«Менделеев сыныбы» түлектеріне сертификаттар табыс етілді

М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде «Менделеев сыныптары» жобасының 10-11 сынып бітірушілеріне сертификат табыстау рәсімінің салтанатты жиыны өтті.

Дулати университетінде ұйымдастырылған шараға білім саласының жергілікті атқарушы орган өкілдері, Д.И. Менделеев атындағы РХТУ, «Қазфосфат» ЖШС қызметкерлері, қала мектептерінің химия мұғалімдері, оқушылар мен ата-аналар, сондай-ақ Дулати университетінің оқытушылары мен студенттері қатысты.

2023 жылдың 2-қазаны мен 2024 жылдың 24-мамыр аралығында Тараз қаласындағы 10 және 11 сыныптардың 22 оқушысына Д.И. Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университеті мен Дулати университетінің оқытушылары дәріс берді. Бүгінде 22 оқушы аталмыш жоба аясында оқуын тәмамдап, химия-математика бағытында терең білім алды.

Салтанатты шарада Дулати университетінің Басқарма мүшесі – стратегиялық даму және интернационалдандыру жөніндегі проректор Шолпан Есімова құттықтау сөзін алды. Ол өз сөзінде химия өнеркәсібінде білікті кадрлардың жетіспейтінін атап өтті. Бүгінде химия өнеркәсібінде нақты жобаларды жүзеге асыру үшін әртүрлі біліктілігі бар 15 мыңнан астам қызметкер қажет. Оның ішінде 3 мыңнан астам жоғары білімді, 2 мыңнан астам орта техникалық білімі бар және кәсіптік білімі бар жұмысшылар керек. «Қазфосфат» зауыты өндірісінің ұлғаюына байланысты бүгінгі таңда 4000-ға жуық маман қажеттілігі туындап отыр. Осыған байланысты университетіміздің алдында Қазақстан Республикасының химия өнеркәсібі үшін мамандарды даярлауды жандандыру бойынша ауқымды міндеттер тұр. Шолпан Алтынбекқызы өз сөзінде   стратегиялық серіктестер – «Қазфосфат» және Д.И. Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университетімен бірлесіп олқылықтың орнын толтыру бағытында қолға алынған жұмыстар өз жемісін беретініне сенім білдірді. Жоба аясында білім алған оқушыларды құттықтап, «Менделеев сыныбының» түлектеріне сәттілік тіледі.

Д.И. Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университетінің ректоры м.а. Илья Воротынцев видео-жолдау арқылы түлектерді құттықтап, жылы лебізін білдірді. Сондай-ақ, «Менделеев сыныбы» жобасы жыл сайын өз жалғасын табатынын айтты.

«Казфосфат» ЖШС Персоналмен жұмыс жасау департаментінің директоры Қайрат Болатов түлектерді жобаны сәтті аяқтауымен құттықтады. Химия саласы мамандарын мектеп табалдырығынан бастап даярлау жақсы бастама екенін айтып, оқушыларды әрі қарай ізденуге, терең білім алуға шақырды. Бүгінгі таңда «Казфосфат» зауытына білікті кадр қажет екенін айтып, болашақта «Менделеев сыныбы» түлектері білікті маман атанарына сенім білдірді.

Салтанатты жиында Академиялық жұмыс жөніндегі департамент директорының м.а. Сәуле Әлімбаева, «Казфосфат» ЖШС Персоналмен жұмыс жасау департаментінің директоры Қайрат Болатов және Стратегиялық даму және интернационалдандыру жөніндегі проректор Шолпан Есімова «Менделеев сыныбы» жобасының түлектеріне сертификаттар, ата-аналарына алғысхат табыс етті.

«Менделеев сыныптары» - «Казфосфат» ЖШС қолдауымен жүзеге асқан Д.И. Менделеев атындағы РХТУ мен Дулати университетінің қала мектептерінің 10-11 сынып оқушыларына арналған білім беру жобасы. Жобаның негізгі мақсаты – облыс жастары арасында химия және инженерлік мамандықтардың беделін арттыру және жаратылыстану пәндерін тереңдетіп оқыту жүйесін ұйымдастыру, сондай-ақ химия-математика пәндерін оқыту деңгейін жоғарылату. Менделеев сыныптарын бітіргеннен кейін түлектер Дулати университеті мен Д.И. Менделеев атындағы РХТУ-да химия-технологиялық бағытта сапалы білім алуға мүмкіндігі бар.

менделеев1111

менделлев22222

менделеев3333ъ

менделеев4444

 

 

Прочитано 543 раз
Top