Университет қабырғасында «Менделеев сыныптары» білім беру жобасының екінші түлектерін марапаттау салтанаты өтті.
Салтанатты рәсімге Басқарма төрағасы-Ректор Мұхтар Байжұманов, РХТУ Тараз филиалының басшысы Фёдор Колоколов, «Қазфосфат» ЖШС-нің жетекші маманы Айдана Бекенова, Жаратылыстану ғылымдары факультетінің деканы Болат Тасуов және ата-аналар, оқушылар, ұстаздар мен білім саласының өкілдері қатысты.
«Менделеев сыныптары» — Д.И. Менделеев атындағы Ресей химия-технология университетінің Тараздағы филиалы мен «Қазфосфат» ЖШС индустриялық серіктестігі аясында жүзеге асырылып жатқан бастама. Екі жыл қатарынан өткізілген жоба өңір жастары арасында жаратылыстану ғылымдарына қызығушылықты арттырып, кәсіби бағдар беру моделін дамытуға үлес қосып келеді. Жоба химия және инженерия бағытындағы білім беруді дамытуға арналған. Тараз қаласы мен Жамбыл облысында 9–11 сыныптар арасынан 58 оқушы тереңдетілген оқу курсын аяқтады.
Салтанатты жиын барысында РХТУ филиалының құрылу тарихы және жобаның дамуына арналған бейнеролик көрсетілді. Құттықтау сөздер айтылып, оқушыларға сертификаттар, ұстаздар мен ұйымдастырушыларға Алғыс хаттар табысталды.
Жоба ұйымдастырушылары мен серіктестері барлық қатысушыларға алғыстарын білдіріп, бастаманың Қазақстандағы сапалы инженерлік және ғылыми білімге апарар маңызды қадам екенін атап өтті.