ҒЫЛЫМ ТІЛІНІҢ СТРАТЕГИЯСЫ: ҚАЗАҚ ТІЛІН ҒЫЛЫМ ТІЛІНЕ АЙНАЛДЫРУ ЖОЛЫНДАҒЫ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР МЕН ШЕШУ БАҒЫТТАРЫ

Астанада ғылым тілінің стратегиясына арналған маңызды іс-шара өтті. Жиынға «Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедрасының меңгерушісі, профессор, педагогика ғылымдарының докторы Тұрсынай Абдықадырова қатысты.

Іс-шара барысында ғылым саласындағы тілдік саясат, оның ішінде техникалық және жаратылыстану бағыттарында қазақ тілінің қолданылу деңгейі, терминология мәселелері мен ғылыми еңбектердің сапасы кеңінен талқыланды.

Сарапшылардың пікірінше, қазіргі таңда ғылыми мақалалар мен монографиялар саны артқанына қарамастан, олардың сапасы мен тілдік стандарттарға сай болуы өзекті мәселе болып отыр. Әсіресе, техникалық және жаратылыстану ғылымдары салаларында қазақ тіліндегі ғылыми тілдің дамуы бәсеңдеп, терминологиялық жүйенің жетілдірілуі қажеттігі айтылды. Сонымен қатар, университеттердің халықаралық рейтингтерінде жоғары орын алуы үшін ғылым тіліне қойылатын талаптар да сөз болды.

Ғылыми және ғылыми-техникалық жобаларға сараптама жасалып, қазақ тілінде дайындалған жобалардың үлесі тым төмен екені анықталды. Жобалардың 60%-ы жазылғанымен, оның тек 12%-ы ғана қазақ тілінде екен. Осыған байланысты алдағы уақытта барлық ғылыми жобалардың қазақ тілінде жазылуы міндеттеліп отыр. Бұл бағытта тиісті ақпараттар мен нұсқаулықтар берілу жоспарлануда.

Республикалық семинар-кеңесінің соңында қазақ тілін ғылым тіліне айналдыру — тек тіл саясатының ғана емес, ұлттық мүдденің бір бөлігі екені атап өтілді.

Прочитано 84 раз
Top