М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті мен Ж.Баласағұн атындағы Қырғыз ұлттық университеті арасында ғылыми байланыс орнап, педагогика саласындағы халықаралық серіктестік жаңа деңгейге көтерілді.
Аталған бастама ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің 2023–2025 жылдарға арналған ғылыми және ғылыми-техникалық жобаларды гранттық қаржыландыру конкурсы аясында жүзеге асырылып жатқан AP19680242 «Қазақстан Республикасында педагогикалық білім беру жүйесін жаңғырту аясында жоғары оқу орындарының коллаборативті цифрлы білім беру ортасын құру» атты ғылыми жоба негізінде қолға алынды. Жобаның жетекшісі: «Педагогика және әлеуметтік ғылымдар» факультетінің «Педагогика» кафедрасының меңгерушісі, п.ғ.д., профессор Клара Бузаубакова.
Жоба аясында Дулати университетінің «Педагогика және әлеуметтік ғылымдар» факультеті мен Қырғыз ұлттық университеті арасында тәжірибе алмасу, бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу және оқу ресурстарын ортақ пайдалану бағытында келісімдер жасалды.
Осы ынтымақтастық барысында «Педагогика және әлеуметтік ғылымдар» факультеті «Педагогика» кафедрасының меңгерушісі, п.ғ.д., профессор Клара Бузаубакова және «Мектепке дейінгі және бастауыш білім беру» кафедрасының қауымдастырылған профессоры Нарима Есенова Бішкек қаласында өткен Қырғыз ұлттық университетінің 100 жылдық мерейтойына арналған «Жаһандану дәуіріндегі ұлттық педагогиканың қазіргі жағдайы, даму тенденциялары» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға қатысып, өз баяндамаларын ұсынды. Пленарлық отырыста Клара Жайдарбековна «Қазақстан Республикасында педагогикалық білім беру жүйесін модернизациялау: педагог кадрларды даярлаудың инновациялық моделі (Қазақстан мен Қырғызстан мысалында)» тақырыбында баяндама жасап, арнайы дәріс оқыды.
Аталған ғылыми жоба аясында Қазақстанда педагог кадрларды даярлаудың жаңа 3+2 инновациялық моделі ұсынылды. Бұл модель бойынша:
- • 3 жыл – бакалавриат: мектепке дейінгі мекемелер, бастауыш сыныптар және қосымша білім беру мекемелерінде жұмыс істеуге мүмкіндік береді;
- • 2 жыл – ғылыми-педагогикалық бағыттағы магистратура: орта және жоғары буындарда жұмыс істеу үшін міндетті талап болып табылады.
Серіктестік нәтижесінде жобаның маңызды өнімдерінің бірі – «Цифрлы педагогика» оқулығы қырғыз тіліне «Санариптик педагогика» атауымен аударылып, екі елдің педагогикалық білім беру жүйесі үшін ортақ оқу құралына айналмақ.