САЙТТАРДАҒЫ САУАТСЫЗДЫҚ

Қазір цифрландыру дәуірі. Цифрландыру заманауи әлемнің талабына айналды, онсыз одан әрі даму мүмкін емес. Сондықтан мемлекеттік, салалық деңгейлерде, сондай-ақ жекелеген үй шаруашылықтары мен жеке азаматтардың деңгейіндегі қызметтердің барлығы электронды форматқа көшіріліп отыр. Ақпаратты цифрлық форматқа көшіру арқылы экономиканың тиімділігін арттыруға, адамның өмір сүру сапасын жақсартуға, сонымен қатар уақыт үнемділігі, ақпараттың қолжетімділігі, ашық бәсекелестік секілді заманауи қабілеттерді қалыптастыруға болады. Себебі цифрландыру -  расында да дүниежүзілік дамудың трендіне айналуда. Ақпаратты цифрландырудың бір көрінісі – кез келген мекемелердің сайттары немесе ақпарат порталдары, ақпарат ресурстары. Қарапайым тілмен айтсам, сайттар. Сайттардың басты қызметі - белгілі бір мекеме туралы толық мәлімет беру. Әйтсе де, осы сайттардың ақпарат беру қызметін әлі де толық түсінбей жүрген мекемелердің бар екендігін байқауға болады. Мұны осы сайттарға сараптама жүргізе отыру барысында байқадық.

Интернет-ресурстың болуы – қажеттілік. Сайт – әр мекеменің бет-бейнесі, сауаттылықтың айнасы, мәлімдеме жасау мүмкіндігі, ақпарат тарату құралы, жарнаманың арзан, бірақ тиімді әдісі, тұтынушылармен өзара әрекеттесу жолы. Осының ішінде біз үшін маңыздысы – ақпаратты тарату сауаттылығы, әсіресе мемлекеттік тілдегі материалдардың сауатты, мәдениеті жазылуы. Себебі сайттардағы мемлекеттік тілдегі материалдар – қазақ тілінің мәдениетін, әдеби нормасын, сауаттылығын, тілдің құндылығын насихаттайды, жарнамалайды.

Қазақ тілінің мәдениетін арттыратын негізгі белгі - тілдің тазалығы, сауаттылығы.

Сайттағы ақпарат мәтініне қойылатын талаптар: мәтін сауатты және ұқыпты түрде жазылуы керек;  егер мәтін үлкен болса, оны бірнеше веб-беттерге бөлу  керек; құжаттың негізгі мәні браузердің  бірінші экранында түсінікті болуы керек; қайталанатын сөздер болмау керек; мәтін тақырыбы әсерлі болу керек. Ақпарат порталына тек ақпарат жанрында ғана материал салыну керек деген қатып қалған қағида жоқ. Сайтқа түрлі жанрда материал салуға болады. Тек көлеміне аса мән берілсе болды.

Сайттардағы қазақ тілді мәтіндерде кездесетін ортақ кемшіліктер төмендегідей:

  • «Мекенжай» сөзін бөлек жазуы (мекен-жай), «педагог» сөзіне қосымшаны дұрыс жалғамауы (педагогтар), «дирижер», «дуаль» сөзіне қосымшаны жуан жалғауы, сонымен қатар ақпаратқа тақырып қою ережесі, әріптік қателер, жалқы есім мен кірме сөздерге қосымша жалғауда және бастауыш пен бастауыш арасында сызықша қоюда қателер кездеседі. Мысалы: Балалар жылы аясында Көктал орта мектбінде 2022 жылдың қыркүйек айында мектеп инспекторы полиция мойоры Д. Кокишевтың қатысуымен, 8-11 сынып оқушылар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Дұрысы: Көктал орта мектебінде 2022 жылдың қыркүйек айында мектеп инспекторы, полиция майоры Д. Кокишевтің қатысуымен 8-11 сынып оқушылар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында түсіндірме жұмыстары жүргізілді; «Мектеп тарихы» бөліміндегі мәтінде: Мектеп-лицей сан жылдар бойы мыңдаған ұрпақты білім нәрімен сусындатып келе жатқан облысқа, республикаға танымал іргелі білім ордасы. Бала өміріңнің жалғасы, ертеңгі жарқын болашақтың ел мен жердің иесі. Шын мәніндегі педагогтардың ерекшелігі-өзінің барлық білімін ғылыми-зерттеу тәжірибесін түгелімен шәкірттеріне беру.
  • Дефис қою тәртібі сақталмаған: Рим санынан кейін дефис қойылмайды. Мысалы: 2019 жылдың 16 сәуір күні бастауыш 3-сынып оқушылары арасында өткізілген аудандық " Тілдің мерейі - елдің мерейі" "Тілім-тірегім, соғып тұрған жүрегім" мәнерлеп оқу байқауынан Бауыржан Момышұлы мектеп-гимназиясының 3 "А" білім алушысы Орынбасар Мұхамедәлі ІІ - орын иеленді. Дұрысы: ІІ орын немесе 2-орын; «Кез келген» тіркескен сөзін қос сөзі етіп жазған, «алғысхат» біріккен сөзін, бөлек жазған. Сонымен қатар «әз» сөзінен кейін дефис қойылмайды. Бірақ ақпарат порталдардың көпшілігінде «Әз Наурыз» деп жазудың орнына «Әз-Наурыз» деп қате жазады.
  • «Әл» артиклі сөйлем ортасында келсе, кіші әріппен, сөйлем басында келсе ғана бас әріппен жазылады. Ол толық мағыналы сөз емес, түбір сөзге қосымша мән беретін артикл. Мысалы: Былтыр ғалым, әлемнің екінші ұстазы атанған Әл-Фарабидің мерейтойы аталып өтілді. Дұрысы -  Былтыр ғалым, әлемнің екінші ұстазы атанған әл-Фарабидың мерейтойы аталып өтілді.
  • Жоғары лауазымды қызмет атаулары бас әріппен жазылуы тиіс, бірақ сайтта олар кіші әріппен берілген: Мәселен, тұңғыш президент емес, Тұңғыш Президент.
  • Жалпылама сөздер кіші әріппен жазылады. Мысалы: Шығыс Қазақстан Университеті. Мұндағы «университет» сөзі жалпы жоғары оқу орны дегенді білдіретін жалпылама сөз. Кіші әріппен жазылу керек.
  • Денсаулық сақтау мекемелерінің сайттарында ақпараттар сауатсыз жазылған. Сөйлем құрылымы үйлеспейді, мазмұны түсініксіз. Мысалы: Казирги уакытта медицина ауырдын алды-алу манызды. 
    Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтын 2022 жылды - Балалар жылы деп жарялаған белгі. 
    Орайда аралар балаларды профилактикалық тексеруге 1 136,3 млн теңге бөлінді.

Қазір тұтынушыға тиімді ақпаратты – сайттар береді. Сондықтан сайттардағы тіл сауаттылығын дамытуымыз керек. Сайттың тілі - бұл қалың жұртшылықтың тіл тазалығы мен мәдениетін арттыруға тікелей ықпал ететін құрал. Сондықтан сайттың тілінінің даму үрдісін жүйелі түрде қадағалап отыру, кемшіліктерді түзету, тіл сауаттылығын жетілдіру маңызды.

Иманмырзаева Асел Досмаханбетовна,

 М.А.Пушкин атындағы №41 көпсалалы гимназия мұғалімі,

филология магистрі, педагог-шебер

Прочитано 104 раз
Top