұйымдастыруымен «Константин Симонов. Соғыс шарпыған поэзия» тақырыбында фотокөрме өтті. Көрмеге қонақтар, университеттің профессор – оқытушылар құрамы және студенттер қатысты.
Көрменің мақсаты – Ұлы Отан соғысы жылдарының естелігін жаңғыртып, жас ұрпаққа оның тарихи және рухани маңызын жеткізу және халықаралық мәдени және достық қарым-қатынасты нығайту.
Көрмеде ТАСС агенттігінің Ұлы Отан соғысы жылдарындағы 26 фотопостерден тұратын туындылар легі көрермен назарына ұсынылды.
Салтанатты жиында Басқарма мүшесі – ғылым және цифрландыру жөніндегі проректор м.а Сейтжан Орынбаев және Ресей Федерациясының Алматы қаласындағы Бас консулдығының вице-консулы, Қазақстан Республикасындағы Россотрудничество өкілдігінің басшы орынбасары Мария Симакова сөз алып, жиынның маңыздылығына тоқталды. Өз сөзінде, Сейтжан Орынбаев фотокөрменің жас ұрпақтың бойында патриоттық рух пен тарихи жадқа деген құрметті қалыптастыруға бағытталғанын айтып, осындай тағылымды шаралардың тәрбиелік және мәдени маңызы зор екенін жеткізді. Сондай-ақ, университет пен халықаралық серіктестер арасындағы ынтымақтастықтың одан әрі нығая беретініне сенім білдірді. Ал, Мария Симакова өз кезегінде, Россотрудничество өкілдігі атынан жылы лебізін білдіріп, Қазақстан мен Ресей халықтарын ортақ тарихи естелік пен рухани жақындық біріктіретінін сөз етті. Фотокөрме тек соғыс жылдарының естелігі емес, бейбітшілік пен достықтың құндылығын еске салатын маңызды мәдени шара екенін ерекше ықыласпен жеткізді.
Жиын барысында студенттер концерттік бағдарлама ұйымдастырып, өз өнерлерін ортаға салды. Олар Константин Симоновтың өлеңдерін мәнерлеп оқып, жүрек тебірентер әндер орындап, бимен әрленген көріністер ұсынды. Шараның мәдени бөлігі көрермендерге ерекше әсер қалдырып, жылы эмоциялар сыйлады.
Жиын соңында Россотрудничество өкілдігі ТАСС агенттігінің Ұлы Отан соғысы жылдарындағы тарихи фотосуреттерінен құралған көрмені «Тараз қалалық орыс жерлестігі» филиалына салтанатты түрде табыстады. Қонақтар Дулати университетінің басшылығына ыстық ықыласпен қарсы алғандары үшін алғыс айтып, жылы қабылдау көрсетілгенін ерекше атап өтті. Олар университеттің алдағы уақытта да үлкен жетістіктерге жететініне сенім білдіріп, тілек білдірді.
