16 желтоқсан – Тәуелсіздік күніне күніне орай, «Жаратылыстану ғылымдар» факультетінің ұйымдастыруымен «Еркіндіктің шуағы» атты мерекелік шара өтті.
Салтанатты шараға Басқарма мүшесі – әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректор Аслан Тұрлыбек, «Жаратылыстану ғылымдар» факультетінің деканы Болат Тасуов, университеттің басқарма басшылары мен қызметкерлері, профессор-оқытушылар құрамы және студенттер қатысты.
Мерекелік шараның мақсаты – жас буынның бойына патриоттық рухты сіңіріп, Тәуелсіздік ұғымының мән-мағынасын ұғындыру.Ұлттық құндылықтарды насихаттау арқылы ұрпақтар сабақтастығын нығайту.
Сән мен салтанаты келіскен мерекелік шараны Аслан Еділханұлы құттықтау сөзбен ашып, ұлтымыздың ұлық мерекесі Тәуелсіздік күні– егемендік алған күннен бастап, қабылданған барлық саяси және экономикалық шешімдер еліміздің гүлденуіне өз септігін тигізгенін жеткізді. Еркіндік жолындағы ерлік пен азат елдің тарихын тану әрі жас ұрпаққа таныту басты назарда екенін баса айтты.
Шара барысында белсенді студенттердің қатысуымен әсерлі қойылымдар, патриоттық әндер мен өлең жолдары орындалып, халқымыздың тарихына арналған танымдық баяндамалар оқылды. Мың бұрала билеген бұрымдылар көрермен көңілін бір серпілтіп тастады. Кеш бойы өнер көрсеткен барлық өнерпаздарға көрермендер жоғары бағасын беріп, шын көңілмен қошеметтеп отырды.
Жиналған жұрт Дулати студенттерінің өнерін тамашалап, мерекенің мәні мен маңызын сезініп, жылы лебіздерін білдірді.