«САПАЛЫ БІЛІМ – САНАЛЫ ҰРПАҚ КЕПІЛІ» АТТЫ КЕЗДЕСУ ӨТТІ

25 қазан – Республика күніне орай, Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев университеттің  профессор-оқытушылар құрамымен кездесті.

Жиынды Басқарма төрағасы – ректор Мұхтар Байжұманов ашып, ұжымды ұлтымыздың ең ұлық мерекесімен құттықтады. Оқу ордамыз еліміз таңдаған даму жолынан ешқашан айнымайтынын тілге тиек етіп, болашаққа сеніммен қарайтын ұлт қана табысқа жете алатынын баса айтты.

Басқосуда университетіміздің профессор, доценті Сейдахан Бахторазов «Тәуелсіздік туын тұғырына қондырған Егемендік декларациясы» тақырыбында баяндама жасады. Сонымен қатар, аға оқытушы, PhD доктор Альбина Максутованың «Жаңғыру кезеңіндегі тәуелсіз Қазақстан!»  атты баяндамасында ұсыныс-пікірлер айтылып, еліміздегі ауқымды саяси жаңғырулар арқылы мемлекетіміздің демократиялық дамуының жаңа бағдары айқындалатынын жеткізді. 

Жиында Мәлік Нұржанұлы тұрақтылық пен бейбітшіліктің кепілі болып табылатын еліміздің экономикасы мен мәдениеті, білім мен ғылым салаларындағы елеулі жетістіктер жөнінде сөз етті. Президент барлық сала бойынша түрлі бастамаларды көтеріп, алдағы жұмыс жоспарын бекемдеп бергенін әрі Қасым-Жомарт Тоқаев көтерген барлық саяси реформалар болашақта өз жалғасын табатынын тілге тиек етті. Президенттік стратегияның негізгі бағыттары экономиканы жаңғырту, азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру, олардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету екенін айтты. Сондай-ақ, ғылым мен білім саласын дамыту бойынша біршама мәселелер қозғалып, цифрландыру және адам құқығы туралы Президент Жолдауында бұрын қабылданып, бүгінде жүзеге асырылып жатқан жұмыстардың нәтижесі айтылды. Жолдаудан туындаған міндеттер әр салада қызу талқыланып, халыққа серпін беріп жатқанын жеткізді.

Ұстаздармен ашық диалог құрған кездесуде профессор-оқытушылар құрамы Мәлік Отарбаевқа сұрақтарын қойып, ой-пікірлерін ортаға салды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдауында көтерілген бірқатар мәселелер жан-жақты талқыланды.

Кездесу соңында Мәлік Нұржанұлы айтылған ілкімді ұсыныстар ескерусіз қалмайтынын жеткізіп, біліммен қатар ұлттық тәрбиеге ден қоятын оқу ордасының білім жүйесі жыл сайын жаңарып, заман талабына сай жаңғырып келетінін  айтып, ұжымға өз алғысын білдірді. Жиналған жұртты Республика күні мерекесімен құттықтап, қазақ еліне одан әрі табыс пен өркендеу, бейбітшілік пен келісім тіледі!

отарбаев1111

отарбаев2222

отарбаев3333

отарбаев4444

отарбаев5555

отарбаев7777

 

Прочитано 203 раз
Top