Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің 2025 жылғы 24 ақпандағы №79 бұйрығына сәйкес, 2025 жылға арналған жоғары оқу орындарына алыс шетелден жоғары рейтингілік ғылыми басылымдарда жарияланымдары бар шетелдік сарапшыларды тарту жоспары бекітілді. Осы бағдарлама аясында Дулати университетіне 7 грант бөлінді.
Аталған грант негізінде Индонезия мемлекетінің Риау университетінен Аниша Пермата мен Нур Ислами Дулати университетіне шақырылды. Шетелдік қонақтарды Басқарма мүшесі – стратегиялық даму және интернационалдандыру жөніндегі проректор Шолпан Есімова қарсы алып, оқу ордасының жетістіктері мен бағыттарын таныстырды.
Сонымен қатар, кездесуге Басқарма Мүшесі – ғылым және цифрландыру жөніндегі проректор Сейтжан Орынбаев, Басқарма мүшесі – әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректор Аслан Тұрлыбек, Ғылым және коммерцияландыру департаментінің директоры Арман Қабдушев, Халықаралық ынтымақтастық басқармасының басшысы Гүлнұр Исабекова қатысты.
Кездесу барысында индонезиялық ғалымдармен бірлескен ғылыми конференция өткізу жоспарланып, алдағы оқу жылына арналған бастамалар талқыланды.
Индонезиялық ғалымдардың келуі – университеттің стратегиялық даму бағытындағы маңызды қадамдардың бірі. Шетелдік сарапшыларды тарту арқылы білім беру сапасын арттыру, ғылыми-зерттеу әлеуетін күшейту және халықаралық серіктестікті нығайту көзделуде.
Кездесу соңында қонақтар университет басшылығына алғыстарын білдіріп, жылы лебіздерін жеткізді.