М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің базасында Д.И.Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университетінің білімгерлеріне арналған «Менделеевшілерге арнау» атты салтанатты шара өтті.
Мерекелік жиынға М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті мен Д.И. Менделеев атындағы РХТУ басшылығы, «Қазфосфат» ЖШС компаниясының өкілдері, жергілікті атқарушы органдар, оқушылар, ата-аналар мен университет оқытушылары қатысты.
Жиынның мақсаты – өңір жастары арасында химия және инженерлік мамандықтардың мәртебесін арттырып, жаратылыстану пәндерін тереңдете оқыту арқылы химия мен математика пәндерінің сапасын жоғарылату. Сондай-ақ, өндірістің қарқынын дамыту үшін жоғары білікті инженерлік, техникалық кадрларды даярлау.
Жиынды Басқарма төрағасы – ректор Мұхтар Байжұманов құттықтау сөзбен ашып, білім берудегі халықаралық ынтымақтастықты дамытудың, химия саласында жоғары білікті кадрлар даярлау мақсатында Қазақстандағы РХТУ филиалының маңыздылығын атап өтті. Оқу ордасы жас ұрпақтың бойындағы тұлғалық қасиеттерді ұштап, білім мен тәжірибелерді игеруге, достық қарым-қатынастың қалыптасуына мүмкіндік беретін бірегей білім алаңы екенін жеткізіп, білімгерлерге сәттілік тіледі.
«Казфосфат» ЖШС персоналды басқару департаментінің директоры Қайрат Болатов үшжақты келісім нәтижесінде атқарылған жұмыстар өзінің оң нәтижесін береріне сенім білдіріп, оқушыларға MENDELEEV BOX атты ерекше жинақпен жұмыс жасауға мүмкіндіктер қарастырылғанын жеткізді. Жинақта химия пәні бойынша оқу құралдары, реактивтер, препараттар және зертханалық жабдықтар бар. Аталған жинақ білімгерлерге химиялық тәжірибелерді белсенді түрде жүргізуге мүмкіндік беретінін сөз етті.
Мерекелік жиын барысында «Менделеев сыныбы» жобасының талапкерлері салтанатты түрде ант қабылдады. Сонымен қатар, талапкерлерге оқу барысына қажетті барлық құрал-жабдықтар қамтылған «Менделеевшілер сөмкесі» сыйға тартылды.
Жиын соңында химия пәнінің мұғалімі, блогер Ұлан Үсенов талапкерлерге химия өндірісі бойынша лекция жүргізді. Білімгерлер толыққанды мағлұматтар алып, өз қызығушылықтарын білдірді. Ата-аналар ерекше алғыстарын білдіріп, жас ұрпақтың жоғары көрсеткіштерді бағындыратынына сенім білдірді.