Университет қабырғасында Әлеуметтік жұмыс басқармасының ұйымдастыруымен «Қазақстан Республикасының зайырлы ел ретіндегі мәртебесін күшейту» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Кездесуге Басқарма мүшесі – Әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректор Аслан Тұрлыбек, Жамбыл облысы әкімдігі Дін проблемаларын зерттеу орталығының бөлім басшысы Ерзат Жақыпов, «Аmanat» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» ЖҚ төрағасы Ерғали Әбдуғали, Қазақстан студенттер альянсының филиал төрағасы, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің студенттік омбудсмені Дархан Байпақ, Жамбыл облыстық «AQNIET ақпараттық-насихаттау және оңалту орталығы» қоғамдық қорының жетекшісі Зұлқарнайын Зүнінқожа және оқу ордамыздың профессор-оқытушылар құрамы мен студенттер қатысты.
Кездесу мақсаты – дәстүрлі рухани құндылықтар қағидаттарына негізделген қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті дамыту арқылы жас буынның рухани-танымдық бағыттарын нығайту. Жастардың әлеуметтік-қоғамдық өмірге белсенді араласуын және олардың ортақ мақсатқа жету жолында күш біріктіруін қамтамасыз ету.
Қазақстан Тәуелсіздік алған жылдардан бері, мемлекеттік–конфессиялық қатынастарда зайырлылық моделін ұстана отырып дамуда. Елімізде қазіргі таңда, 18 конфессияның мүдделерін білдіретін үш жарым мыңнан астам діни субъектілері ресми түрде тіркелген. Дін саласындағы негізгі үдерістер мен үрдістерді қолдау мақсатында, Дулати университеті базасында «ҚР зайырлы ел ретіндегі мәртебесін күшейтуді» жаңадан ой елегінен өткізіп, болашаққа сеніммен қарау – басты назарда.
Дөңгелек үстелдің модераторы ретінде университеттің Басқарма мүшесі – Әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректор Аслан Тұрлыбек жүргізді. Ол өз сөзінде, жастардың діни сауаттылығы – қазіргі қоғамда күрделі әрі өзекті мәселелердің бірі екенін тілге тиек етті. Адам діни сауаттылығын арттыру арқылы қоғамға, қоршаған ортаға деген көзқарасы қалыптасып, кемелдену құбылысы жүзеге асатынын жеткізді. Жастардың рухани және діни сауатты болуы – заман талабы екенін ескертіп, жас буынды шыншылдыққа тәрбиелеу арқылы туған жердің топырағына мейлінше қалтқысыз қызмет етуге шақырды.
Жиын барысында мамандар ұлтымыздың сан ғасырлардан бері сақталып келе жатқан дәстүрлі құндылықтар мен тәлім-тәрбиелік маңызы зор тағылымды насихаттар жайында сөз қозғады. Зайырлы қоғамда әлемдік және дәстүрлі діндердің құндылықтарын ғылыми тұрғыдан танып білген жөн екенін тілге тиек етті. Қазіргі уақытта адам мен қоғам өміріндегі ақпараттық және интеллектуалды ортада діни наным-сенім мен сананың рөлі өсіп келетінін жеткізді. Жат ағым зардабы мен ел бірлігі, қасиетті Ислам дінінің ерекшелігі туралы әсерлі әңгіме өрбітіліп, отбасы жайлы шариғат талабына сай ақыл-кеңестер айтылды. Сонымен қатар, қазақ ұлтының дәстүрі дінмен тамаша үйлесім табу арқылы саналы әрі тәрбиелі ұрпақ қалыптастыруда ерекше рөлге ие болатынын жеткізді. Бүгінде жастар қоғамның қозғаушы күші ретінде озық идеяларымен қаруланып, еліміздің дамып, өркендеуіне өз үлесін қосып келетінін баса айтты.
Кездесу соңында мамандар толыққанды мағлұматтармен бөлісіп, студенттермен еркін форматта пікір алмасты. Білімгерлерге жат діни ағымдардан сақтанып, өмірді жақсарту жолдарын таңдау әркімнің өз қолында екендігін жеткізді.Аслан Еділханұлы мамандарға жылы лебізін жеткізіп, Алғыс хат табыстады.