Шәкәрім университетінде Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен «Абайдың толық адам ілімі: ұлттық құндылықтар мен заманауи көзқарас» атты республикалық форум ұйымдастырылды.
Дулати университетінің атынан форумға Басқарма мүшесі – әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректор Аслан Тұрлыбек, Әлеуметтік жұмыс басқармасының басшысы Арнат Ұлтанбев, «DU UNION» студенттік парламентінің президенті Асель Тоқпанова және «DIALOG DULATY» ассамблея жастарының төрайымы Анар Серік қатысты.
Форум барысында Абайдың «Толық адам» ілімі мен ұлттық құндылықтарды сақтау, интегралды GPA жүйесін енгізу тәжірибесі, қаржылық сауаттылықты арттыру, жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру бағытында «Заң және тәртіп» тақырыбы кеңінен талқыланды. Студенттерге көшбасшылық қабілеттерді дамытуға бағытталған «Жастар – болашақ драйвері» атты TED Talks форматындағы кездесулер мен тренингтер өткізілді. TED Talks алаңында студенттер көшбасшылық жолындағы тәжірибелерімен бөлісіп, заманауи жастар саясатының өзекті мәселелерін талқылады. Сонымен қатар, «Shakarim Quiz» интеллектуалды ойыны мен «Flavors & Ideas» кешкі кездесуі жастардың шығармашылық және мәдени қарым-қатынастарын нығайтуға жол ашты.
Форум аясында Басқарма мүшесі – әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректор Аслан Еділханұлына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Толық адам» идеологиясын жастар ортасында кеңінен насихаттап, қоғамда адамгершілік құндылықтарды дәріптеуге сіңірген елеулі еңбегі үшін ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің Алғыс хаты табысталды. Сондай-ақ, «DU UNION» студенттік парламентінің президенті Асель Тынышбекқызына және «DIALOG DULATY» ассамблея жастарының төрайымы Анар Маратқызына да ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің Алғыс хаты табысталды.
Форум қатысушыларына Семейдегі Абайдың «Жидебай-Бөрілі» тарихи-мәдени музей-қорығына және Жидебайдағы Абай-Шәкәрім кесенелеріне экскурсия ұйымдастырылып, жастардың тарихи сана мен рухани құндылықтарға деген қызығушылығын арттырды.
Форум Дулати жастарының азаматтық белсенділігін арттырып, ұлттық рухани құндылықтарды жаңғыртуға серпін берді.