Университет қабырғасында «Филология және гуманитарлық ғылымдар» факультетінің бастамасымен «Болашаққа үміт, жастарға сенім!» тақырыбында мамандармен кездесу өтті.
Кездесуге Садыхан емханасының нарколог дәрігері Елена Ли, психолог Асылай Кенжетайқызы, Әлеуметтік жұмыс басқармасының психолог маманы Шынар Буйембаева және студенттер қатысты.
Кездесу мақсаты – қазіргі адамзат ұрпағына төніп тұрған нашақорлық кеселінің өршіп тұрғанына байланысты, жас буынға осы дерттің зардабын түсіндіру. Есірткі, қаржылық сауаттылыққа қатысты ахуал, жасөспірімдермен және жастармен профилактикалық жұмыс әдістерін жүргізу.
Басқарма мүшесі – Әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректор Аслан Еділханұлы сөз алып, алаяқтар қазіргі таңда интернет арқылы жастарды есірткі таратып, несие алуға итермелейтіні жайында сөз қозғады. Интернет-дүкендер арқылы есірткі сатудың неге әкеліп соқтыратыны жайында мысалдар келтіріп, білімгерлерге өз болашақтарына балта шаппауға шақырды.
Кездесу барысында мамандар студенттерге есірткінің заңсыз айналымына қатысудың құқықтық салдары, «синтетикалық» есірткіден төнетін қауіп, жаңа психоактивті заттардың таралуы жөнінде толыққанды түсіндіріп берді. Жастардың өмір сүру салты, еліміздегі нашақорлық деңгейі, статистикалық көрсеткіштері талқыланды. Сонымен қатар, айтылған мәселелерді өздерінің жанындағы құрбылары мен достарына жеткізіп, оларды да есірткі мен алаяқтардан аулақ болуға шақырды.
Жиын соңында қызметкерлер толыққанды мағлұматтармен бөлісіп, студенттер тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді. Сонымен қатар, білім алушыларға құқықтық кеңестер беріліп, өмірді жақсарту жолдарын таңдау әркімнің өз қолында екендігін жеткізді.