Университетімізде Ғылым және коммерцияландыру бөлімінің бастамасымен және «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен «Бір ауыл – бір өнім» жобалық тауарлар мен өнімдер көрмесі жоғары деңгейде өтті.
Көрме аясында жергілікті кәсіпкерлер өз өнімдерін отандық және шетелдік нарыққа ұсыну мүмкіндігіне ие болып, бірқатар ауылдық өнімдер кең аудиторияға таныстырылды.
Іс-шараның ресми ашылу салтанатына университеттің Басқарма Төрағасы – Ректор Мұхтар Қазбекұлы Байжуманов пен Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Нұржан Сәбитұлы Календаров қатысып, жобаға сәттілік тілеп, құттықтау сөз сөйледі.
Көрменің маңызды сәттерінің бірі ретінде университеттің бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру (ПЦФ) жобалары аясында ұйымдастырылған үш оқу курсын атап өтуге болады.
Атап айтқанда кәсіпкерлердің арасында: «Азық-түлік өндірісінің заманауи тәсілдері: ғылымнан тәжірибеге дейін», «Биочарды өндіру мен қолданудың озық технологиялары және өсімдік шаруашылығында органикалық өнім өндіруді ұйымдастыру», «Тоқыма және аяқ киім: бірегей бұйымдарды жасау өнері» бағыттары бойынша 28 кәсіпкер кәсіби оқудан өтіп, арнайы сертификаттарға ие болғандар көрме барысында өз өнімдерін көпшілік назарына ұсынды.
«Бір ауыл – бір өнім» жобасының негізгі мақсаты – өңірлердегі шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, ауыл тұрғындарының әлеуетін арттыру және ұлттық дәстүрге негізделген өнімдерді кең ауқымда таныту болып табылады.
Университеттің профессорлық-оқытушылар құрамы мен басшылық өкілдері көрмеге қатысушылардың өнімдерімен жақын танысып, кәсіпкерлердің бастамаларына қолдау көрсетті. Облыстық делегация өкілдері мен қонақтар көрмені аралап, ауылдық ерекшеліктерді айшықтайтын тауарларға жоғары бағасын берді. Іс-шара аясында құрылған жұмыс тобы көрменің үздік 10 қатысушысын анықтау мақсатында бағалау жұмыстарын жүргізді.
Көрменің ресми жабылу рәсімінде Жамбыл облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Еркін Атымтаев сөз сөйлеп, жобаны қолдаған және белсенді қатысқан кәсіпкерлерге алғыс хаттар мен арнайы номинациялар табыстады.
Бұл көрме – университет пен өңірлік кәсіпкерлер арасындағы тиімді әріптестікке негізделген табысты жобалардың жарқын үлгісі.