29–30 сәуір күндері М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің сүйемелдеуімен Астана қаласында өткен Enactus Kazakhstan National Cup ұлттық чемпионатына қатыстыруын ұйымдастырған Корпоративтік клиенттермен жұмыс жөніндегі бөлімнің бас маманы, Enactus Dulaty командасының академиялық эдвайзері қызметін қоса атқарушы Ж.Шонгараеваның бастауымен Enactus Dulaty студенттік кәсіпкерлік, стартаптар және инновациялар командасы 210 команданың арасынан суырылып шығып, Топ-15 қатарына ілікті!
Бұл жарыс — еліміздегі ең үздік жас көшбасшылар мен әлеуметтік кәсіпкерлерді анықтайтын беделді алаңдардың бірі болып табылады.
Екі күнге созылған ауқымды іс-шара аясында команда өз жобасын сәтті қорғап, республикалық деңгейде жоғары баға алды. Бірінші күн салтанатты ашылу рәсімімен басталып, қатысушы барлық командалар бірнеше лигаға бөлінді. Dulaty университетінің командасы өз жобасын ағылшын тілінде кәсіби деңгейде қорғап, сарапшылардың және көрермендердің зор ықыласына бөленді. Жобаның өзектілігі мен команда мүшелерінің сенімді сөйлеуі көрермендер арасында үлкен қызығушылық тудырып, көптеген адам жобамен жеке танысу үшін арнайы келді.
Жарыстың екінші күні дәстүрлі шерумен басталып, жартылай финалға шыққан үздік командалар жарияланды. Enactus Dulaty командасы жартылай финал кезеңінен сенімді өтіп, үздік үштік қатарынан көрінді. Қазылар алқасының шешімімен команда 3-орынға ие болып, Enactus қозғалысындағы белсенді қызметі мен жобасының әлеуметтік тиімділігі үшін арнайы марапатталды.
Enactus Dulaty командасының жетістігі — әрбір мүшенің қажырлы еңбегі, үздіксіз дайындық пен бірлесе әрекет етудің жемісі. Команда мүшелері өз жобалары арқылы қоғамның өзекті мәселелеріне нақты шешім ұсынуға ұмтылып, әлеуметтік кәсіпкерліктің дамуына үлес қосуда.Алдағы уақытта Enactus Dulaty командасы әлеуметтік маңызды жобаларды одан әрі дамытуды, қоғамға пайда әкелетін тың бастамаларды іске асыруды және жастардың көшбасшылық қасиеттерін шыңдауды мақсат етеді.
Бұл жеңіс — тек бір жобаның нәтижесі ғана емес, сонымен қатар болашақ көшбасшылардың қалыптасуындағы маңызды кезеңдердің бірі.