Университет қабырғасында «Педагогика және әлеуметтік ғылымдар» факультеті «Арнайы және әлеуметтік педагогика», «Педагогикалық психология» кафедраларының бірлесіп ұйымдастыруымен «Инклюзивті орта: теория, практика, даму тенденциялары» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Конференцияның мақсаты – білім беру ұйымдарында кедергісіз кеңістікті дамыту арқылы инклюзивті мәдениетті арттыру және педагогтардың кәсіби құзыреттілігін жетілдіру мәселелерін талқылау. Сонымен қатар, сала мамандарының нәтижеге бағдарланған тәжірибелерін насихаттау.
Конференцияға Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі жоғары білімді дамыту ұлттық орталығының маманы Қарлығаш Жолдасова, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Зульфия Мовкебаева, Жамбыл облыстық ведомствоаралық психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациясының меңгерушісі, Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы Тараз қаласының білім бөліміне қарасты балабақшалардың меңгерушілері, Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасының №3 «Мейірім» арнайы мектеп-интернаты» білім алушылары мен сурдопедагог жетекшілері, Тараз қаласының психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті мамандары және университеттің профессор-оқытушылар құрамы, магистранттар мен докторанттар қатысты.
Жиынды Басқарма мүшесі-академиялық мәселелер бойынша проректор Ләззат Еркінбаева құттықтау сөзбен ашып, инклюзивті білім беру – тек білім саласының ғана емес, барша қоғамның дамуына ықпал ететін маңызды бағыт екенін жеткізді. Инклюзивті орта – бұл барлығына ашық, әр адамның ерекшелігіне құрметпен қарайтын, бір-біріне қолдау көрсететін орта. Жас буынның теориялық білім мен практикалық тәжірибені ұштастырып, үздік тәжірибелерді игеру– басты мақсаттардың бірі екенін сөз етті.
Конференция барысында қатысушылар логопедиялық шеберлік сабақтарына, психологиялық тренингтер мен көрмелерге қатысып, білім беру мекемелеріндегі инклюзивті тәжірибемен танысты. Барша қатысушылар арнайы марапаттарға ие болды. Сонымен қатар, «Педагогика және әлеуметтік ғылымдар» факультеті жанынан Инклюзивті білім беру орталығы салтанатты түрде ашылды.
Орталықтың ашылу салтанатында Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі жоғары білімді дамыту ұлттық орталығының маманы Қарлығаш Жолдасова және Басқарма мүшесі – стратегиялық даму және интернационалдандыру жөніндегі проректор Шолпан Есімова лентаны қиды.
Шолпан Алтынбекқызы мен Қарлығаш Жолдасова құттықтау сөз алып, жылы лебіздерін жеткізді. Инклюзивті білім беру – тек педагогикалық емес, жалпы адами құндылықтарға негізделген тұтас көзқарас екенін сөз етті. Ашылып отырған орталық – осы құндылықтардың нақты көрінісі әрі бірлесе дамуға, тәжірибе бөлісуге, мамандарды қолдауға арналған ашық платформа екенін жеткізді. Сонымен қатар, орталық инклюзия қағидаттарын білім беру жүйесіне тереңінен енгізу арқылы баршаға тең мүмкіндік беруге арналған нақты қадамдардың бірі екенін тілге тиек етті.
Басқарма мүшесі – әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректор Аслан Еділханұлы құттықтау сөз алып, орталықтың маңыздылығына тоқталды. Ол өз сөзінде, Инклюзивті орта – мейірім мен қабылдаудан басталатынын атап өтті. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға қолдау көрсету – қоғамның мәдени және әлеуметтік деңгейінің көрсеткіші екенін жеткізді. Орталықта білікті мамандар бас қосып, ортақ мақсатқа қызмет ететіндеріне сенім білдірді.
Оқу ордамызда білім нәрімен сусындап жатқан жастардың ынтымақтастық көкжиегін кеңейтуге, студенттердің сапалы білім алуына орталық себепші болары анық. Қонақтар ұйымдастырушыларға алғыстарын білдіріп, жылы лебіздерін жеткізді.