Өлсе өлер табиғат, адам өлмес,
Ол бірақ қайтып келіп ойнап күлмес,
Мені мен менікінің айрылғанын
«Өлді» деп ат қойыпты өңкей білмес.
Көп адам дүниеге бой алдырған,
Бой алдырып, аяғын көп шалдырған,
Өлді деуге сыя ма, айтыңдаршы,
Өлмейтұғын артында сөз қалдырған
– дегендей бүгін біз соңына өлмейтін сөз қалдырған Абай атамыз туралы сөз қозғаймыз. Биыл Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толады. Университет және факультет көлемінде ауқымды іс-шаралар ұйымдастыру жоспарланып отыр. Бірақ мұның бәрі той тойлау үшін емес, ой-өрісімізді кеңейтіп, рухани тұрғыдан дамуымыз үшін өткізілмек. Осы орайда «Су шаруашылығы, экология және құрылыс» факультетінің аға кураторлары және кітапхана қызметкерлерімен бірлесіп «Абайды оқы, таңырқа!» байқауы ұйымдастырылды. Байқауда факультетіміздің студенттері өздерінің бар өнерлерін салып, қара сөздерді мәнерлеп оқып көрермендерді тебірентіп, жүректеріне жылылық орнатып, ойландыра білді.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” атты мақаласында қоғамдық сананы қайта түлетудің маңыздылығы туралы айтты. Ұлттық сананы сақтау және оны заман талабына бейімдеу мемлекеттік маңызы бар мәселеге айналды. Өйткені сананы жаңғырту арқылы ХХІ ғасырда еліміздің тың серпінмен дамуына жол ашылмақ.
Осы орайда Абай мұрасының студенттерге тигізер пайдасы зор деп есептеймін. Ұлы ақынның шығармалары бүгін де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Абайдың ой-тұжырымдары, әсіресе қара сөздері баршамызға қашанда рухани азық бола алады деп сенемін.
Ұлы Абай атамыздың шығармаларына зер салсақ, оның үнемі жастардың терең білім алуына, алға қойған мақсаттарына жылжуына, рухани өсіп-өркендеуіне, кітаптарды көбірек оқуға, бала тәрбиесіне шын ниетімен тілеулес болғанын, осы идеяны барынша дәріптегенін байқаймыз. Ал, ілгерілеудің негізі, алға қойған мақсатқа жетудің бірден-бір көзі білім мен ғылымда екенін анық аңғарамыз. Абай атамыз қазақтың дамылсыз оқып-үйренгенін бар жан-тәнімен қалады. “Ғылым таппай мақтанба” деп, білімді игермейінше, биіктердің бағына қоймайтынын айтты. Ол “Біз ғылымды сатып мал іздемек емеспіз”, – деп тұжырымдап, керісінше, ел дәулетті, саналы болуы үшін ғылымды игеру керектігіне назар аударды.
Қазіргі өсіп келе жатқан жас буын жастарға өнеге болатындай мына бір өлеңін айтқым келеді: «Жасымда ғылым бар деп ескермедім». Бұл жерде ақын оқу, ғылым бағу, ғылым іздеу, тіпті кейде: “сол малды сарып қылып, ғылым табу керек” (10-сөзінде) - деп те айтқан. Яғни, жастарымыз білім алу жолында ешқандай кедергі болмау керек, соңғы малыңды сатсаң да, оқу қажет екендігін жеткізгісі келген.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: “Абай – қазақ халқының рухани қазынасына өлшеусіз үлес қосқан ғұлама ғана емес, сонымен қатар ол қазақ халқының ел болуы жолында ұлан-ғайыр еңбек еткен данагер. Абай – әлемдік деңгейдегі ойшылдардың қатарындағы ғажайып тұлға”, – деген болатын.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан" атты мақаласын жариялады. Ол жерде «Абай мұрасы – біздің ұлт болып бірлесуімізге, ел болып дамуымызға жол ашатын қастерлі құндылық. Жалпы, өмірдің қай саласында да Абайдың ақылын алсақ, айтқанын істесек, ел ретінде еңселенеміз, мемлекет ретінде мұратқа жетеміз. Абай арманы – халық арманы. Халық арманы мен аманатын орындау жолында аянбағанымыз абзал. Абайдың өсиет-өнегесі ХХІ ғасырдағы жаңа Қазақстанды осындай биіктерге жетелейді» - деген.
"Абай – ұлы ақын, дана ақын, дара ақын, кемеңгер ақын!" Ақындардың ұстазы. Абай өзінің кіршіксіз ақ жүрегінен тебіренткен сансыз ойларын тамаша шығармалары мен жалынды жырларының бетіне маржандай төгілдірді. Абай әндері ауыздан – ауызға, заманнан – заманға ауызша ауыса отырып жетті. Абай әндерінің бізге толық жеткен себебі, халықтың жүрегінде сақталуға сапасы сай келетін шығармалар болғандығында, халық санасынан өшпес орын алғандығында. Болашақта Абай әндерінің, қара сөздерінің және басқа да көптеген шығармаларының қазақ халқына әкелер пайдасы зор екендігіне кәміл сенемін.
«Су ресурстары» кафедрасының аға оқытушысы Байжігітова М.Т.